Жаңалықтар

Бүгін Мәскеудегі Астана күндері басталды

Мәдени мұра
21.09.2016 04:14 4872

Бүгін Мәскеуде Астананың мәдениет күндері басталды. Ресейліктер қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысады. Мәдени шара қыркүйектің 19-20 күндері өтпек.

Бүгін Мәскеудегі Астана күндері басталды

Мәдениет күндері аясында өтетін басты шаралардың бірі этноауыл экспозициясы болмақ, онда ежелгі көшпелілердің тұрмыстық атрибуттары көпшілік назарына ұсынылды. Ауыл әлемдегі ірі экспозициялық алаң – Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде қанатын жайды. Мұнда бірнеше тақырыптық киіз үйлер тігілді – «Ақ Орда», «Аңшының үйі», «Шеберлердің киіз үйі», «Қолөнершілер шеберханасы» және т.б.

Сондай-ақ, этноауылға келушілер киіз үй құрастыруға қатысуына болады. Ұлттық тағамдар мен дәстүрлі сусындар – қымыз бен шұбаттан ауыз тиеді. Елордалық фольклорлық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салса, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өз еңбектерін көрме жәрмеңкеде ұсынатын болады. Қолөнершілер жүн мен саздан түрлі бұйымдар, ұлттық нақыштағы әшекейлер жасайды.

Бүгін Мәскеудегі Астана күндері басталды 

Сонымен қатар, этноауыл аумағында «ЭКСПО-2017» павильоны ашылды. Қонақтарды алып батырлар мен ұлттық киім киген қыздар қарсы алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл нағыз қазақ ауылының атмосферасын қалыптастырады. Экспозиция сағат 10:00-22:00 аралығында жұмыс істейді.

Мұнымен қоса, Мәдениет күндері аясында Мәскеу тұрғындары мен қонақтары қазіргі заманғы қазақстандық кинематографпен де таныса алады. 19 және 20 қыркүйекте «Космос» киноконцерт залында «Жаужүрек мың бала» және «Аманат» фильмдері көрсетіледі.

Бүгін Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Сахна төрінде ҚР халық әртістері Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Майра Мұхамедқызы, «Славянский базар-2015» конкурсының жеңімпазы Димаш Құдайберген,  Бүркіт пен Аиша, «Музарт», «Формат», «Ринго» топтары өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, «Наз» мемлекеттік би театры мен «Шалқыма» халық биі ансамблі, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрі және «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Тұран» эстрадалық-фольклорлық ансамблі және «Серпер» домбырашылар ансамблі өз шеберліктерін ортаға салады.

 Бүгін Мәскеудегі Астана күндері басталды

Сатира кешінде Тұрсынбек Қабатов бастаған үздік қазақстандық әзілкештер мәскеуліктерге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Бұл күні ресейлік «А-Студио» тобы да келушілерді қуантпақ.

Бұдан өзге қыркүйектің 18-20 аралығында Астана мен Мәскеу қалаларының былғары қолғап шеберлері өзара күш сынасатынын естеріңізге сала кетейік. Елорда құрамасынан жарысқа 16 спортшы қатысуда.

20 қыркүйекте сағат 19:00 Ресейдің ірі мәдени орталығы – Мәскеу халықаралық Музыка үйінің сахнасында М. Горький атындағы академиялық орыс драма театрының Болат Жандарбековтың «Сақтар» романының желісімен дайындалған «Томирис – Сақ патшайымы» қойылымы көрсетіледі.

Бүгін Мәскеудегі Астана күндері басталды

Бұл күні Мәскеуде үздік қазақстандық суретшілер мен мүсіншілердің еңбектері қойылған «Жусан иісі» атты бейнелеу өнері көрмесі ашылады. Экспозиция Нью-Йорк, Берлин және Бейжің сияқты ірі қалаларда өткізіліп, жергілікті мамандар мен өнерді бағалаушылар арасында үлкен жетістікке қол жеткізген. Мәскеу суретшілер одағының көрме залында көпшілік назарына ұсынылатын туындылар көрмесі 2 қазанға дейін жалғасады.


Материалды әзірлеген Тұмар АСЫЛ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға