Жаңалықтар

Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы дайындалды!

Қазақ хандығының 550 жылдығы Шу алқабында тойланады.
17.11.2014 07:33 54096

Қазақ хандығының 550 жылдығы Шу алқабында тойланады. Бұл жайында бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.

 Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы дайындалды!

"Келер жылы тойланатын барлық мерекелер Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады. Ең негізгі атап өтілетін шара ол Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үлкен шара өтеді. Аталған шараға халықаралық деңгейдегі қонақтар қатысады" – деді А.Мұхамедиұлы өз сөзінде.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өткен қазан айында Астана қаласының активімен кездесуде еліміз 2015 жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетінін айтқан болатын.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мәлімдемесінің толықтай нұсқасы:

2015 жылы Керей мен Жәнібек Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймаққа орналасып, қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толады. Осыған байланысты, елімізде бұл оқиғаны мерейтой күндерінің қатарына қосу мен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге арналған іс-шараларды өткізу жөнінде мәселе қарастырылды.

Мемлекет құрылуының мерейтойы ең алдымен азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру мен қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталып отыр.

Министрлік бірқатар мемлекеттік органдармен үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді.

Қазақстандық тарихшы-ғалымдардың Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегін негізге ала отырып, жан-жақты зерттеу нәтижесінде Қазақ Хандығының құрылған жылы 1465 жыл деген қорытындысы алынды.

Көптеген тарихшылардың пікірінше, осы уақыттан бастап Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы Еуразия құрлығындағы мемлекетаралық қатынастардың жеке субъектісіне айналды.

Қазіргі таңда Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өтудің тұжырымдамасы дайындалды.

Аталған тұжырымдамада Қазақ Хандығы құрылуының ғылыми деректері, мерейтойдың концептуалдық негіздері, идеологемалары, негізгі мақсаттары мен міндеттері және оның кезеңдері келтірілген.

Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өту басты үш концептуалды негізде жүзеге асырылатын болады, олар:

– патриоттық: қазақ халқының Отанына сүйіспеншілігі;

– ақпараттық: ғылымикөпшілік бағдарламаларды, ғылыми-танымдық деректі фильмдерді, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы көркем фильмдерді жасап, жетекші орталық телеарналар арқылы тарату;

– ғылыми: қазақ хандығының құрылу проблемаларын зерделеу мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми конференциялар ұйымдастыру.

Министрлік сондай-ақ, мерейтойды атап өтудің іс-шаралар жоспары жасады. Оған сәйкес, келесі жылдың басынан Қазақ Хандығының құрылу тарихын зерттеу мәселелерін талқылау бойынша жобалар іске аса бастайды, соның ішінде қазақ мемлекеттілігі туралы ақпараттарды анықтау мақсатында Батыс Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Египет, Өзбекстан сияқты елдердің мемлекеттік мұрағаттары мен музейлерінен, ғылыми-зерттеу орталықтарынан іздестіру жұмыстары қолға алынады.

Жоғарыда айтылғандарға орай, патриоттық видеороликтер, ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық бағдарламалар мен ғылыми дәйектерге негізделген деректі фильмдер көрсетіліп, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, патриоттық акциялар, ойындар, фестивальдар, көрмелер т.б. өткізіледі. Сондай-ақ, біз «Мәңгілік ел» ұлт тарихына арналған деректі, көркем және анимациялық фильмдер сериясын түсіруді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндермен (Наурыз, Жеңіс күні, Мемлекеттік рәміздер күні, Астана күні және т.б.) байланысты барлық шаралар Қазақ Хандығының 550 жылдығы аясында өтетін болады.

Жылдың аяғына дейін өңірлерде мерейтойлық іс-шаралар жалғасады. Жалпы, келер жылы мерейтойға арналған 100-ге жуық ірі шара өткізу жоспарлануда.

Аталған іс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысымен бекітілетін болады.

 

Әзірлеген Досжан Мейірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға