Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰРАЛУЫ

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰРАЛУЫ
28.08.2014 09:25 4135

Жоғарыда беделді топтың қазақтар “толып жатқан тайпа мен этностардың, ұзақ замандық даму барысында, біртіндеп қосылуынан қалыптасқан. Ертедегі сақ, жүз, үйсін, қаңлы, алан, дуолу ( дулат), түргеш (сары үйсін), қарлық , телы, чиңца (қыпшақ), найман, керей, арғын, уақ, қоңырат, жалайыр, алшын, т. б. қазақ ұлтының басты құраушы бөліктері” дегенін айттық. Олар сосын ілгерілей түсіп: “Қазақ ұлты Қытайдың алғы Чиң əулеті кезінен (б. з. б. 221-206 жж. ) бастап, 1600 жылдық тарихи даму арқылы, XIII ғасырдың басына келгенде ортақ аты, ортақ тілі, ортақ аумағы, ортақ шаруашылығы, ортақ ұлттық санасы мен ұлттық сезімі бар орнықты ортақ тұлға болып қалыптасты. Жия айтқанда, қазақ ұлты алғы Чиң əулеті тұсынан бастап көктеп, Хəн, Уей əулеттері тұсында қалыптасып, Таң əулеті мен Түрік қағанаты кезінде, сосынғы Түргеш, Қарлық, Қарахан, Қарақытай мен Қимақ қағанаттары заманында өркендеп, моңғолдар шаңырақ көтерген кез бен одан кейінгі Алтын Орда мен Ақ Орда тұсында анағұрлым дамыды. 1456 жылы Керей хан мен Жəнібек хан қазақ тайпаларын бастап Шу мен Талас өңіріне келіп қазақ хандығын құрғанда қазақ ұлтының қалыптасу барысы негізінен аяқтады. XVI ғасырдың соңында Моғолстан, Ноғай, Сібір хандықтарындағы қазақ тайпалары ілгерінді-кейін қазақ хандығына қарады. Сонымен ортақ аты, ортақ тілі, ортақ аумағы, ортақ шаруашылығы жəне ортақ мəдениетінен бейнеленетін ортақ психологиялық бітімі бар, орнықты, біртұтас бір ұлттың қалыптасуы аяқтады” дейді. Расында да, “Батыс Хəн əулетінің басқы жылдарында, толып жатқан сақ тайпалары нүкістердің (Жүз, Роужы - С. Ж.) қысымымен Тəңір таудан асып Памирге қарай қашты. Алайда бір бөлік сақтар жұртта қалып нүкістерге бағынды. Кейінірек, Тəңіртаудың теріскейінде қалған сақтар тағы Үйсінге бағынды. Бүгінгі Орта Азия мен Шынжаңдағы талай ұлттың қанында сақтық құрам бар. Шынжаңның солтүстік региондарындағы ежелгі тұрғындар Қазақстанның Тəңіртауында болған сақтар мен кавказ нəсілді андрон мəдениетіндегі тұрғындарға байланысты. Ал, Шыңжаң оңтүстігінің байырғы тұрғындары кавказ нəсілділердің Ақтеңіз (Жерорта теңіз) типіндегілерімен қатысты”. Солардың бірі - қазақ. “Қазақ ұлты - рулық, тайпалық құрылымын недəуір толық сақтаған ұлт. Оның ішіндегі көп санды басты тайпалары Қытай мен өзге елдік ғалымдар жағынан баяндалған. Бұлар қазақ ұлтының қайнары мен қалыптасуын зерттеуді сенімді тағандармен қамдайды. Қазақ ұлтының басты түптөркіндік тайпалары немесе этностары ішінде Сақ, Ұлыжүз, Үйсін, Қаңлы, Алан, Ғұндар бар. Қазақ ұлтын зерттеуші тарихшылар, этнографтар мен археологтар қазақ ұлтының ататегі б. з. б. VII - IV ғасырларда Орта Азияда тұрған сақтар деп қарайды”. Қыдырбекұлынша айтқанда, “қазақтар - ежелгі сақтардың ұрпағы. Егер роман тілдес француздар келт тілінде сөйлеген ғаллдарды өзінің тірек-тағаны ( post. - С. Ж. ) санаса, онда түрік тілдес қазақ қай тілде сөйлегені даулы сақтарды түп-тұқияным деп айтуға неге хақысы жоқ!?”. Əрине, қазірде сақтардың қай тілде сөйлегені недəуір айқындалып, оның талай тайпасының түрік тілді екені расталды. Ендеше қазақтың ежелгі сақтардың ұрпағы екеніне тіпті де дау жоқ. 

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға