I шақырылымдағы Құрылтай Спикері болып Айбек Дәдебай сайланды. 144 депутат президент ұсынған кандидатураны қолдады.
Сондай-ақ Құрылтай төрағасының орынбасарлары лауазымына Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиеваны сайланды. Бекназаров пен Зәкиева "Әділет" партиясынан, ал Еспаева "Ақ жол" партиясының төрағасы екенін айта кетейік.
Бұдан бөлек, Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылды. Олардың төрағалары болып сайланды:
- Серік Егізбаев – Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті;
- Үнзила Шапақ – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті;
- Марат Қожаев – Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті;
- Әмірбек Оспанбеков – Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті;
- Асхат Аймағамбетов – Әлеуметтік-мәдени даму комитеті;
- Ольга Перепечина – Қаржы және бюджет комитеті;
- Дархан Ахмедиев – Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті;
- Наталья Годунова – Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті.
Айбек Дәдебай
Айбек Арқабайұлы Дәдебай 1980 жылғы 1 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Құрылтай депутаты болып сайланғанға дейін мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтер атқарып, «Әділет» партиясын басқарған.
Дәдебай Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алған. 2001 жылы «Құжаттанушы-халықаралықтанушы» мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, кейін аймақтану мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы ретінде бастаған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Парламент Сенатының Аппаратында парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен айналысқан.
2011 жылы Дәдебайдың дипломатиялық қызметі басталды. Ол Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде атташе және үшінші хатшы қызметтерін атқарды. Дипломатиялық дәрежесі – II сыныпты кеңесші.
Қазақстанға оралғаннан кейін Дәдебай Сенаттағы жұмысын жалғастырды. 2013 жылдан бастап Сенат Төрағасы хатшылығы басшысының орынбасары және басшысы қызметтерін атқарды.
2019 жылы Дәдебай Президент Әкімшілігіне ауысып, Президент Кеңсесі басшысының орынбасары болды. 2021 жылы Президент Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалып, кейін Президент Іс басқармасын басқарды.
2024 жылғы 6 ақпаннан 2026 жылғы 5 мамырға дейін Айбек Дәдебай Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.
Мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін ол «Әділет» партиясын басқарды. 2026 жылғы 7 мамырда Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды. Ал шілде айында партиялық тізім бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды.
2026 жылғы 27 тамыздан бастап Айбек Дәдебай «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы бірінші шақырылымының Құрылтай депутаты болды.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Айбек Дәдебай бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталған. Олардың қатарында І дәрежелі «Барыс» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалі бар.
Нұрлан Бекназаров
Нұрлан Құдиярұлы Бекназаров 1964 жылғы 12 маусым күні Шымкент қаласында туған. Ол еңбек жолын 1984 жылы Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда бастаған. Мұнда әдіскер, инженер, бас инженер, директордың орынбасары және директор қызметтерін атқарды. 1984-1992 жылдары стадионның басшылық қызметтерінде жұмыс істеді.
1992-1996 жылдары облыстық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі басқарманы басқарды. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік сақтандыру компаниясы бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
1996-2003 жылдары «Сенім» ЖАҚ, «Санур» ЖШС және «Трансойл» АҚ филиалында директордың орынбасары, вице-президент қызметтерін атқарды.
1999-2018 жылдары Шымкент қалалық мәслихатының II, III, IV, V және VI шақырылымдарының депутаты болды.
2003-2011 жылдары Шымкент қалалық мәслихатының тексеру комиссиясының төрағасы қызметін екі шақырылым қатарынан атқарды. Ал 2011-2018 жылдары қалалық мәслихаттың үш шақырылымында хатшы болды.
2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқарып келеді. Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы болды.
2023 жылдан бастап Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы қызметін атқарады.
Білімі-жоғары: Инженер - құрылысшы; Инженер - экономист; Экономист - қаржыгер; Заңгер.
Еңбегі үшін «Парасат» ордені және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Дания Еспаева
Дания Мәдиқызы Еспаева 1961 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы бухгалтерлік есеп және несие техникумын тәмамдаған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономика мамандығы бойынша бітірген.
Дания Еспаева еңбек жолын банк саласында бастаған. 1982-1986 жылдары КСРО Мемлекеттік банкінің Ақтөбе облыстық департаментінің несие бөлімінде экономист болып жұмыс істеді.
1986-1987 жылдары аталған департаменттің несие бөлімінде аға экономист қызметін атқарды. 1988-1991 жылдары Промстройбанктің облыстық басқармасында ақша айналымы бөлімінің аға экономисі болды.
1992-1995 жылдары «Тұран» АҚ Ақтөбе филиалының бас бухгалтері және директор орынбасары қызметтерін атқарды.
1995-1997 жылдары «Әлем Банк Қазақстан» АҚ Ақтөбе облыстық департаментінде несие бөлімінің бас маманы, несие кафедрасының меңгерушісі және кредиттеу бөлімінің бастығы міндетін атқарушы болды.
1998-2005 жылдары «БТА Банкі» АҚ-да корпоративтік бизнес директорының орынбасары қызметін атқарды.
2006-2014 жылдары «БТА Банкі» АҚ Ақтөбе филиалын басқарды. 2014-2016 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры болды.
2008-2016 жылдары екі шақырылым қатарынан облыстық мәслихат депутаты болды.
2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты қызметін атқарды.
2023-2026 жылдары ҚР Парламенті VIII шақырылым Мәжілісінің депутаты әрі Мәжіліс төрағасының орынбасары болды.
Сонымен қатар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі, облыс әкімдігі жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның мүшесі болды.
Дания Еспаева мемлекеттік және кәсіби марапаттарға ие болған. Атап айтқанда «Құрмет» ордені, «Парасат» ордені, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені (2026 жыл) және «Үздік қаржыгер» атағы.
Динара Зәкиева
Динара Болатқызы Зәкиева 1982 жылғы 22 желтоқсанда дүниеге келген. 1998-2002 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде білім алып, «Халықаралық құқық» мамандығын меңгерген. 2001 жылы Қытайдың Бейжің қаласындағы Тіл және мәдениет институтында білім алған.
2004 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2013 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласындағы Hult International Business School оқу орнында MBA дәрежесін алған.
2004-2005 жылдары Астана қаласындағы «ТопЮрАудит» ЖШС-де бас директордың орынбасары қызметін атқарды.
2005 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінде бас маман болып жұмыс істеді.
2006 жылы «Antarex» ЖШС-нің негізін қалап, Астана қаласындағы «Rafe» мейрамханалар желісін құрды.
2007-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Президент хаттамасы бөлімінде сарапшы қызметін атқарды.
2011 жылы «Қасиетті Жол» қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы болды.
2013-2015 жылдары «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары хатшылығы меңгерушісінің орынбасары әрі партияның халықаралық ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды.
2017-2019 жылдары Астана қаласы әкімдігінің «Балалар үйі» КММ директоры болды.
2019 жылы «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті басқарды.
2019-2021 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының басшысы қызметін атқарды.
2023 жылғы 12 маусымнан бастап Динара Зәкиева Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді.