Жаңалықтар

«Бұл менің отандастарымның Қазақстандағы кішкентай Отаны іспетті»

«Бұл менің отандастарымның Қазақстандағы кішкентай Отаны іспетті»
02.02.2015 05:43 7561

«Бұл менің отандастарымның Қазақстандағы кішкентай Отаны іспетті»

Қазақстандағы тұрып жатқан тәжіктер диаспорасы үлкен. Оларға қазақ жеру туған үйіндей болып кетті. жалпы Республикада тоғыз тәжік мәдени орталығы бар. Олар Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысында, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында ұйымдастырылған. Олардың барлығы 2003 жылы ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қазақстандық тәжік мәдени-қоғамдық бірлестіктерінің «Сомониён» ассоциациясы болып бірігіп тіркелді.

1994 жылдың 19 ақпанында Оңтүстік Қазақстан облысында марқұм Жахонгир Давроновтың тікелей күшімен «Пандж» атты тәжік ұлттық мәдени орталығы алғаш ашылған болатын. Мақтаарал ауданының басшылары тәжік орталығына әртүрлі жиындар мен көмек қорлары үшін 38 гектар жер бөліп берген еді. Жахонгир Давронов Қазақстан халқы Ассамблеясының және Жоғары кеңесінің мүшесі болды. Бүгінде «Пандж» тәжік орталығын Акабай Худойкулов басқарады.

            Қазіргі кезде Сарыағаш ауданындағы Тәжік мәдени орталығын Урунбай Эсенбоев, Шымкент қаласындағы тәжік мәдени орталығын Рахимходжа Фазиев, Жамбыл облысында Арифов Махкам, Алматы қаласында «Авицена» орталығын Бекпулат Ташпулатов, Астана қаласында Зафар Рахманбеков, Қостанай қаласында Эргашбай Холматов, Петропавл қаласындағыны Яхехаджа Исмаилов басқарады.

Эргашбай Холматов, Саидмурод Шарифов, Яхехаджа Исмаилов, Махкам Орифов, Акабай Худойкулов Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Елов Махмуд әлемдік парсытілдес және тәжік ассоциациясы Жоғары Кеңесінің мүшесі болып сайланды.

Урунбай Эсенбоев, Бекпулат, Тошпулатовтар да «Пайванд» кеңесінің мүшелері.

Осы сияқты Қазақстанда туып, еңбегі сіңіп, аты шыққан тәжіктер:

Діндар ғалым Исмаил Абдуллоев  1889 жылы Таулы Мачин ауданындағы Арсавид ауылында туған. 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының Жантақсан ауылына қоныстанған. Оның тікелей ұйымдастыруымен осы ауылда сегіз жылдық мектеп ашылды.

Назарбек Сафаров 1919 жылы Жазақ облысының Парашт ауылында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1943 жылы Мақтаарал ауданына қоныстанады. Мақта өсірудің асқан шебері. Осы еңбегі үшін Ол Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Мақтаарал ауданының 40 жылдығына орай оның бір бөлімшесін сол кісінің құрметіне «Назарбек» деп атады.

Абубакр Мухамадов – Мақтаарал ауданында туып өскен. Экономика ғылымдарының кандидаты. Гулистан Мемлекеттік университетінің доценті. Экономика саласына арналып жазылған көптеген кітаптар мен мақалалардың авторы.

Жахангир Давронов – көзі тірісінде Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің директор болды. 1967 жылы оның еңбегінің арқасында осы мектепте оқу тәжік тілінде өткізілді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы «Пандж» ұлттық мәдени орталығының негізін қалаушы, бірінші төрағасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, Әлем тәжіктері мен парсытілділер ассоциациясының Жоғары кеңесі өкілі болды.

Аманбай Кушаров – 1946 жылы 20 қазанда Мақтаарал ауданында туған. Экономист. 2003 жылы 16 қазанда «Пандж» тәжік ұлттық мәдени орталығының орынбасары болып сайланды. Ол – тәжік тілінде жүргізілетін сыныптарды ұйымдастырушылардың бірі.

Норбиби Хаджиева – 1953 жылы Жетісу ауданының Ленин кеңшарында туған. Экономист. «Акалтин» ЖШС директоры. «Абдурахман Жами» атындағы орта мектебінің қамқоршысы.

Исмаилов Яхияхожа Абдуллоевич – 1962 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан Облысының Мақтаарал ауданында туған. Қазақстан мұсылмандары басқармасының өкілі ретінде Жезқазған облысында 15 жыл қызмет етті. Үш рет қасиетті Мекке мен Мединаға құлшылық етуге барған. Сондай-ақ Қарағанды облысында «Сомониён» тәжік облыстық мәдени орталығын бірінші ұйымдастырған және оның төрағасы болған. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан халықтары Ассамблеясы» медальдарымен марапатталған.

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Ильдаров Пулат Шарифович – 1971 жылдан Алматы қаласында тұрады. Қазақстанның халық әртістері Т.Жаманқұлов, Д.Жолжақсынов, М.Өтекешоваларды шеберлікке баулып оқытты. Оның шәкірттерінің ішінде Қазақстанға еңбек сіңірген әртіс, атақты әнші Роза Рымбаева да бар. Оның «Аршин–Малалан», «Хатума», «Золушка», «Алдар көсе», Скрипач на крыше» және т.б. спектакльдері бар.

Белгілі ирантанушы, әдебиеттанушы, Қазақстан Республикасындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Абдулло Сафар – Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиетінің інжу-маржаны атанған «Қаракөз», «Абай», «Көксерек» шығармаларын парсы тілді оқырманға алғаш таныстырған аудармашы. Ол: «Соңғы 16 жыл бойы Алматыда тұрып, еңбек етіп келемін. Шындығын айтсам, бұл қалаға нағыз махаббатым оянды. Жер шарындағы әсем қаланың бірі. Мұны туған қаламдай көремін» – дейді.

Жеке кәсіпкер, «Сомониён» (2003-2008) тәжік мәдени-қоғамдық ассоциациясының төрағасы Шарифов Саидмурод: «Ассоциация 2003 жылдың ақпан айында тіркелді. Бұл менің отандастарымның Қазақстандағы кішкентай Отаны іспетті. Ассоциация қызметі Қазақстандағы өкілдерінің туған тілін, мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын,өзіндік ерекшеліктерін сақтауына бағытталған. Сонымен бірге бай Тәжік мәдениетін қазақстандықтарға таныстыру болып табылады».

Халиков Хикматулло – спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ЦСКА спорт клубының дзюдодан бас жаттықтырушысы.

Мақтаарал ауданындағы жеке кәсіпкер Елов Махмуд Нұрұлы – «Ынтымақ» акционерлік қоғамдық ұйымының вице-президенті, Әлем тәжіктері мен парсытілділер ассоциациясының Жоғары кеңесінің мүшесі.

Бұлардың қатарын мына тізім де толықтырады: Усманов Миразиз Амакович, Туркбенбаева Дильбар Дадохановна, Парвиз Назаров, Аминов Юсуфжан, Орифов Махкам Жұманазарұлы, Шоалиев Зикрилла, Насридинов Тошпулод, Ибрагимов Исроил, Бердиев Артық, Хасанов Абдурахман Хасанбайұлы, Акрамов Юсуфбек, Исоматов Юсуфахмад, Худойкулов Акабай, Абдуллоев Акобай, Эсенбоев Урунбой, Насилдинов Хонкелди, Норматов Хикматулло, Урмонов Маматали, Раджадматов Ризомат, Эргашев Ашурали, Самадов Холмат, Солметов Муфтулло, Исомбердиев Тухмамурод, Боборахимов Мирзокарим, Шоалиев Нурали, Уромонов Мамадазим, Асроридинов Муфтулло, Исаметов Таджибай, Тугашев Насрулло, Шоалиева Матлуба, Амони Насибджан, Холматов Эргашбой, Файзиев Рахимходжа, Юсуфов Сайфулло, Ташпулатов Бекпулат және т.б.

«Қазақстан – ең интернационалды ел. Мұнда жүзден астам елдің ұлт өкілдері тұрады. Менің ойымша, Қазақстанның күші де осында жатқан сияқты. Мен үшін Қазақстан – екінші үйім. Осында мен үйлендім, балаларым туып, өсті. Бұл елмен менің өмірімнің ең жарқын жақтары байланысты. Қазақстанда ғана мен танымал, қалыптасқан әнші болдым. Сол үшін де, мен екінші Отанымды құрметтеймін, ризамын», – дейді елімізге танымал тәжіктің белгілі әншісі Парвиз Назаров.

Иә, шынында да бірлігі жарасқан ел Қазақстан – көп ұлттың екінші Отаны, екінші үйі.

   


Гүлмира Бисенова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға