Жаңалықтар

Қазақстан – достықтың моделі

Қазақстан – достықтың моделі
29.04.2022 15:42 4298

Бірлік бар жерде - тірлік бар. Ауызбіршіліктің арқасында шағын елдер мықты мемлекетке айналса, керісінше алауыздық кезінде жаһанды уысында ұстаған мемлекеттердің тарих сахнасынан түсуіне себеп болды. Экномикасы мықты, халқы тату, халықаралық аренада беделді мемлекетті қалай құруға болады? Бұл сұраққа қазақстанның мемлекет құрудағы моделі жауап бере алады. Бүгін біз Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің ұрпағы қалай өмір сүріп жатқанын баяндайтын боламыз.

Қазақстан – достықтың моделі

«Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжаншыл болады» дейді, - дана халқымыз. Бірлік бүгінгі күннің басты байлығы. Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол. Ендеше ел бірлігі ең асыл қасиет екенін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру әрбір ата-ананың борышы. 130-дан астам ұлт өкілінің басын қосып, ынтымақ пен бірлікті ту еткен мемлекет моделі ретінде қазақстан әлемнің басқа елдеріне үлгі болып отыр.

Иә, Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Тілі басқа, тілегі бір, сан ұлт өкілдерінің ортақ үйіне айналған қара шаңырақтың алтын діңгегі қай уақытта да ауызбірлік пен ынтымақта болған. Бұл күні барлық ұлттар достығы, ынтымағы көрсетіліп, тату-тәтті өмір сүру керектігі кеңінен насихатталады. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетіліп келеді. Осының бәрі тұңғыш елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, жасай білуінің арқасында болып отыр. Шынымен де қазақ елі әр алуан мәдениеттерді бір-бірімен жақындастырды. Қазақстанда жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген көп мәдениетті қоғам қалыптастыру жөнінде үлкен шаруалар атқарылды. Рухани жақындасу өзегі жақсыны жатсынбайтын, жаңашылдықты жатырқамайтын, қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәдениеті екені сөзсіз. Тіл саясатында таразы басын тең ұстап, осы бір күрмеуі қиын күрделі мәселені талас-тартыссыз, дау-дамайсыз, шеше білген аз ғана елдердің бірі де Қазақстан. Еліміздің лингвистикалық байлығы жалпы қазақстандық мәдениетті байытып, көп ұлтты қазақстанның бірлігін нығайта түсетін маңызды факторға айналса, ал ел халқының рухани үйлесімі қазақстандықтардың азаматтық және саяси бірлігін одан сайын нығайтып, мемлекеттің тәуелсіздігін және қоғамымыздың XXl ғасырдағы ынтымақ бірлігінің кепілі болып отыр.

Аннакулиева Гульнар Атаевна, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. Ол 1950 жылы 2 қазанда Түрікменстанда дүниеге келген. 1971 жылы Ашхабад университетінде «өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша экономика факультетін тәмамдаған. Гульнар Атаевна, 25 жыл бойы Қазақ КСР Мемжоспар жанындағы ғылыми-зерттеу экономикалық институтында, Қазақстан Республикасы экономика Министрлігінде жұмыс істеді.Оның көптеген идеялары Қазақстан экономикасына енгізілді, ол кедейлік мәселелері және оны еңсеру мәселелері бойынша Қазақстандағы алғашқы басылымның авторы.

Қазақстан – достықтың моделі

Түрікмен халқы көптеген ғасырлар бойы қазақ халқымен қатар өмір сүргені белгілі. Қазақтар көшпелі өркениет өкілінің рухы мен ділін толық көлемде сақтаған, этнопсихологиялық тұрғыдан алғанда қазақтарға өте жақын және адами жағынан жанашыр деуге толық негіз бар. Қазақтар өзінің ашықтығымен және шыншылдығымен қаншама ұлт өкілдері мен ұлыстарды бір тудың астында тату-тәтті өмір сүруіне барынша жағдай жасап отыр. Мен өзім қазақстанға 1975 жылы қоныс аудрған болатынмын. Міне елу жылға уақыт болды, осы кезең ішінде қазақтардың жаман жағын ешқашан көрмеппін. Қазақ халқы өте бауырмал, сырттан келгендерді құшақ жая қарсы алады. Осы елде өмір сүріп жатқаныма мақтанамын.

«Қазақ халқы қиындыққа мойымайтынын көрсетті. 1932-1933 жылдардағы аштықтан әбден титықтаған халық он жылдан соң ел аумағына заңсыз жер аударылған халықтарды еш нәрсеге қарамастан жатырқамай, құшақ жая қарсы алды»,- дейді Гульнар Атаевна.

Өзімізде жетісіп жүрген жоқпыз демей, жаны ашып, қамқорлық танытты, бауырына басты. Себебі сынаққа түскен жандар өз басынан кешсе ғана түсінеді. Қазақ халқы аштықты да, қайғыны да көрген. Ешкімді алаламай, лек легімен келіп жатқан түрлі ұлт өкілдерін қанатының астына алды. Сондықтан да олар қазір қазақ елін жан жылуын тапқан отаным деп жақсы көреді»,- дейді Гульнар ханым.

Ал, осыдан отыз жыл бұрын сарапшылардың көңілін күпті еткен де елдегі көп ұлттылық болатын. Балқан түбегіндегі жағдайдың кебін киеді деп айтқандары да жасырын емес. Тілі де, болмысы да бөлек халықтар бір-бірімен тіл табысып жарасып кете алмайды, бұлар дүрдараздықтан көз ашпайды деп кесіп айтқан. Бірақ шаңырақ иелері ынтымақ пен ауызбіршіліктің маңызды екенін басқалардың санасына да сіңіре білді.

Иә, шыны керек кеңес үкіметі құлағаннан кейін, Қазақстанның болашағы бұлыңғыр, саяси картадан біраз уақыттан кейін жоғалып кетеді деген жағымсыз пікірлер көп айтылды. Өйткені жүзден астам ұлтты жұмған жұдырықтай ұстап тұру мүмкін емес секілді болып көрінді. Бұлардың арасында міндетті түрде қақтығыс болады, күрделі саяси жағдайларға апарып тірейді деп айтқандар да аз болмады. Дегенмен ширек ғасырдан кейін, олардың болжамы, күмәні расталмады. Биліктің мықты саясатының арқасында, ұлтаралық дүрдараздықтан дін аманбыз. Керісінше одан сайын жұмыла жақындай түстік десе болады. Қазақстан аумағындағы тілдерге деген құрмет саясаты оң нәтижесін беріп келеді. Алдағы уақытта да тек бірлік болып, тыныштық болса екен деп тілейміз, - дейді Гульнар Атаевна.

Ал, екінші кейіпкеріміз Богдан Петров. Қазіргі таңда Astana IT University, журналистика пәнінің оқытушысы. Жас та болса бас болып жүрген азаматтың жасап жүрген жұмыстары ерен. «Қазақ тіліне деген қызығушылығым болашақ мамандығымды таңдауыма да сеп болды,- дейді Богдан мырза.

Қазақстан – достықтың моделі

Қазақ тіліне деген қызығушылық балалық шақтан пайда болды десем қателеспеймін. Себебі сол уақытта "Егемен Қазақстан", "Солтүстік Қазақстан" секілді газеттерді үйге алып, үзбей оқитынмын. Ондағы қазақ тіліндегі мақалаларды бар ынта жігеріммен, қызығушылықпен оқыдым. Мектепте орысша білім алсам да, кітап, газет оқуымның нәтижесінде қазақ тілінде еркін сөйлей алатын болдым. Өзім Солтүстік Қазақстан облысынан боламын. Аққайың ауданындағы Трудовое ауылында дүниеге келдім. Менің анам-қазақ, әкем-орыс. Бірақ тағдырдың жазғанымен олар ажырасып кеткен. Нағашылардың қолында өскенмін, ата-әжемнің тәрбиесін алдым. Сол ауылда 2015 жылы У.М. Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебін бітірдім. Мектепті орысша оқыдым. Мектепті аяқтағаннан кейін, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі "Журналистика" мамандығына оқуға түсіп, 2019 жылы үздік дипломмен аяқтадым. Жоғары оқу орнын да орысша тәмамдадым. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында білім алып жүргенде түрік телехикаялары телеарналардан жиі берілетін. Олар орысша қазақ субтитрлармен шығатын. Ол да маған қызық болды, себебі соның арқасында кейбір тұрмыстық жағдайларда кездесетін сөздерді үйрендім»,- деп күлді кейіпкеріміз Богдан мырза.

«Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдері қатты ұнайды. Өзім Мағжан, Сәбиттің жерлесі екеніме мақтанамын»,- дейді Богдан Петров.

Қазақстан – достықтың моделі

Мектепте оқығанда түрлі сайыстарға қатысып, бағымды сынайтынмын. Мысалы, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 2014,2015 жылдары 2,3 орын алған болатынмын қазақ тілі пәні бойынша. Сол кезде "Жарқын болашақ" олимпиадасының жеңімпазы болдым. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы медиаорталықта алғашқы еңбек жолымды бастадым. Білім ордамызда "Парасат" деген атпен "Қызылжар" облыстық арнасының эфирінде арнайы студенттік телебағдарлама мен унверситеттің газетіне мақала дайындап шығарып жүрдім. Алғашында осы бағдарламаның тілшісі болып, кейін сол бағдарламаның жүргізушісі болып қызмет атқардым. Студенттердің шығармашылыған дамытуға солай үлес қостым.

Бұл күнде діні басқа, тілі басқа, тілегі бір, бір тудың астына жиналған ұлт пен ұлыс өкілдері үшін айтулы мереке. 1-мамыр мерекесі елдің бірлігін одан әрі нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әрқашан береке- бірлігіміз ажырамасын. Достық пен татулықтың мерекесі құтты болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға