Жаңалықтар

"Ауыл" партиясының кезектен тыс съезі өтіп жатыр

"Ауыл" партиясының кезектен тыс съезі өтіп жатыр
Фото: El.kz 04.02.2023 11:44 2795

"Ауыл" халықтық демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXII съезі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Партия төрағасы Әли Бектаев партияның осымен үшінші рет Парламент және мәслихат сайлауына қатысып жатқанын тілге тиек етті.

“2017 жылы бірінші сайлауда біздің көрсеткіш көңілімізден шыққан жоқ. Содан бері “Ауыл” партиясы өзінің жұмысын жандандырып, ой түзеп, өзінің жұмысына толық өзгерістер енгізе отырып, құрылымын қалыптастырды. Қазіргі уақытта саяси ұйымға айналды деп толық сеніммен айта аламын. 2012 жылғы сайлауда біз Парламент Мәжілісіне өте алмадық. Сол кездегі мәслихат сайлауында жергілікті мәслихаттардың депутаттығына 237 азамат өтті. Бұдан бөлек, ауыл әкімдерінің сайлауында 35 ауыл партиясының мүшесі әкім болып сайланды”, - деді ол.

Сондай-ақ, төраға биылғы сайлаудан үлкен үміт күтетінін айтты. Съезде сайлауалды партия бағдарламасы, Парламент сайлауына түсетіндердің тізімі мен ұсыныс-пікірлері талқыға түседі.

“Партияның бағыты еш уақытта өзгермейді. Ауыл шаруашылығы мен аграрлық саланы және ауылдық елдімекендерді дамыту аса маңызды екенін айтқым келеді. Ауыл біздің тұрақты болашағымыз және жұмысымыздың негізі болып есептеледі. Ауыл мемлекетіміздің, еліміздің экономикасының негізі және драйвері. Ауылдың жағдайын түзеп, ауылдағы азаматтарды тұрақтандыратын болсақ, қаланың да жағдайы жақсармақ", — дейді төраға.

"Ауыл" партиясының қалалық филиалдарында өткен конференцияларда 600-ден астам кандидаттар мәслихат депутаттығына ұсынылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп дейді, төраға. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға