Жаңалықтар

Атырау өңіріндегі киелі жерлер

Қазақстанның киелі нысандары
Атырау өңіріндегі киелі жерлер
31.05.2018 09:22 27818

Атырау облысы тарихи ескерткіштерге бай өңір. 313 нысан жергілікті тізімде тұрса, төртеуі Қазақстанның киелі 100 нысанының тізіміне еніп отыр. Олардың қатарында рухшыл, азатшыл ақын Махамбет Өтемісұлының кесенесі, тарихи маңызға ие болған Сарайшық қаласының орны, Жылыой ауданындағы қасиетті Ұшқан ата кесенесі және Пір Бекеттің өзі ғұмыр кешкен Ақмешіт қорымы бар.  

Ұшқан ата кесенесі

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде бірнеше кесенелер кіретін алып қорым бар. Ұшқан ата атауы туралы халық арасында бірнеше аңыздар тараған. Оның бірі осы маңайда ағатын үш өзенге байланысты, яғни «үш аққан» дегенге әкеп тіресе, екіншісі қазақ пен қалмақ арасында болған соғысқа байланысты «үш қан» аталуы мүмкін. Ал кей ел аузында жүрген әңгімеде Ұшқан ата өз туыстарына зардабын тигізген дұшпанымен соғыста жан тәсілім еткені айтылады. Қорым орналасқан жер өзінің табиғат сұлулығымен ерекшеленеді. Себебі, жан-жағын қоршай аққан бұлақ суы көшпенді халықтың өмір сүруіне аса қолайлы болған. Мұндағы бірнеше ғасырлар бойы түрлі пішінде жерленген, сәулетімен де ерекшеленетін мазарлар саны екі жүзден асады. Ал Ұшқан атаның оңтүстік-батыс жақта тұрған қорымы көне дәстүрмен топырақ үйілген, ал басына жай ғана ағаштан белгі тұрғызылған. Бұрындары мазарға жақын маңнан кішігірім мешіт салынғанымен, көп ұзамай бұзылып кетіпті. Қорымда күйдірілмеген кірпіштен қаланған сағана тамдар, төрт бұрышты болып келген қоршаулар, сондай-ақ өрнектелген қойтастар бар. Мұндағы мазарларға қойылған құлпытастарды 3-ке бөліп қарастыруға болады. Олардың бір бөлігі кішігірім қорап секілді тастан қашалған, ерекше оюланып, жоғарғы жағы жұмырланып келген құлпытастар ХVІІІ ғасырдың орта тұсынан ХІХ ғасырдың бас жағында қойылған. Ал ХІХ ғасырдың орта шебінде қойылғандары ұзын тақтайшаларға әсемделіп, араб жазуымен жазылған (өмірден озған жанның аты-жөні), жоғарғы тұсы дөңгелекше бітеді. Соңғы құлпытастар өте үлкен етіп тұрғызылған, биіктігі шамамен 3-5 метрге дейін жетіп, басқаларынан ерекшеленіп тұрады. Ұшқан ата - Қазақстандағы киелі нысандардың тізіміне енгізілген.

Ақмешіт қорымы

Ақмешіт қорымы Атырау облысына қарасты, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай деп аталатын ауылдың солтүстік-шығысына қарай 30 шақырым жерде орын тепкен. Осы маңда болған Дюгамель қорым жайында былай дейді: «Ақ бор төбенің үстіндегі қасқыр үңгіріне ұқсайтын тесікке бір кісі әрең сыяды, ал ары қарай үңгірдің ені 2,5 метрге жетеді, биіктігі адам бойымен шамалас киіз үй тәрізді сағана іспетті тамға қарай кіреді».

Атақты діндар, ағартушы, абыз Бекет Мырзағұлұлы осында ғұмыр кешкен. Қазақ халқы құрметтеп, әулие санаған Бекет ата 1771 жылдары Ақмешітте жер асты мешітін тұрғызып, шәкірт дайындаған. Мұнда оның ата-анасы Мырзағұл мен Жания және бір бауыры жер қойнына тапсырылған. Жер астындағы қасиетті үй екі бөлмеден тұрады және үш қабатталған доға арқылы бірігіп, мықты етіп салынған. Ол борлы құрылыстан тұрады, бір бөлмеге даладан жарық кіреді. Жарларға қуыстарды ойып жасаса, оңтүстік-шығысында михраб орын тепкен. Ол – Меккеге бағыттайтын доға, сол сияқты бағанамен көркемделген текше, яғни имамның намаз оқуға лайықталған орны. Осы жер арқылы ол басқа намаз оқып тұрғандардың алдыңғы жағында тұрады.

Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Пір Бекеттің Қазақстанның батыс өңірінде төрт мешіті бар. Оның бірі осы Ақмешіт болса, келесісі Бейнеуден жиырма шақырым әрірек орын тепкен. Үшінші мешіт Үстірттегі Байшатыр аталатын жерде болса, соңғысы Оғланды шатқалындағы жартаста салынған. Бұл «Алланың үйін» ХІХ ғасырда дін таратушы ғалым әрі сәулетші Бекет атаның шәкірті болып келетін Құлшан салған. Сол үшін кей жерлерде Ақмешіт-Құлшан деген атау қосарланып жүреді. Ілгеріде айтылған қасиетті төрт орынға да келушілердің аяғы үзілген емес. Ақмешітте арнайы түнейтін орындар мен ас үй бар. Шырақшы болып Бекет атаның 7-ші ұрпағы Ислам Мырзабекұлы отыр. Қазірде бұл орын республикалық киелі жерлердің тізімінде.

Сарайшық қаласының орны

Қазақ хандығы үшін аса маңызды қалалардың бірі болған Сарайшық қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты Сарайшық ауылында орналасқан. Оның Ұлы Жібек жолында орын тебуі қаланың атын шығарып, оның маңыздылығын арттыра түскен. Бір ағылшындық саяхатшының дерегіне сүйенсек, ол шаһар арқылы 30 күнде жеті жүзден аса керуен өткен. ХІІ-ХV ғасырда бұл жерде қолөнер жақсы жолға қойылған, сол сияқты ақша шығаратын сарай да болыпты. Зерттеу жұмыстары кезінде мұннан құбырлар табылған, яғни Сарайшықтың гүлденген дәуірінде адамдар арнайы құбыр арқылы су алған.

Ғалымдар қаланың жоспары Мәскеудегі Қызыл алаң мен Кремльден аумайтынын алға тартады. Бүгінгі Ресейдегі көпке танымал орындар сонау Ұлы Жібек жолында гүлденген қаладан айна-қатесіз көшірлгенін байқау қиын емес. Бұл жерде жеті хан жерленген, олар: Сартақ, Берке, Тоқтақия, Әз Жәнібек, Қасым және Ноғай хандары Исмайл мен Ораз.

Сарайшық қаласы небір зұлмат дәуірлерді бастан өткерген. Оны 1395 жылы Ақсақ Темір күйретіп кеткен. Бірақ, соған қарамастан қала қайтадан жанданып, Жәнібек пен Бұрындық хан тұсында астана болып бекітілген.

Сарайшық археолог ғалымдардың айтуынша, хорезмдік тұтқындардың жәрдемімен Х-ХІ ғасырда бой көтерген Сааксин қаласының орнына тұрғызылған. Ал атауының Сарайшық болуына қатысты бірнеше деректер кездеседі. Оның негізгі шығу тарихы Сарай-Жукпен («жук» монғол тілінен «жуық» мағынасында) байланыстырылады. Сол секілді аталған қала Дешті Қыпшақтың батыс өңірдегі астанасы болуы да ықтимал. Бұл туралы «Айқын» газетіне Төреғали Тәшенов мысал келтіріп кетеді.  Автор сол сияқты мынандай қызықты аңызды мақаласына түрте кетіпті. Жәнібек ханның қызының есімі Сара болса керек. Оған келген бозбалалар «Сара шық» деп айқайлайды екен. Қала атауы осыдан да бастауы алуы мүмкін делінеді. Не десек те бұл аңыз. Дәлме-дәл келетін нақты дәйекті ғалымдарыдың өздері де айта алмай отыр.

Қазба жұмыстары бұл қала орнынан көптеген құнды жәдігерлер тауып алған. Оның бірі – екінші «Алтын адам» атауын алған сарматтың жауынгері. Тағы бірі әлемде екі ғана данасы бар кесе табылған. Онің бірі Египеттен, екіншісі осы маңнан қазылып алынған. Кесенің ерекшелігі у құйылса түсін өзгертуінде жатыр. Соған қарағанда оны тек хандар пайдаланған болуы мүмкін. Осындай тарихи маңызға ие болған қаланың орны бүгінде Қазақстанның киелі нысандарының қатарында тұр.

Махамбет Өтемісұлының кесенесі

ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен қазақтың терең ойлы ақыны, ержүрек батыры Махамбет Өтемісұлының кесенесі Атырау облысы, Индер ауданы, Жерсуат елді-мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан. Кесене оның мазарының үстіне тұрғызылған. Ол салынбай тұрып, тек құлпытасы бар сегіз қырлы тас табыт қана болған екен. Сәулетші Демесінов Көпбол ақ тастан ескі шығыс сәулет үлгімен керемет ескерткіш тұрғызады. Толық біткен уақыты 1995 жылдың 30-шы қыркүйегі. Сол уақыттан бері, бұл орын көпшілік келетін киелі жердің біріне айналды. Ақынның жер қойнына тапсырылған орнын бірінші болып ХХ ғасырдың орта тұсында жергілікті ақын Б. Аманшин зерттеген еді. Араға 30 жыл салып, ҚазКСР Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен Орал экспедициясы арнайы зерттеуге шықты.

Ескерткіштің төбесі күмбезбен, сол сияқты қондырма барельефпен безендірілген көп қырлы болып келеді. Құрылысқа негізінен бетон пайдаланылған, сыртқы шеңбердің диаметрі – 7,6 метр болса, ішіндегісі – 6,2 метр. Жалпы биіктігі 12 метрден асады. Кесенеге кірер тұста оюланған арка тұр. Жалпы мұнара кең даланың төсінде алыстан көзге ұрынып, өршіл ақынның бейнесіндей сағымдайды.

Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы дүниеге келген. Ол медреседе сауат ашып, білімін Орынборда жалғастырған. Махамбет 5 жыл бойы Бөкейдің ханы Жәңгір мұрагерінің тәрбиешісі болған. Баршылықта ғұмыр кешкен ол қоғамда болып жатқан әділетсіздікке бағына алмай, патша өкіметінің қазақты қанауына шыдас бермей, көтерлістерге белсене ат салысқан. Сондай сәтсіз көтерілісте жеңіліс тауып, екі жылдай уақыт темір торда отырған кездері де болған. Түрмеден қашып құтылған Махамбет досы Исатайдың 1836-37 жылдары ұйымдастырған көтерілісіне білек сыбана кірісті. Бірақ, Исатай Тайманұлы Ақбұлақ бойындағы ұрыста қапыда қаза тауып, Махамбет хас дұшпандарынан жасырынып жүруге тура келеді. Өкінішке қарай, ол 1846 жылдың қазанның 20 жұлдызында жауы жіберген жалдамалы адамдарының қолынан мезгілсіз қаза табады.

Ақын өз шығармашылығына көтерілісті басты тақырып етіп алған. Оның өлеңдері ұран іспеттес, қазақты қайрап, бұғып жата бермей, әділеттілік үшін күресуге, азаттық үшін жауға қарсы тұруға үндейді. Сол сияқты бір ұлттың бүкіл арман-тілегі, мақсат-мұраты оның шығармасына сыйып кеткен. Жалынды қазақ ақыны тек батырлығымен емес, ақын ретінде де қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қоса алды. Оның шығармалары мектеп оқулығына еніп, жас бүлдіршіндердің бойына патриоттық сезім ұялатып жүр. Ал мазар басына тұрғызылған кесене бүгінде Қазақстанның киелі нысандарының қатарынан көрініп, мемлекеттік қорғауға алынған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға