Жаңалықтар

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200 жылдық мерейтойы

Айтыстың асқақтауына, өлеңнің өрбеуіне, тарихымыздың толығуына талай тамаша еңбектерін мұра еткен, әдебиет әлемінде есімі алтын әріптермен әспеттелген атақты Сүйінбай Аронұлының қазақ халқы арасында алар орны ерекше.
28.05.2015 03:59 52225

Айтыстың асқақтауына, өлеңнің өрбеуіне, тарихымыздың толығуына талай тамаша еңбектерін мұра еткен, әдебиет әлемінде есімі алтын әріптермен әспеттелген атақты Сүйінбай Аронұлының қазақ халқы арасында алар орны ерекше. Бабамыз асқар тауды арқалаған Алатау бөктеріндегі Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында дүниеге келген.

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы

«Айтыс» десе, ең алдымен ауызға Сүйінбай ата келеді, бұл оның сөзден жеңіліс тауып көрмеген асқан шебер де шешен, ақиық ақын екендігін айғақтайды.­ Үстем тап өкілдерінен еш қаймықпай, көздеріне тура қарап, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп, әділетсіздіктерін бетіне басып айтудан жалтармай өткен батыл да, әділ сыншы болған.

Қазақта отау иесі атанатын шағынан бастап, ақындық өнері өрге өрлей бастаған. Замандастарына қарағанда ойы әлдеқайда озық, тілі өткір болған. Осы қасиеттерінің арқасында  жас Сүйінбай Оңтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстан аймақтарын түгел аралап шыққан. Өзіне дейінгі ақындардан өз атасы Күсептің жырларын, Жанкісі жыраудың өлеңдерін жақсы білген.

Сүйінбай ең алдымен айтыстың асқан шебері, ешкімге жүлде бермеген ерен ақын. Ақиық ақынның халық мұңын мұңдап, үстем тап өкілдерінің әділетсіздігін бетіне басып әшкерелеп отырған батыл да, әділ сыншы екендігін ескере отырып, Мұхтар Әуезов Сүйінбайға «Он тоғызыншы ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп бағасын берген. Сол алтын діңгектен өрбіп өскен Сүйінбай атаның шәкірті Жамыл Жабаев: «Менің пірім - Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп қанатты сөздерін арнап, пір тұтқан.

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған Сүйінбай атындағы мұражайдағы бұрыш

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы

Cүйінбай Аронұлының киген киімі

Өмір атты өзеннің арнасына терең сүңги отырып, замана болмысы, жастық пен кәрілік, жақсы мен жаман, қу дүние, пайдасыздық, керексіздік,  әйел-ана,  қанағат-рақым, достық,  ақымақтық  жайлы шығармаларды шебер туындата білген. 

1. Ер жігіт - ел-жұртының панасындай,
Жақсы әйел әммә жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай. 

2. Дүниеде қандай жақсы болсаң да - тіленсең қадірің кетер.

3. Жаман жігіт белгісі - алғаны мен бергенін сырттан жүріп санайды.

4. Әркім құмар жақсымен таласуға -  деген өлең жолдарынан Сүйінбай бабамыздың жақсы мен жаманның арасын жетік әрі шебер  айыра білгендігін аңғаруға болады.

Сүйінбай атаның балалық шағы жетіспеушілікпен өткен. Ішерге ас, киерге киім таба алмайтын күйді басынан өткерген ол, қанағат, рақым сөздерінің қасиетін бір сәтке де ұмытпаған.

«Қолдағыға қанағат - шүкір қылмасаң,
Болады бар да - арманда, жоқ та  – арманда» деген талантты ақын талай белестерді бағындырды, ол көрсеткен сый-құрмет өшпес атақ-даңқ әперіп, бойындағы сарқылмас талант бұлағының көзін ашты.

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы

Н.Ә.Назарбаевтың мұражайға берген сыйы

Қарақыстақ ауылы басы көкке тірелген асқар таудың бөктерінде жатыр, сол аңғардың жоғарғы саласында шағын обаның үстіне, көне бейітке Сүйінбай атаның сүйегі қойылған. Кесене ішіне кіріп, топырақ тастап, тілек тілейтіндерді Сүйінбай атаның тікелей ұрпағы Үсен аға құранымен қарсы алады. Кесене іші кең, жоғарыға көз салсаңыз қарлығаштар ұя салып, әрлі-берлі қанат қағып, әсем әнге салады. Үсен ағаның айтуы бойынша жыл сайын Сүйінбай атаның кесенесінің басына жалғыз қарға келіп қонады екен. Шырақшы қарға қонып, қарқылдаған кезді жақсылықтың нышанына балайтын көрінеді. Біреуге аңыз, біреуге шын болып көрінер, алайда қарғаға тән дауыстың жоғалып, «Алла, Алла» деген дауысқа айналатынын байқаған жұрт құсты видеоға түсіріп, дәлел ретінде көрсетіп жүрген жайлары бар. Бұл Сүйінбай атаның құдіретті жан болғанының айғағы болар.

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы

Сүйінбай ақынның мұражайындағы экспонаттардың бірі

Кесененің айналасы әсем гүлдер мен  ағаштардың түр-түрімен көгалдандырылғандықтан, жұпар иіс пен салқын самал есіп тұрады. Оның жанында сылдырлап ағып жатқан арықтағы судың құдіретті қасиеті бар деген сенімге сенентіндер де баршылық.

Кезінде октябрь орта мектебі атанған білім ордасы қазіргі таңда Сүйінбай бабамыздың есімімен аталынады. Мұнда ұстаздардан бастап, кішкентай бүлдіршіндерге дейін Сүйінбай атаны ауыздарынан тастамайды. Оқушылардың ақиық ақынға арнап шығарған өлеңдерінен том-томдап өлең жинақтарын шығаруға да болады. «Ақындар мен батырлар» атағын иеленіп жүрген жетісулықтар Сүйінбай атаның басқан топырағында дүниеге келгендерін ауыз толтырып, мақтанышпен айтады.  

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы Мұражайдың сыртқы көрінісі

Ауылға кірер жолда төбесін көкке көтерген Сүйінбай атаның мұражайы бой көтерген. Ақиық ақынның шығармашылығы мен өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне үлгі ету мақсатында 1996 жылы 24 тамыз күні Алматы облысының бастамасымен ашылған. Шығыстық үлгімен жасалған мұражайдың ішкі бөлігі екі үлкен зал мен фойеден құралған. Мұражай ауласына кірер жолда Сүйінбай ақынның мәрмәр тастан жасалған ескерткіш бюсті бой көтерген.

Сүйінбай атаның бақилық болғанынан бері талай жылдар өтсе де, ақынға деген құрмет пен сый мәңгілік алау болып жанатынына мол сенім бар. Өйткені, ақынның туған ауылындағы әрбір қабырға Сүйінбай ата жырын жырлайтындай күйге ендіреді. Кесенеге кіріп, мұражайды араласаңыз, Сүйінбай атаның дәуіріне саяхат жасағандай боласыз.

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы

Айтыс өнерінің дүлдүлі - Сүйінбай ата

«Айтыстың алтын діңгегі» атанған Сүйінбай Аронұлы биыл 200 жасқа толады.

Сүйінбай атындағы мұражайдың директоры - Садуақасова Аяужан Заманбекқызы: "Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен тарихқа, әдебиетке, мәдениетке жаны құмар жандар келіп, бабамыздың өміріне қызығушылықтарын білдіріп жатады. Ақиық ақынның рухына бағышталған түрлі шаралар өткізіп отырамыз. Мәселен, биылғы жылы Сүйінбай Аронұлы атындағы әдеби-мемориалды музейінде өткен ақынның 200 жылдық мерейтойына орай «Жетісу ақындарының алтын діңгегі - Сүйінбай» атты оқушылардың Сүйінбай атасына арнауларынан жарыс, Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай атындағы орта мектеп оқушылары арасында «Сөз асылы сөзде» атты Сүйінбай ақынның өлеңдерін оқудан жарыс және  ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау барысында Қарасай ауданының тарихи-өлкетану музейінде жылжымалы көрме ұйымдастырылған. Алматы қаласындағы Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейінде өткен «Өрен сөздің жүйрігі, жыр тұлпары» атты әдеби іс-шараға да қатыстық. Түрік мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ТҮРКСОЙ  ұйымының ұйымдастыруымен Түркияның бірнеше қаласында және Қырғызстанда Сүйінбай атаның 200 жылдық мерейтойына орай шаралар өткізу қолға алынған. Мұражайымыздың көркеюіне, ақиық ақынның ұрпаққа қалдырған асыл қазыналарын көзіміздің қарашағындай сақтауға бар жігерімізді аямаймыз" деген жақсы ниетін білдірді. 

Айтыстың алтын діңгегі - Сүйінбай Аронұлының биыл 200  жылдық мерейтойы

Текемет, самаурын, құмыра, келі....көненің көзі

Әдебиет әлемінің төрінен орын алған Сүйінбай ақынның әрбір өлеңі, әр адамды өрге басуға итермелейді. Себебі, оның жүрегінің түбін жарып шыққан әр шумақ жақсылыққа жетелеп, жаманнан алшақтатады, қолда барға қанағат етіп, жоққа төзімділікпен қарауға баулиды. Айтыстың алтын діңгегі – Сүйінбай бабамыздың әдебиетке салған ұясы бұзылмай, жалғасын таба берер деген  жақсы ниеттеміз.

Құлжанбай тегі Арайлым

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға