Жаңалықтар

Ауыл тұрғындары Қазпошта бөлімшелерінде мемлекеттік қызметтерді ала алады

Ауыл тұрғындары Қазпошта бөлімшелерінде мемлекеттік қызметтерді ала алады
Фото: El.kz 30.03.2023 09:21 498

«Қазпошта» АҚ «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен бірлесе отырып Алматы, Павлодар және Ақмола облыстарында пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі kazpost.kz-ке сілтеме жасап.

Енді аталған өңірлердің тұрғындары ауылдық пошта бөлімдерінде шамамен 27 мемлекеттік қызметті ала алады. Оның ішінде жәрдемақының кейбір түрлерін, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қызметтерге құжаттарды рәсімдей алады, мекенжай бойынша тіркеліп, мұрағаттық анықтамаларды немесе мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін ала алады.

Ауылда мемлекеттік қызметтерді ұсыну тұрғындарға аудан мен қалаға жолға кететін уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік беріп, ауылдық бөлімшелер жұмысын ынталандыруға әрі олардың экономикалық тиімділігін арттыруға жол ашады.

“Мемлекеттік қызметтерге және мемлекеттік органдарға қол жеткізу нүктелерін ашу бойынша жұмыс - бұл ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне кепілдік беріп қана қоймай, цифрлық сервистер мен өзге де мүмкіндіктерді танымал етуге мүмкіндік беретін базалық жоба. Биыл 100-ге жуық осындай нүкте ашылады, алдағы уақытта 2 мыңға жуық осындай нүктелерді қамту жоспарлануда”, - деп атап өтті цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Қазіргі таңда Қазпошта ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстарын жүргізуде әрі әдістемелік және интеграциялық процестерді дайындауда. Дайындық кезеңінде ХҚО жүйесі тестілеуден өтіп, мемлекеттік қызмет көрсетудің реті мен алгоритмі зерттелді. ХҚО ақпараттық-коммуникациялық жүйесінде жұмыс істеу үшін ауылдық бөлімшелердің 50 операторы оқытылды.

«Бүгінде ауыл тұрғындары жолға уақыт кетіріп, сол үшін бүкіл жұмыстарын тастап, уақытты босқа өткізгілері келмейді. Ол үшін мемлекеттік корпорация осындай мүмкіндік беріп отыр. Біз мемлекеттік қызметтерді кез келген адам ала алу керек деп ойлаймыз. Осы ретте қызметті алушының жеке мәліметтері құпия сақталатынын айтқымыз келеді. Қазпошта қызметкерлері ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде Мемлекеттік корпорация саясатын ұстанатын болады», - деді Мемлекеттік корпорация басқармасы төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

«Көптеген ауыл тұрғыны үшін пошта – күнделікті тұрмысқа қажет қызметтерді алудың жалғыз көзі. Қазір біз мемлекеттік қызметтерді 50 ауылдық пошта бөлімшесінде көрсетуге дайынбыз, ал болашақта мұндай бөлімшелердің санын тағы да көбейтпекпіз. Алдағы уақытта біз олардың санын шамамен 2000 бөлімшеге дейін жеткіземіз деген жоспарымыз бар және олардың барлығында түрлі мемлекеттік қызметтер көрсетілетін болады», - деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға