Жамбыл облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында соңғы жылдары ауылдардың келбеті айтарлықтай өзгерген. 2019–2025 жылдар аралығында өңірдің 189 ауылында жалпы құны 81,9 млрд теңгені құрайтын 1 073 жоба іске асырылды, деп хабарлады облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы.
Ведомство мәліметінше, жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған. Осы кезеңде елді мекендерде әлеуметтік нысандар көбейіп, инженерлік желілер мен жолдардың жағдайы жақсарған.
Нақтырақ айтқанда, 71 білім беру, 35 денсаулық сақтау, 54 мәдениет, 51 спорт және 85 коммуналдық-шаруашылық нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 892 шақырымды құрайтын 776 ауылішілік көше орташа жөндеуден өтті.
Биыл өңірде өтпелі 19 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бірқатар ауылдарда мектептерге жапсарлас ғимараттар салынып, жаңа спорт кешендері мен мәдениет үйлері ашылады.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бері іске асырылып келеді. Оның басты мақсаты – ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, деп атап өтті ведомство.
Айта кетейік, облыста 357 елді мекен бар. Оның 353-і ауылдық аумақтар болса, онда 678,3 мың адам немесе өңір халқының 55,8 пайызы тұрады.