Жаңалықтар

Бүгін дүниежүзілік ішек қабыну ауруларымен күрес күні

Гастроэнтеролог маман не дейді?
Бүгін дүниежүзілік ішек қабыну ауруларымен күрес күні
19.05.2020 17:11 5971

Дүниежүзілік гастроэнтерологтар ассоциациясы әлемнің 30-дан астам елінің емделушілер ассоциациясының ұсынысымен 19 мамырды ішек қабыну ауруларымен (ІҚА) күрес күні деп бекіткен. ІҚА бүгінде қатерлі дертке айналып отыр. Еуропа елдерінде күн сайын шамамен үш миллион адамға аталған аурудың диагнозы қойылады екен. Олардың арасында балалар да бар. Біз дүниежүзілік ішек қабыну ауруларымен күрес күніне орай, Нұр-Сұлтан қаласының бас гастроэнтерологы, «GHTG Astana» орталығының президенті Күлпаш Қалиасқаровадан ішек қабыну аурулары туралы толығырақ мәлімет беруін сұрадық.

74af43cf-7e59-455f-91d4-5d45d6da1177.jpg

2019 жылғы эпидемиологиялық зеpттеy деpектеpiне сәйкес, Қазақстанда Кpон аypyының таpалyы 100 мың тұpғынға шаққанда 35,8 жағдайды, ойық жаpалы колит – 100 мың тұpғынға шаққанда 91,5 жағдайды құpайды. Алайда, бұл статистика толық емес, себебi көптеген пациенттеp аталмыш аypyлаp бойынша мамандаpға қаpалмайды. Тиiсiнше адамдаp медициналық көмекке жиi тым кеш келедi, ал бұл жағдайда хиpypгиялық аpаласyдың қажеттiлiгi тyындайды.

ІҚА қандай ауру?

Ішектің қабыну аурулары (ІҚА) – бұл асқазан-ішек жолдарының созылмалы қабыну және жиі үдемелі ауруларының тобы, олардың арасында Крон ауруы мен ойық жара колиті бар. Крон ауруы асқазан-ішек жолының кез келген бөлігін, бірақ көбінесе аш ішектің аяқталар және тоқ ішектің басталар жерін зақымдайды. Ойық жаралы колит тоқ ішектің шырышты қабығына зиян келтіріп, қабыну салдарынан қан кететін жаралар пайда болады. Ішектің қабыну аурулары ішек иммунитетінің бұзылуынан пайда болып, қоршаған ортаның жағымсыз факторларына ішек микрофлорасының генетикалық бейімділігі кезінде дамиды. Таралу ауқымы жүз мың адамға 21-ден 268-ге дейін барады. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ал жыл сайынғы өсім жүз мың адамға шаққанда 5-20 аралығын қамтиды. Бұл статистикаға диагностика мөлшері де әсер етеді. Яғни, бұл тек қаралып, емделген адамдарға ғана негізделген сандар. Осы себепті біз Қазақстандағы ауыратын жандардың нақты санын айта алмаймыз. Сонымен қатар, статистика да жыл сайын өзгеріп тұратынын ескергеніміз жөн. Ал қазіргі қолда бар мәлімет бойынша елімізде екі жүз мыңға жуық ішек қабыну ауруларымен емделуші бар.

434afabe-ed7d-4db1-a265-3ccb94ad197f.jpg

Емделушілердің жас мөлшері

Ішек қабыну аурулары кез келген жаста көрінуі мүмкін. Ойық жаралы колит бір жасқа дейін, ал Крон ауруы көбінесе төрт жастан кейін кездесе береді. Сондықтан педиатрлар бала ауруының симптомдарына өте мұқият болуы керек, өйткені ІҚА жеңіл түрлері тек температураның көтерілуімен, іштің ауруымен, зәр шығарудың тұрақсыздығымен байқалады. Ал статистика бойынша ішек қабыну аурулары жастар мен жұмыс істеуге қабілетті азаматтарда жиі кездесетіндіктен, әлеуметтік маңызы бар мәселе болып тұр. Қазіргі таңда ауыратындар арасынан жиырма-отыз жастағылар ең жоғары көрсеткішке ие. Аурудың алғашқы пайда болу шыңы он төрт пен жиырма төрт жас аралығына сәйкес келсе, екінші қайта көріну шыңы елу-жетпіс жаста белгіленеді. Алайда соңғы топта ишемиялық колит жағдайымен араласып көрініс табуы ықтимал. Сонымен қатар, ішектің қабыну аурулары қоғамдағы тұрмыстық жағдайдың төмендігін айқындап беріп отыр. Бұл өз кезегінде аурудың созылмалы түрге өтуіне өз ықпалын тигізеді.

Ауруды анықтау және емдеу

Өкінішке қарай, ауруды тез анықтаудың нақты симптомдары жоқ. Мысалы, емделуші дәрігерге келіп, шағымданып, сырқат белгілерін көрсеткен жағдайда, бірден «сіз ішек қабыну ауруымен ауырасыз» деп айтып бере алмайды. Яғни бұл өте жасырынған түрдегі кесел.

Әрине, кез келген өзін сыйлайтын маман нәжістегі қан сияқты симптомдары бар емделушіні назардан тыс қалдырмай, оны қосымша тексеруге жібереді. Сонымен қатар, Крон ауруы және ойық жаралы колит артрит, түйіндік эритема, көздің зақымдануы және т.б. сияқты сыртқы көріністі аурулар арқылы өтеді. Егер бұл жағдайда іштің ауруы байқалса, мұндай науқасқа ІҚА диагнозы қойылуы мүмкін. Эндокриндік патологиялар болмаған кезде балаларда дене бітімінің өспеуі және дамуының артта қалуы да Крон ауруы деген ойды тудырады.

f73e0fbb-1a87-48b3-82e2-a1c17acaf237.png

Бүгінгі таңда заманауи медицина ғылыми түрде даму үстінде. Ішек қабыну ауруларын емдеу үшін де медицина ең қарапайым емдеу тәсілдерімен қатар, жоғары генетика-инженерлік технологиялармен емдеуді ұсынып жатыр. Егер емделуді дер кезінде бастап, емнің ережелерін қатаң сақтаған жағдайда бұл ауруды бақылауда ұстауға болады.

Ең алдымен, науқастарға диареяны және ішектің қабыну процестерін тоқтатуға бағытталған диетотерапия қажет. Онда тағам рационынан сүт және сүт өнімдері алынып тасталады, сондай-ақ, жаңа піскен көкөністер мен жемістер, құрамында глютені бар өнімдер шектеледі. Қосымша ішектің шырышты қабығын емдеу үшін арнайы ішек арқылы қоректендіреді, ол науқастың салмақ жинауына көмектеседі. Диагноз қойылғаннан кейін емдеуге 5-аминосалицил қышқылы бар дәрілер, гормонотерапия, цитостатика, биологиялық терапия қолданылады. Бірақ, әрине, дәрігердің әр науқасқа жеке емдеу тәсілін пайдаланатынын ұмытпағанымыз жөн.

Ал керісінше, диагнозы анықталғанмен де, бұған аса қатты мән бермей, дәрігер нұсқаулығын орындамаса ауру асқынып, қауіпті дертке айналады. Бұл өз кезегінде ішек жолдарымен бірге, бауыр, буын, көз, тері ауруына апарады. Қажетті ем қабылданбағаннан кейін ішек жолдарында қан кетіп, ота жасауға тура келеді. Ота жасау қажеттілігі ойық жаралы колитте 20-30%, ал Крон ауруында 50%-ды құрайды. Сонымен қатар, ауру асқынған жағдайда өлімге әкеп соғады. Аталған дерт иммундық ауру болғандықтан, өлім де иммундық жүйенің бақылаудан шығып кетуінен туындайды. Кейде хирургтарға емделушіні құтқару үшін оның ішегін мүлде алып тастауына тура келеді. Дұрыс емделген жағдайда мұндай асқындыруға жол берілмейді. Егер адамда ішек-қабыну аурулары анықталмаған болса, онда оған салауатты өмір салтын жүргізуге кеңес береміз. Ал емделуші аурудың бетін қайтару сатысында болса, онда ол қатаң түрде диета сақтап, ішекке қайта инфекция түсуден сақтанып, ауыр физикалық жұмыстардан, климаттық аймақтардың күрт ауысуынан, сондай-ақ вирусқа қарсы және иммуномодуляциялық препараттарды, қоспаларды қабылдаудан аулақ болуы керек. Осы қарапайым ғана шаралардың барлығы аурудың қайтадан бас көтермеуіне және оның асқынуына жол бермеуге көмектеседі. Ал ауру жалпы туындамасын, дамымасын десек, өз денсаулығымызды күтіп, дұрыс тамақтанып, әр тағамды таңдап жегеніміз абзал. Дұрыс тамақтанудың да ешқандай құпиясы жоқ. Бұзылмаған азық-түлік, жеміс-жидектер, ет тағамдары, оның ішінде балық, тауық еті, сүт тағамдары: бәрі де өз мөлшерімен жегенде пайдалы болмақ. Ал фаст-фудтар, қуырылған тағамдар, газдалған сусындар, түрлі синтетикалық қаптамадағы витаминдер, тағам қоспалары ішектің бірден-бір жауы. Сонымен қатар, уақытымен ұйықтап, демалуды, таза ауада серуендеуді де ұмытпаған жөн.

ІҚА емдейтін мамандар

Қазір Қазақстанның әр қалалық емханасында кез келген іш-құрылыс ауруларын қарайтын профильдік мамандар, гастроэнтерологтар бар. Атап айтқанда, ішіңіз ауырса, ас қорыту жағдайы бұзылса, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз бірден мамандарға жүгінген жөн. Біздің отандық гастроэнтеролог, эндоскопист, хирург-проктолог, патоморфолог дәрігерлердің бұл жағдайда жоғары деңгейде бар мүмкіншілік туғызып, көмектесе алатынына сенемін.

Ішек қабыну ауруларының диагностикасы қазір жалпыға қол жетімді. Ол, мысалы, ішектің тарылуы, қабығының қалыңдауы, ағзалардың қанауы және т. б. көруге мүмкіндік беретін ультрадыбыстық зерттеуді (УДЗ) қамтиды. Негізгі эндоскопиялық зерттеу колоноскопия және биопсия алу арқылы ректороманоскопия жасау болып саналады. Сонымен бірге, рентгенологиялық әдістер, магнитті-резонансты томография (МРТ), компьютерлік томография қолданылады. Зерттеудің заманауи әдісіне көрсеткіштер бойынша жүргізілетін бейнекапсулды эндоскопия жатады. Ішектің қабыну аурулары сыртқы көріністермен қатар жүруі мүмкін болғандықтан, біз аралас мамандық иелері - окулистерді, ревматологтарды, дерматологтардың көмегін пайдаланамыз.

Сондай-ақ, елімізде гастроэнтеролог дәрігерлер ассоциациясы, ІҚА емделушілер ассоциациясы бар. Олар түрлі әлемдік тәжірибелерден хабардар және жыл сайын өз біліктіліктерін шыңдап отырған жандар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға