Азиада-2026: баскетболшылар топтық кезеңнен өте алмады

Азиада-2026: баскетболшылар топтық кезеңнен өте алмады
Фото: ҰОК

Баскетболдан Қазақстан құрамасы Азия ойындарының топтық кезеңінде соңғы орын алды. 

Қазақстан ерлер құрамасы Аichi-Nagoya 2026 Азия ойындарындағы баскетбол турнирін аяқтады. Ұлттық команда С тобындағы үш матчтың үшеуінде де жеңіліп, төртінші орын алды. Ұлттық құрама топтық кезеңдегі алғашқы матчында Қытайдан 61:99 есебімен жеңілді. Кейін Филиппинге 78:109 есебімен жол берді. Ал 14 қыркүйекте Бахрейннен 78:101 есебімен жеңіліп, С тобында төртінші орынға тұрақтады.Осылайша Қазақстан үш матчта 0 жеңіс, 3 жеңіліс көрсетіп, ширек финалға шыға алмады.

Топтық кезеңге барлығы қанша команда қатысты?

Топтық кезеңге 12 құрама қатысты. Олар төрт командадан үш топқа бөлінді. Бұл құрамдардың тізімі жарыстың ұйымдастырушылары жариялаған ресми жеребе нәтижесімен бекітілген. 

А тобы:

  • Оңтүстік Корея
  • Жапония
  • Сауд Арабиясы
  • Индонезия

В тобы:

  • Иран
  • Иордания
  • Қытайлық Тайбэй
  • Катар

С тобы:

  • Қытай
  • Филиппин
  •  Бахрейн
  • Қазақстан 

Әр команда топтағы үш қарсыласымен бір реттен ойнады. Қазақстан үш ойыннан кейін 0-3 көрсеткішпен соңғы орынға жайғасты. Ал топтағы негізгі фаворит Қытай алғашқы екі ойында Қазақстанды 99:61, Бахрейнді 105:59 есебімен жеңіп, соңғы турға дейін-ақ ширек финалға жолдама алған еді. Филиппин болса алғашқы матчта Бахрейнге 85:89 есебімен жеңіліп, кейін Қазақстанды 109:78 ұтты. Ал Бахрейн Филиппинді 89:85 есебімен жеңіп, Қытайдан 59:105 есебімен ұтылды. Қазақстанды жеңгеннен кейін Бахрейннің көрсеткіші 2-1 болды. 

Ширек финалға кімдер өтті?

Турнирдің ережесі бойынша үш топтың әрқайсысындағы алғашқы екі команда автоматты түрде ширек финалға өтті. Оларға қоса, үш топтағы үшінші орын алған құрамалардың ішінен нәтижесі үздік екі команда да үздік сегіздікке қосылды. 

Топтық кезең аяқталғаннан кейін ширек финалға шыққан сегіз команда:

А тобы

  • Оңтүстік Корея – 1 орын
  • Жапония – 2 орын

Корея үш матчтың бәрінде жеңіске жетіп, топ көшін бастады. Жапония Кореядан 83:100 есебімен жеңілгенімен, екі жеңіспен екінші орын алды. 

В тобы

  • Иран – 1 орын
  • Қытайлық Тайбэй – 2 орын

Екі құрама да 2 жеңіс, 1 жеңіліс көрсетті. Ал Иордания мен Катар 1-2 көрсеткішімен топта үшінші және төртінші орындарға қалды.

С тобы

  • Қытай – 1 орын
  •  Бахрейн – 2 орын

Қытай соңғы матчта Филиппинді 105:61 есебімен ойсырата жеңіп, үш матчта үш жеңіспен топтың бірінші орнын алды. Ал Филиппин 1-2 көрсеткішімен үшінші орында қалды.

Үш топтағы үшінші орын алған командалар аарсындағы тартыстың нәтижесінде,  Иордания мен Сауд Арабиясы ширек финалға өтті.  Ал Филиппин, Қазақстан, Индонезия және Катар үшін турнир аяқталды. 

Негізгі жарыс қашан?

Қазақстан үшін жарыс аяқталғанымен, Азия ойындарының баскетболдан ерлер арасындағы шешуші кезеңі енді басталады.

16 қыркүйек – ширек финал
18 қыркүйек – жартылай финал
20 қыркүйек – қола жүлде үшін матч және финал. 

Ширек финалдағы төрт матч 10:00, 13:00, 16:00 және 19:20-де Жапония уақытымен өтеді. Ал ерлер арасындағы баскетболдан алтын медаль үшін финал 20 қыркүйекте 19:40-та өтеді. Азия ойындарының баскетболдан жүлдесіне таласатын сегіздік: Қытай, Бахрейн, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран, Қытайлық Тайбэй, Иордания мен Сауд Арабиясы.

Оқи отырыңыз