Жаңалықтар

Қазақ халқының тәуелсіздігі жолында қалың қол бастаған күрескерлер

Ер есімі – ел есінде
Қазақ халқының тәуелсіздігі жолында қалың қол бастаған күрескерлер
Фото: © El.kz 19.10.2021 16:30 6305

 

Ел егемендігі жолында талай ата-бабамыз топарсақтан қан кешіп, ақтық демі қалғанша жаумен алысып өтті. Бүгінгі мақаламыз ерлігі елден елге тарап, есімі бүгінгі ұрпаққа өнеге болып отырған қаһармандарымыз туралы болмақ. Ел басына күн туғанда дұшпанның қалың қолынан сескенбей, қырғынға кіруден тайсалмаған, үлкен дауларды шешуде ақыл-парасатымен алда болған, қазақ жерін қызғыштай қорыған Байзақ, Тілеміс, Өтеген мен Жауғаш батырлардың ерлігін таңды таңға ұрып жырлауға болады. «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалығын» назарға алып, ілгеріде аты аталған қазақ ерлерінің өнегелі өмірі туралы баяндаймыз.

 

Байзақ батыр

 

Байзақ 1789 жылы Талас өзенінің жағасында жоңғарлар 1723 жылы қиратқан көне Тараз қаласының маңында атақты батыр Мәмбет Күнбасұлының отбасында өмірге келді. Абылай ханға жорықтас серік болғандар қатарында Мәмбет батырдың есімі де атақты Бұқар жырау толғауында аталады. Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлігімен көзге түскен Мәмбет батырға Абылай Ашамайлы Керей елінің Кешебе руынан шыққан Байзақ атаның Жәмила атты сұлу қызын өзі ұзатқан. Сондықтан да кейін Ханша деп те аталып кеткен Солтүстік Қазақстандық осы асыл ана өзінің бір ұлын Қызылжарлық Керей атасының құрметіне Байзақ атаған. Жоғарыда айтылған Бұқар жырау толғауына көңіл бөлсек:

Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,

Абылайдың қасында

Бастарын бәйге тігісіп,

Сондай ауыр жорықта,

Қандыжаппен соғыста,

Бақ-дәулеті басында

Сеңкібай мен Шойбек бар.

Таңсыққожа, Мәмбет бар.

Өңкей батыр жиылып,

Абылай салды жарлықты...

 

Мұнда айтылған Таңсыққожа мен Мәмбет – жақын ағайын адамдар. Екеуі де Дулат тайпасындағы Шымыр руының Жаңабай атасынан тарайды. Бұл деректі атақты Жамбыл Жабайұлының Сарыбас ақынмен айтысынан білуге болады. Талас өзені Тектұрмас тұсына келгенде неге күліп, неге жылап ағады? Күлетіні – талай қуаныштарға куә болған, жылайтыны – Талас талай қасіреттерді ағызған. Мұнда бір қаланың халқындай өлік сүйектері жатыр. Оның ішінде Мәмбет батыр да бар, мәңгі ұйқыда.

 

«Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады» демекші, өзінен кейінгі ұрпақтарының хан сарайындай мазарлары қасында кесенесі бәсекелеуге жарамай жатыр. Талас сондықтан да Тектұрмас тұсынан өткенде жылап ағады... Талас сонша жылардай Мәмбет кім еді? Күнбасұлы Мәмбет 1871 жылы хан тағына отырған Абылай сұлтанмен түйедей құрдас болатын. Бұлар әуелі танысқанда Абылайдың хан тұқымы екенін өзінен басқа ешкім білмейтін... Төле бидің немере-шөбере туыстары болып келетін Сеңкібай мен Шойбек достарының үйлеріне жол-жөнекей соққанда Мәмбет болашақ Абылаймен танысқан. Танысқанда ол өзін «Сабалақ» деген де қойған. Абылай сұлтан 1741 жылы Ұлытауда аң аулап жүргенде жоңғарлардың қолына тұтқынға түсіп қалыпты. Сол күндері «Қалдан Серен қонтайшының ордасында зынданда жатыр екен», - деген сөз жеткенде ғана Мәмбет жүрегін аяныш сезім шым еткізіп шымшып алды. Ертеде Ташкент түбінде Төле би ауылында алысқан қол, берілген серт еске түсті... Күндер, айлар өтіп жатты. Бір жыл айналып артта қалды. Ал енді Мәмбет 1742 жылы Жоңғар ордасына қыс киіммен, ат- көлігімен қамданып аттанады. Бұл кезде Ұлы жүз негізінен жоңғарлар қоластында, ал Кіші жүз бен Орта жүз Ресей бодандығында еді. Жоңғарияға Ресей елшісі секундант – майор Карл Миллер Оренбургтен Ұлы жүз жері арқылы шықты. Қонтайшы Қалдан Серен одақтасы Ресеймен Абылай үшін бет жыртысуға батылы бармай, оны Ұлы жүз батырларымен бірге жіберуді, әрі қызы – болашақ Қасым сұлтанның анасын беріп босатуды ұйғарды. 1743 жылы Абылай сұлтанды жоңғар тұтқынынан бірге алып қайтысқан отыз бес қазақ ішінде болған үшеу- Мәмбет, Сеңкібай, Шойбек тіршілігінде іргесі ажырамаған. Тіпті, Мәмбет пен Сеңкібай батырлардың мазарлары да Талас өзенінің жанында жатыр. Екеуінің ұрпақтары да Жамбыл облысының Байзақ ауданында, Тараз, Алматы қалаларында көптеп өмір сүруде. Шойбек – Төле бидің төл ұрпағы, Баласы Қожамжардан Дербісәлі туса, одан- Шойбек батыр, би болған. Шойбек ұрпақтары Түркістан облысыынң Төле би ауданында өсіп жатыр. Шойбек туралы аңыз, әңгімелер, деректер де бір кітап боларлық. Ұлы би шөберелері түгілі шөпшектерінің де ер жетіп, ат жалын тартқанын көріп кеткен кісі екен. Абылайдың қасына бір бұтағын жібергені де сұлтанға үлкен құрметін білдірсе керек. Оның үстіне Шойбек, Абылай екеуі де бір ауылда өскен екен Бұқар жырау Мәмбет, Сеңкібай, Шойбек үшеуіне қосақтай айтатын Таңсыққожа да текті батыр. Таңсыққожа есімді үш батыр белгілі. Біреуінің тегі жөнінен шынында да Сыр бойының қожасы болса, екіншісі арғын Сүйіндік Жөңке батырдан туған. Мәшһүр Жүсіп өзінің «Қазақ шежіресінде» оны аталас деп көрсетеді. Ал, үшінші Таңсыққожа Мәмбет батырмен аталас-Шымыр, Жаңабай. Бұл деген 1997 жылы «Жұлдыз» журналының бірінші санында жарияланған Жамбыл- Сарыбас айтысының толық нұсқасында толық айтылған. Жаңабай Таңсыққожаның ұрпақтары Жамбыл облысында тұрады. Туған жерлері әр түрлі болғанмен, туыстық тегі бір батырлар қазақ даласының қай түкпірінде жүрсе де жатсынған емес, оны жаудан бірге қорғасқан.

 

Байзақ батыр – Қазақстанның оңтүстік өңірінде Қоқан хандығына және Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушы батыр, Тараз аймағында елді отырықшыландыруға көп күш жұмсаған қайраткер. Дулат тайпасынан шыққан Байзақ туған өлкесі Қоқан хандығына да, Peсейге де қарамай тұрған кезде ер жетіп, ел басшысы ретінде қалыптасқан. Оңтүстік өңірді Қоқан хандығы басып алғаннан кейін, ағасы Бәйтерекпен бірге сұлтан Рүстем Асфендиярұлы бастаған 1821 жылғы көтеріліске қатысады. Көтерілісшілер жеңіліп қатты жазаланса да, Байзақ өз руластарына датқа болып тағайындалады. Байзақ Қоқан отаршыларының айтқанына көнбей, қазақтардың мүддесін қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізуге ұмтылады. Отаршыларға қарсы күресте Кенесары Қасымұлының сенімді серігі ретінде әйгілі болады. Оның сарбаздары Кенесарының қолына қосылып, Қоқанның бірнеше бекінісін алады. 1841 жылы Созақ аймағын азат етуге қатысады. Байзақ 1847 жылы Кенесарымен бірге қырғыздар қолына түтқынға түседі. Кенесары қазасынан соң Байзақты туыстары 300 жылқы және Мақпал аймағынан күнгейлеу Қарақыстақ жайлауын беріп босатады. Қазақтар мен қырғыздардың Қоқан хандығына қарсы 1758 жылғы көтерілісіне басшылық жасады. 1860 жылы патша генералы Колпаковскийдің әскеріне қарсы Алматыға жақын Ұзынағашта болған соғыс қимылдарына өз қолымен келіп қатысқан. Әкесі Мәмбет пен Абылай ханның өсиетін ұстап, қазақтың «арқасын тамға, аузын нанға тигізу» жолында өмір бойы еңбек етті. Жергілікті халықты егіншілік кәсіпке үйрету үшін 160 шақырым 30-дан аса канал қаздырған. Оның игілігін Әулиеата, қазіргі Тараз қаласы төңірегіндегі төрт аудан — Байзақ, Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Жуалы ауданының халқы күні бүгінге дейін көріп отыр. Қазір бұл каналдар реконструкциялаудан кейін 600 шақырымға жетті. Байзақ датқа Қоқан хандығының әкімі Әлімқұлдың бұйрығымен 1864 жылы тамыз айында зеңбірек аузына байланып атылды. Оның быт-шыты шыққан денесінен қалған екі саусағы Талас өзенінің маңына жерленді. Бұл жерде қазір Байзақ датқаның мазары бар. Жамбыл облысының бір ауданы Байзақ есімімен аталады. Байзақ датқа басқарған қазақтар, қырғыздармен бірге Бішкек, Тоқмақ түбінде де қоқандықтарға қарсы шайқасты. Алайда, күш, әсіресе, қару-жарақ тең емес-ті. Әулиеата қаласын қоршауға қатысқан Байзақ датқаның көптеген руластары Қоқан жазалаушыларының қудалауымен Сарыарқаға асты. Олар жауыз Мырза Ахметті құсбегі, дұрқы-қосын бегі, яғни бас уәзірі орнынан тайдырғаннан кейін ғана туған жерлеріне қайта оралды. Құдияр ханмен келіссөз жүргізген қоңырат Қанай датқа екі жақты келісімге жетті. Байзақ та кейбір салықтар жөнінде хан алабымен амалсыз келіскенмен одан ары күресу жөніндегі өз ойынан өле-өлгенше қайтпады. 1860 жылы Байзақ өз жігіттерін бастап патшалық отаршыл генерал Колпаковскийдің әскерлерімен Алматы түбінде болған соғыс қимылдарына қатысты. 1864 жылы Байзақ датқа Қоқан ханының мыңбасы Әлімқұлдың бұйрығымен Шымкент қаласында атылып қаза тапты. Саусақтары жерленген мазар әлі күнге дейін «Байзақ сәресі» деп аталады. Өйткені 1865 жылы осында датқаның асы өткізілген болатын. Байзақ қазақ халқының тәуелсіздігі үшін қалың қол бастаған қайыспас қайсар күрескер.

 

Өтеген батыр

 

Өтеген Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу өзенінің саласындағы Хан тауының оң жақ шығысындағы Изенді деген жерде туған. Өтегеннің әкесі Өтеғұл – Сырымбеттің үлкен баласы. Өтеғұл ойрат шабуылына қарсы аянбай күрескен батырлардың бірі. Ержүректік Өтегеннің туа біткен қасиеті болса, шешендікті, әділ билік айтуды ол бойына Төле биден дарытқан. 1756 жылы Өтеген батыр жиһангерлік сапарға, халқына шұрайлы жер іздеуге шығады. Асан қайғы атасы секілді жерұйық іздеп қиыр Шығыс, Иран, Ауған, Үндіні, Тибет пен Қытайды шарлаған. Өтеген әрі батыр, әрі жиһангер, өткір тілді шешен болумен қатар өз замандастары арасында сәуегейлігімен, көріпкелдігімен әулие атанған адам. Өтегеннің балалық шағы болса керек. Түн ішінде ауыл сыртында малға қасқыр шапты дегенді естіген анасы: «Өтеш, барып, ит қосып қуып таста!»-деп жас баланы жұмсапты. «Бала ғой, қорқады ғой» дегендерге: «Қорықса Қордай батырдың жиені, Өтеғұл батырдың ұлы болмай кетсін!» -деп жауап қатыпты. Шындыққа саяды. Бір жорықта Төле би он алты жастағы сарбазды сынамақ ниетпен: «Осы маңда бейіт болуы керек, аруақ кешірер, Өтеген барып солардың ағаштарынан отын әкелсін», - деп жұмсатып жіберсе керек. Жеті түнде әдейі тығылып жатып, қабырдың ағаштарын алып-жұлып жүре берген Өтегеннің аяғына жармасқан бидің адамдарына: «Өлі аруақ тыныш жат! Тірі аруаққа ас пісіргелі апара жатырмын», - деп маң-маң басып кете беріпті. Жас батырдың жүректілігіне Төле би разы болып, ықыласы ауса керек. Кейін, батыр Төле бидің талай-талай тапсырмаларын бұлжытпай орындайды. Өз қатарынан бой жағынан да көп озық Өтеген батырдың келбет, бітімін де халық зердесіне мықтап түйген. Кең жауырынды, иықты, тік қабақты, қыр мұрынды, қара торы, өр тұлғалы өткір, өжет адам болған. Дастан, жырларды, аңыз әңгімелерде айқасқан қос мүйізі бар, яғни нысаналы батыр екені айтылады. Біз білетін Шығыс Азия тарихына қатысты әдеби туындыларда ондай мүйізді асыл тек Ескендір Зұлқарнайын болатын. Бұған да мән берген жөн. Халық айтса қалып айтпайды. Шынында төбесінде тақия кисе көтеріп, бөрік кисе көрінбейтін сүйелі болыпты. Оған көнекөз қариялардың ұрпақтарының дәлелі куә. Өтеген батыр туралы аңыздардың бірі былай дейді. Жоңғария құлап, Ресей үкіметімен бітімге келіп, Қытаймен саудасаттық орнаған кезде Абылай Түркістан жаққа баруды ниет етіпті. Сапарға шығар алдында батырларын жинап алып: «Қане, батырларым, не тілектерің бар? Менен не қалайсыңдар?» – деп сұрапты. Батырлар қалағандарын алып, дуылдасып жатады. Тек Өтеген ғана үн-түнсіз тұра береді. Мұны байқаған Абылай: «Батыр, сен неге қалауыңды айтпайсың?» – деп сұрайды. Сонда батыр: «- Cұрасам беремісің?» – дейді. Абылайдың жау келер жақты күні бұрын сезіп тұратын аппақ нары бар екен. Өтегеннің көзі соған түсіпті. Сонда Абылай: «- Ақ нар қасиетті жануар, қимас серігім еді. Сен де шаппаған жауың, шықпаған тауың, бармаған жерің, көрмеген елің қалмаға батыр да жиһангер, әулие адамсың. Затың асыл, асылды танып қалап тұрсың. Ақ нарды қидым, саған батырым,» – деп сүйікті жануарын Өтегенге берген екен. Өтеген баба қартайып, дүние аларында балаларына: «– Мен өлген соң сүйегімді ақ нарға тиеп жіберіңдер, ол қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер», – деп аманат тапсырыпты. Бабамыз 1773 жылы 74 жасында дүниеден қайтқан, батырдың денесі тиелген ақ нар Шолақ тауының бергі жағындағы Іле бойындағы Шеңгелді деген жерге барып шөккен. Өтегеннің сүйегін сол жерге қойыпты. Өтеген батыр, әрі жиһангер, өткір тілді шешен болуымен қатар өз замандастары арасында сәуегейлігімен, көріпкелдігімен әулие атанған адам. Оның әулиелігі жөнінде аңыз-әңгімелер жетерлік. Абылай хан «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады» деген сөздің шешуін сұрағанда Өтеген: «Алдымызда жаңа заман болады екен, бұл жүргендер өліп, оның адамдары жаңа болады екен. Үйлері там болады екен. Кигіз үй таң болады екен, өздері өздеріне хан болады екен», – деп біздің қазіргі өмірімізді, тұрмысымызды екі ғасыр бұрын болжап, дәл суреттеп, екі ауыз өлеңге сыйдырған екен. Өтегеннің көріпкелдігі жөнінде мынадай әңгіме бар. Құрдастары Қабанбай, Райымбек батырлар Өтегенді ортаға алып: «- Осы жұрт сені әулие, көріпкел дейді. Әулие болсаң айтшы, біздің сүйегіміз қайда қалады?» – деп сұрапты. Сонда Өтеген: «– Қабанбай, атың да қабан, өзің де мықты аңшысың, сенің сүйегің бір нудың ішінде қалады-ау, ал Райымбек, ақкөңіл, көпшіл жансың, сүйегің шудың астында жатады», – депті. «– Ал өз сүйегің қайда қалады? – дегенде Өтеген: - Менің сүйегімнің қайда қалатынын ақ нар біледі, бірақ сүйегім судың астында қалады-ау», – деген екен. Шындығында батырдың айтқаны келіп, аң аулап жүріп қатты ұйықтап жатқан Қабанбайды қабан жарып өлтіріп, денесі қалың ну ішіне жерленіп, кейін моласы табылмай қалған деседі. Ал Райымбектің шуы көп үлкен жолдың бойына жерленгенін білеміз. 

Қазақстан Мәдениет министрлігінің рұқсатымен қайта жерлеуге барған туыстары Қапшағай теңізінің суы жайылып баба моласына 60-70 метрдей жетпей тұрғанын көрген. Батырдың сүйегі жатқан жер Үштөбе деп аталған. Бабаның бейіті төрт бұрышты бірінің сыртынан бірі үш қатар етіп, тастан қораланып қаланған екен. Құдықтың биіктігі бір жарым, ені мен ұзындығы 10 метрдей. Астынан үлкен, жалпақ тас шыққан. Батырдың денесі сол тастың үстіне қойылған. Баба ірі денелі, сүйекті болған екен, сүйегі сол қалпында, еш жері бұзылмаған. Бас сүйегінің жанында үлкендігі бармақтай күйеге айналған бір заттың орны қалған (Өтеген батырды жұрт Түкті Өтеген, Мүйізді Өтеген деп те атаған).

 

Аспара батыр

 

Аспара батыр Қордай батырдың замандасы болған. Аспара мен Қордай батырлар елін, жерін қорғаған. Екеуі де өз әскерлерімен, ел- жұртымен 20 жыл бойы жаудың бірде-бір әскерін өздері бекінген тау асуларынан бері қарай жібермеген. Аспара батыр мен Қордай батыр бұл дүниеден өткен соң олардың бекініс жасаған тау асулары, оның арнасындағы өзен-сулардың атауы сол батырлардың есімімен аталып кеткен. «Аспара» - тарихи деректер бойынша орта ғасырдағы қаланың орны, Шу өзеніне құятын Аспара өзенінің ескі арнасының жағасында қазіргі Андас батыр ауылының шетінде. Алғаш В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, одан кейін 1964-65 жылдары Жетісу археологиялық экспедициясы зерттеген. Жұрттың көлемі 10 гектар шамасында бекіністі қала дуалмен үшке бөлінген (қамал, шаһарстан және қамалға жалғасқан кішігірім құрылыстар). Сырты 3 шақырымға жуық дуалмен айнала қоршалған. Қаланың ХІІІ-XIV ғасырларға жататын қабатын зерттегенде жау шабуылынан қираған үйлер, қора-қопсы, үй-ішінің жабдықтары, XV-XVI ғасырлардың қабатынан берік қамалдың қираған жұрты, тұрғын үйлердің қалдықтары табылды. Аспара қаласы жайында Темір тұсындағы мағлұматтар толығырақ айтылады. 1397-98 жылдары Темір әскерлері Мұхаммед Сұлтанның басқаруымен Талас, Шу алабында бірнеше қамалды жаңадан салып, біразын қайта жөндеген, сөйтіп Моғолстанға қарсы күреске әзірлеген. Соның бірі - осы Аспара. Онда 1 түмен Шағатай әскері тұрған. XVI ғасырда Аспараның маңы Жәнібек баласы Қасым ханның қол астына қараған екен. Бұл туралы «Мерейлі Меркі» еңбегінде айтылады.

 

Жауғаш батыр

 

Жауғаш 1733 жылы, қазіргі Алматы облысы Қарасай, Іле аудандарындағы Қаскелең, Ақсу өзендерінің бойында Ботбай руының Қораласы Қырбас батыр шаңырағында дүниеге келген. Жауғаш әкесінің жалғыз баласы болғандықтан еркелеу өсіп, алғырлығын аңғартып, Бабалы бидің, әсіресе, кіші әйелі Бөртенің балаларымен асық ойындарынан ат ойындарына дейін артықшылығын көрсетіп, ерегісіп, төбелесіп қала беретін болған.

 

Бабалыдан туған тоғыз ұл,

 

Жарға қонған үкідей.

 

Қырбастан туған жалғыз ұл,

 

Өткір қара бəкідей, - деген сөздің айтылуы да сондықтан. Қалмақтардың елді билеп, еңсесін көтертпей тұрған кезінде Жауғаш бастаған қазақ бозбалалары жоңғарлармен жанжалдасып, төбелесіп, қалмақтардың ноянын қасындағы атқосшысымен өлтіріп қояды. Қазақтан Бабалы бидің Тоқпан деген баласы мерт болады. Енді Жауғаштың өміріне жоңғарлардан қауіп төнгеннен кейін әкесі Қырбастың рұқсатымен, Бабалы бидің батасын алып, Қарпық пен Майлыбай достарымен бірге Арқадағы Абылайға кеткен. Қарпықтың сондағы нағашылары арғынның Алтай, Қарпық аталарына арқа сүйеп, мият тұтып, сол елге барған. «Абылайдың бір жақсы көретін баласы өліп, бас көтермей жатып қалғанда, көңіл айтуға келген белгілі адамдармен еріп хан ордасына кірген Жауғаш орынды жұбату сөз тауып айтып, алғырлығымен ел ағаларының көзіне түседі. Абылай хан жас жігіттің сөзіне риза болып, басын көтеріп, жөн сұрағанда: «Ұлы жүзден келдім. Елім – Дулат, нағашым Қоңырат, Руым – Ботбай-Қоралас, атым – Жауғаш», - депті тайсалмастан. Абылай Жауғаштың әңгімелерін естіп, жағдайын әбден түсінгеннен кейін, жолдастарымен бірге күзетшілер қатарына қабылдаған екен деген әңгіме бар. Абылай Жауғаштың жастығына қарамай, тындырымды ісін, қиын жағдайлардағы тез аңғарғыштығын, шешімділігін, тұжырымды ақылын, байыпты сөз тапқыштығын ерекше бағалап, баласындай баулып, тәрбиелеген. Жауғаш жоңғарларға қарсы шайқаста ерлік жасап, он жеті жасында батыр атанған. Абылайдың бірнеше тапсырмаларын өте тиянақты орындап, қазақ жерін қалмақтардан тазарту жорықтарын басқарған. 1756 жылы Абылай ханның қасында қытаймен қақтығыстың алдынғы шешуші шебінде болады. Абылай хан жараланып, аттан жығылғанда, Жауғаш батырдың қасындағы достары тез үлгеріп, ханды аман-есен ұрыс алаңынан алып шығады. Сол жолы жаза басып өзі қытайлардың қолына тұтқынға түсіп қалған. «Одан кейін Хадаха да Хангелді, Жауғаш деген екі адамды ұстап, олардан Әмірсананы тұтқындау туралы Абылайға барып ұқтыруды өтінеді. Содан Хангелдіні тұтқындай тұрып, Жауғашты босатты. Тамыздың 22-і күні қайта оралған ол (Жауғаш): «Мен әмірлеріңіз бойынша Абылайға барып айтқан едім. Абылай болса, біз ұлы Ежен ханмен егесуге емес, Әмірсананың ізін кесуге шыққан едік, жолай ұлы қосыннан (Чин қосыны) бетiмiз кайтты. Әмірсананы тұтқындау онша қиын емес. Ежен ханнан рахым өтініш, бір жолға оның жанын қиса екен деп тілеймін дейді» деген сөздер айтты. Біз бұларға: «Ежен ханның жарлығы бойынша Әмірсананы тұтқындау үшін екі бағыт қосынды бастап келіп отырмыз. Әмірсананы тұтқындау былай тұрсын, сендер керісінше сан-саққа жүгіртіп отырсыңдар. Бұл сендердің уақыт өткізу тәсілдерің екені анық. Ал, бұның түбінде қазақ тайпаларына әкелер апатын аңғарған жоқсыңдар» дедік. Біз тағы олардың: «Біздің Абылайдың Әмірсана үшін нұсқау-сұрауы болмашы үміт қана. Егер сөзсіз тұтқындау туралы жарлық түскен болса, оған қиғаштық жасай алармыз ба? Енді 15 күн берсеңіздер елге суыт қайтып, Әмірсананы дереу ұстап тапсырар едік. Әсте жалған сөйлемейміз», -деген сөздеріне қарап, оларға мынаны жарияладық: «Сендер созсаңдар да, созбасаңдар да біз бәрі бір Ұлы патшамыздың жарлығы бойынша үдере тартып, бүлікшіні сөзсіз ұстаймыз. Қолдары алдымыздан тосқауылдаса, түгін қалдырмай жайпап өтеміз. Бұның пайда-зиянын сендер Абылаймен бірге ойласыңдар» деп сол күні оларды қайтардық. (100 құжат. Алматы 1998 ж.). Бұдан кейін де Жауғаш қытайға елшілер құрамында үш рет барып, келіссөздер жүргізуге қатынасқан. Жауғаш, жоңғар жойылып, қытаймен келісім жасалып, тыныштық орнаған жақсылық заман туған соң, елдегі қартайған әке-шеше, тұған-туысқандардың тұрмыс жағдайлары, олардың өріс-қоныс мәселелерін шешу әрекеттерімен айналысуға елге қайту үшін Абылай ханнан рұқсат сұрайды. Аттан түспей арпалысқан аса бір қиын кезеңде он жылдан аса адал қызмет еткенін, албырт бозбаладан атақты батыр, айбынды азамат, білікті жігіт ағасына айналғанын айта келіп, Абылай: «Жауғаш шырағым, еңбегің елге сіңді», «Жаралы жолбарысым» жаныңа ненің бататынын сеземін. Қазақтың бір тұтастығы үшін алда да атқарылар іс болса, аянбайтыныңа сенімдімін. Қайтайық десең алдыңнан жарылқасын. Үш тілегіңді айт, орындаймын. Ауылыңа көңілді қайт»-деген. Сондағы Жауғаштың бірінші тілегі қасиетті туы. Тудың тарихын анықтау біздің аталарымыздан қалған әңгімелерге, аңыздарға сәйкестігін растау ғалымдарымыздың зерттеуін, еңбектенуін қажет етіп, сақтаулы тұр. Жауғаш батырға тапсырылғаннан кейінгі, әсіресе өткен XX ғасырдағы қайтіп сақталғаны, қалай аман қалғаны, бұл ту үшін аналарымыздың көрген азабы, көзсіз ерліктері өзінше бір хикая. Жауғаш батырдың екінші қалағаны – жоңғар-қалмақ қызы Жөлкем анамыз. Бұл анамызды жоңғардың бас қолбасшысы Сайынбөлектің қызы деп те, Әмірсананың қызы деп те айтатындар бар. Қалай болса да, Абылайдың қалмақ әйелі Топысұлуға бір жақындығы болғаны анық. Өйткені, үшінші қалауын айтудан Жауғаш бас тартқанда, алтын босағалы, күміс керегелі келіскен киіз үйді, Топыш жасауын жабдықтап, ақ отауды өзі беріп, Жөлкемді той жасап ұзатқан. Жөлкемнен тараған ұрпақ ортамызда жүрсе, сол киіз үйдің алтын босағасы Түркістан қаласы «Әзірет Сұлтан» мұражайында сақтаулы. «Жауғаш Абылай ханға 15 жасында кетіп, 25 жасында малды-жанды, балалы-шағалы болып, он жылдан кейін келген. Жауғаштың Арқадан келгенде төрт әйелі болған, біреуі қалмақ ханының қызы Жөлкем екен. Қарпық пен Майлыбайдың да басқа әйелдерінен өзге қалмақ қыздарынан бір-бірден тоқалдары болған екен»,- дейтін бұрынғы қарияларымыз. ХІХ ғасырдағы Қоқанға қарсы Асаннан шыққан сегіз батырдың екеуі, Қарпық батырдың сол қалмақ әйелінен тараған ұрпақтарынан Елеу мен Дүзен немерелері болған. Қазақтарға жасаған Сарыбагыш Есенқұл мен Саяқ Садырдың шапқыншылықтары екі елдің арасын шиеленістіріп жібереді. «Садыр ханның күшейген шағы, соған арқа сүйеп, көбінесе саяқ қырғыздарынан Шәкір, Ұлан, Жаманақ тынышын кетірген соң, шыдай алмаған қазақтар кеңесіп, Сарыарқада жатқан Абылай ханды шақырып келуге Әулиеата шәрінің күн шығысынан екі- үш күншілік жерде жайлаған қоралас руынан Жауғаш батырды жібереді». Жауғаш батырдың Момақан мен Итекені өлімнен құтқаруы, Жайыл мен оның балалары Үсен мен Текені ақ жуып, арулап, жаназалап, төбенің ең биік көрнекті жеріне қоюы, қолға түскен қырғыздарды және өзінің жігіттерін ұйымдастырып, соғыста өлген қырғыздарды жерлеуі, әуелде Абылайға шақырып келуге өзi барса да, қырғыздарды қырғынға ұшыратуға наразылығы,осы әрекеттерін тілге тиек етіп, «Жауғаштың ханға қарсылығы» деп жамандаушыларға, күндеушілерге сыр бермеуі Абылайдың өзін де асыра сілтегенін аңғарып, ойға қалдырған сияқты. Сойқан соғыстан кейін Абылай жорықты тоқтатқан. Ел тынышталып, алаңсыз өмір сүре бастағанда, Арқадағы Абылай ханнан «жігіттерімен тез жетсін» деген хабар келіпті. Жауғаш батыр Ботбай ата ұрпақтарынан досы Қарпық батыр екеуі қырық шақты жігіттердің басын құрап, Абылай ханға барады. Сөйтсе, Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат би бастаған бес мейрам Абылайдың ауылын шауып, ханталау жасамақшы болып жатқан екен. Жауғаш батыр Абылай хан көшіріп әкеткен қырғыздардан Тілеубердіні бас етіп бес жүз сарбаз жинап, ханды қорғаған. Бұл 1778-1780 жылдары болған оқиға. Арқадағы ағайындар ханның сыртынан өздерінше орынбор мен Омбыдағы орыстарға өкілдерін жіберіп, сөйлесіп, хаттар жолдап, ханның қасиетін кетіре бастаған кез. Еліне мәртебе әперген, халқының абыройын асырған ханды да қазекем қадіріне жетпей, еңбегін еш еткен. Абылай осыдан кейін жүрегі ауыратын болады, ақыры жағдай көңілдегідей болмаған соң, 1780 жылы ордасын оңтүстікке Түркістанға қарай көшіреді. Қырғыздардан Тілеуберді бастаған сапта болған сарбаздардан, сол көшпен бірге біразы Жауғаш батырдың жәрдемімен елдеріне қайта келген. Мұны хан да теріс көрмеген. Абылай ханның өміріндегі осы бір өте ауыр кезеңдерінде ең жақын жанашыры болған Жауғаш батыр. 1781 жылы Арыс өзенінің бойында хан қаза болады. Жазғытұрым болғандықтан, мәйітті бұзылудан сақтап, Түркістан қаласына тез жеткізіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуді Жауғаш батыр тікелей өзі ұйымдастырған. Жауғаш батыр елге келгеннен кейін өзі де ауырып, сұрапыл жорықтарда алған жарақаттары асқынып, небәрі 49 жасында қақаған қыста, Абылай ханнан бір жарым жылдан кейін, 1782 жылы қайтыс болады. 1783 жылы ерте көктемде балалары мен ағайындары Түркістан қаласына апарып, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің ішіне, Абылай хан қойылған дәліздің Үлкен Ақсарай жағына, яғни Абылайдың оң жағына жерлеп, басына құлпытас қояды.

 

Тілеміс батыр

 

Шақшам Тілеміс батыр Ботбай руының кемеңгері, ақылгөйі, биі әрі батыры саналған Сыпатай Әлібекұлының сенімді батыры, серігі болған. Ол кісіні Сыпатай батыр «Жолдым» деп атап ең қиын, ең шешуі дауларға, жорықтарға жіберіп отырған. Сыпатай әpi Тілемістің Әуес деген қарындасын алып, шақшамдарға күйеу болған. Өзі батыр, сөзге шешен Сыпатайдың шақшамнан алған Әуес әйелінен аты жомарттығымен елге жайылған Ноғай деген ұл туған. Бізге жеткен аңыздарға жүгінсек Меркінің «Хан» базарын да Ақтамберді жырау Ноғайды мақтап жыр айтады. Сол кезде өзінің қолы да, көзі де ашық Ноғай күмістеген құрамды ері бар астындағы сүліктей қара, көзжауын алатын, өзі бәйгеге шабатын жүйрік тұлпарынан барша жұрт көзінше қарғып түсіп, ақынға сыйлап жіберген екен. Былай шыққан соң «Ерінің өзі 500 құнан қой тұратын, әрі баға жеткізсіз жүйрік тұлпарды бір ауыз өлең үшін қайдағы бір ақынға сыйлап жібердіңіз» деген жанындағы нөкерлеріне «Ат ассаң бір асым ет, ер тұрман шапсаң ағаш, олар табылады. Ал ақын мені алты Алашқа атымды шығарып жырлады» деген екен. Сол сияқты Ноғай жомарт Сыпатай әкесінің асында Меркідегі бүкіл асханашы, шайханашы, өзбектерге палау жасатып, барша жұртқа тегін тараттырған екен. Оның мәрттігін, адалдығын білетін өзбек ағайындар да алдамай ас өткен соң тиісті еңбектерінің ақысын алған. Сонымен қатар дүкеншілерге де тегін өрік, мейіз, әр түрлі бұйымдарды, маталарды, жемістерді тегін тараттырған. Ноғай мырзаның әділдігін, тазалығын түсініп, абыройын, атағын құрметтеген саудагерлер артық ақша алмаған. 1870 жылы өткен бұл ас Ұлы жүз Дулат жеріндегі ең атақты, ең ірі ас болған. Астың ең ірі жиын болғанның бір белгісі — аламан бәйгеге 300 сәйгүлік қосылған. Бәйгенің алдыңғы озып келген атқа бірдей 100 нар, түсі бірдей 100 шұбар ат, 100 қызыл қасқа өгіз берілген. Мұның бәрі Сыпатай батырдың Ноғай ұлының басшылығымен, мырзалығымен өткен, Тілеміс батыр тек күштілігімен емес, ақылдылығымен сөзшеңдігімен, білгірлігімен қоса, ұрыс әдісін игере білгендігімен ерекшеленген. Сондықтан Сыпатай өзі «Жолдым» де өзіне іш тартқан батырын елшілікке де, өзара дауларын шешуге де, қиын жорықтарға да жұмсап отырған. Өзінің еңбегін Сыпатай батыр жоғары бағалап жүргендігін ескеріп, Тілеміс шақшам руын қоныстандыру үшін үш ойрандыны, атап айтқанда Мопалы, Ақтікен және ойранды деп аталатын тау шатқалдарын сұрайды. Алайда Сыпатай батыр нақты жауап бермей, кейінге сырғыта беріпті. Бұған наза болған Тілеміс өкпелеп, Шымкент жақтағы шақшамдарға көше жөнеліпті дейді тағы да бір аңыз. Екі әйелімен, жүгімен, малын айдаған малшыларымен бір күндері Сарыкемер, (қазіргі Байзақ ауданы) жерінің бір жазығына ат шалдырып демалып, ес жиып алу үшін көшін тоқтатып, кішкене «Абылайша» деп аталатын, уықтардың басын байлап, киізбен жауып қосынын жасақтай бастайды. Мұны алыстан байқап тұрған бай — жайлаудың, жердің иесі мұндай жөнсіздікке рұқсатсыз қона-түстенуге қарсы болып: «- Бар», – дейді бір жігітіне. «- Кім бұл, жата-жастанып, рұқсатсыз қонып, қосын тігіп жатқан. Кешсін», – дейді қысқа қайырып. Шауып келген жігіт байдың бұл жерге қонуға рұқсат етпей жатқанын жеткізіп көшуін талап етеді. Сол кезде Тілеміс: «- Біз жолаушымыз. Күн кешкiрiп қалды, ат шалдырамыз да ертең атқа мінеміз, өзіміз де жолға шығамыз», – дейді. Бұл жауапқа риза болмаған бай «Барыңдар да малын айдап әкеп, өзін алдыма жық» деп сайланған бес жігітін жіберді. Мұны сырттай байқап тұрған Тілеміс те қасындағыларына «Іс насырға шабатын болды, сендер малға ие болыңдар, әйелдеріне – сендер шәйлеріңді қамдай беріңдер» деп атына мініп, ұшына қорғасын байлаған ұзын сапты қамшысын алып, әлгілерге қарсы шығады. Келе, сөзге келмей бес жігіт, бес жақтан ортаға алып ұрыса кетеді. Қаша ұрыс салған Тілеміс төрт жігітті сол жерде ұрып жығып, бесіншісін байдың үйінің алдына барғанда ұрып құлатып, қайта шаба жөнеледі. Бес бірдей сайлы «Бота тірсекті, бура санды» жігіттерін ұрып жыққан адамның тегін еместігін түсінген бай, ақырын малшыларынан сұрастырып, мұның Тілеміс батыр екенін біледі. Сол тұста Байзақ датқаны, Бөлтірік шешенді шақырып, қариялардың басын қосып өзінің білместігі үшін кешірім сұрап, Тілемісті жылқы сойып бірнеше күн қонақ етеді. Сол екі ортада Байзақ датқа Сыпатайға жаушы жіберіп, Тілеміс батырдың өзіне өкпелеп көшіп бара жатқанын жеткізеді. Мұны естіген Сыпатай би ел ағаларын ілестіре барып: «Әй, Тілеміс! Бір нәрсені бүлдірер-ау деп едім, ақыры бүлдіріпсің. Ашуыңды қой, қалағаныңды ал. Сенің айтқаның-ақ болсын», - деген екен. Сөйтіп бабаларымыздың «Ұлық болсаң кішік бол» деген сөзі жөн білетін, сөзге жығылған бабаларымыздың да алтын қазығына айналған. Содан Сыпатай батыр Тілеміске қарасты ағайындар қоныстанатын жерге үш шыбықты қадап белгі қойған екен. Ол жеріміз: «Ойранды», «Молалы», «Ақтікен». Шақшам руынан тараған үш ата – Жәнібек, Жанбазар, Майемген осы жерлерге қоныстанған. Жәнібек – Ойрандыға, Жанбазар – Молалыға, Майемген – Ақтікенге ие болған. Тілеміс батыр жоңғарларды қуып, еліне жер алып берген. Шақшам руынан шыққан үш атаға өз қоныстарын тауып берген. Тілемістің қылышы бұл күндері аудандық мұражайда тұр. Қазан революциясынан кейін «Ақтікен» ауылы аталып жүріп, кейіннен құжаттардағы қателіктің салдарынан «Ақтоған» аталып кеткен. Ұжымдастыру, ірілендіру тұсында «Ақтоған» атауы «Большевик» селолық советі болды. Қазір тарихи атауы «Ақтоған» ауылдық округі деп аталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға