Жаңалықтар

«Әйел барса, ат сүрінеді». Көкпарда нәзік жандылардың жүргені дұрыс па?

«Әйел барса, ат сүрінеді». Көкпарда нәзік жандылардың жүргені дұрыс па?
Фото: Видеодан кадр 29.11.2023 15:42 4040

Жақында танымал әнші Мейрамбек Бесбаевтың Әулиеата өңірінде өткізген жаппай көкпарына әйелі Мархабат та барған еді. Бұл желіде көп талқыланды. Осы ретте этнографтың пікірі қандай? Бұл қаншалықты дұрыс? El.kz ақпарат агенттігі тілшісі жауап іздеп көрді.

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, бұл дұрыс емес.

«Әйел барса, ат сүрінеді». Көкпарда нәзік жандылардың жүргені дұрыс па?

 Қазақ дәстүрінде көкпар – тарту бағзы заманнан келе жатқан ат спорты ойыны. Ат үстінде аударыспақ ойнау, жерден теңге ілу көнеден бері жалғасып келеді. Бұрын бай-бағыландар келін түсіріп, қызын ұзатқанда көкпар беріп той жасайтын болған. Сол уақыттарда әйел адам атқа мініп көкпар тартпаған. Оған ерлер тарапы тыйым салды. Себебі нәзік жандылардың топтың ішінде жүруі оларға қауіп-қатер туғызады. Ал баруға және көруге тыйым салынбаса да, атқа мініп ерлермен иық тірестіріп көкпарға қатыспаған,- дейді этнограф.

Сарапшы көкпардың жөні бөлек екенін айтады. Бұл спорттық ойын топты тойға, қуанышқа арналғасын батырлардың білек күші, қарым-қабілеті сыналады деп отыр.

Тіпті сақ, ғұн дәуірінде көкпар ойыны әскери машық болған. Кейін бейбіт заманда үлкен той-томалақтың қуанышына, жақсылығына орай орайластыратын спорт түріне айналды. Бұл жерде батыл, епті, қарымды жігіттерді таңдап бағалап отырған. Әйел адам атқа мініп көкпарға қатыспайды. Ал бәйгеге шабу, қыз қуу ойынына қатыса берсе болады, – дейді Болат Бопайұлы.

Ол көкпар қуанышқа айналған жағдайда, әйел адам нәзік болғаннан кейін қайғы-қасірет, жамандық болмасын деп ырымдайтын болған деп отыр.

Көпар – негізінде жауынгерлер мен сайыпқырандардың қатысуымен қуаныш немесе тойда ұйымдастырылатын сайыс. Мұндай кезде атқа мініп, ерлердің ішінде әйелдің жүруіне ертеден тыйым бар. Ал барып оны тамашалауға  ешкімнің кедергісі жоқ. Себебі жасап жатқан қуаныш немесе той да ортақ қой. «Қатынның қалжасы, ердің олжасы ортақ» деген ертеден қалған сөз бар. Көкпарды жекелей де, бай адамдар да береді. Бұрынғы заманда серкені немесе лақты сойып, оны көкпарға салып, шаңыраққа лақтыратын болған. Қай үйдің шаңғырағына түссе, сол көкпаршыға сый-құрмет көрсеткен, – дейді этнограф.

Тарихшы Жамбыл Артықбаев көкпар жалғыз қазақтың ғана емес бүкіл түркі халықтарына ортақ сайыс және бір жағы мейрам  екенін айтып қалды.

«Әйел барса, ат сүрінеді». Көкпарда нәзік жандылардың жүргені дұрыс па?

Мейрам деуімнің себебі көкпарды той жасап жатқан үй береді. Ертеде көкпардың ережесі басқаша болатын. Оған мыңдаған адам қатысатын. Қазіргідей команда деген болмады. Әрине, бұл спорт ойынын белгілі бір той иелері өткізеді және оған тек ер адамдар қатысады. Ал әйел адамдардың қатысатынын естіген емеспін және көрмедім. Бірақ көкпарды бүкіл ел болып қызықтайды. Өйткені көкпар ат үстінде жүрген көшпелі халық үшін қызықты мереке. Бұл жерде жарыс та, тартыс та болады, – дейді тарихшы.

Тарихшы ер азаматтардың қол қайратын, тақым күшін, батылдығын, ептілігін толық көрсетуіне мүмкіндік беретін көкпар ойынының оңай емес екенін айтты. Көкпар ойнау үшін тақымы мықты және атқа дұрыс міне алу қажет.

Ал әйел адам көкпарға бара қоймайды. Себебі көкпар болғасын алыс-жұлыс көп болады. Жараланып, құлап өліп жататындар да бар. Аяқастында қалып қоятындар да кездеседі. Қазақ нәзік жандыларды мұндай ойынға араластырмайды және қолдамайды. Мәселен әйел адам көйлегі жалпылдап аяқтың астында жатса, көшпелілер қоғамына сын және айып болады. Өзін «рыцармын», «көшпелімін» деп жүрген адамдар әйел адаммен тартысып жүрсе, қандай ыңғайсыз көрініс болар еді, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Тарихшы көкпарға әйелдің араласуы көшпелілер этикасына сын және жатпайды деп отыр. Әйел адамның көрінетін өз ойындары бар екенін тілге тиек етті.

Мәселен оларға қыз қуу жарасады. Бұл ойынға бөтен адам шыға бермейді. Көп жағдайда қалыңдықпен айттырған өзінің күйеуі қатысады. Олар белгілі бір жерге дейін жарысып барады. Қыз қуудың ережесі бөлек. Ал көкпардың ережесі мүлде басқа. Бұған әйелдің араласуын құптамаймын, – деді тарихшы Жамбыл Артықбаев.

Бүгінде көкпар ұлттық ойынымыздың бірі. Біреулерге бұл дода қызық болса, енді бірі жаппай көкпар тартуды құптамайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға