Жаңалықтар

Ат спортының артықшылықтары

Ат құлағында ойнаймын десеңіз...
15.08.2016 12:05 18730

Қазақта атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық спорт түрлері көп. Соның ішінде көкпар, қыз қуу, теңге алу, бәйге, жорға жарыс, жігіт жарыс, жамбы ату сияқты икемділікке, ептілікке баулитын ойындардың бір парасы бүгінде ұлттық спорт ретінде танылып, көпшіліктің көзайымына айналды.

Жалпы, ат спорты – бірегей спорт. Ол адамға еркіндік  пен ерекше ерік-жігер сыйлайды. Тіпті, мінез-құлық саулығын қалыпқа келтіріп қана қоймай, иппотерапия тәсілі ретінде сауықтыру үшін емдік мақсатта кең қолданылады. «Мұнда, әсіресе, артық салмақтан арылуға, біркелкі фитнес-жаттығуды алмастыру үшін келетіндер көп» дейді «Алтын тұлпар» ат спорты кешенінің қызметкері Самат Сүлейменов.

Ат спортының артықшылықтары

Саматтың мамандығы – мал дәрігері. Оқуды бітіре сала осы орталыққа жаттықтырушы болып орналасқан Самат бұл жерде 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен ол бұл жұмыстың қиындығы да, қуанышы да қатар жүретіндігін айтады. Өйткені, асау үйретемін деп жүріп талай рет аттан құлап, жарақат та алған. Тәжірибелі жаттықтырушы бізге ат спортының пайдасы мен атқа дұрыс мінудің алғышарты туралы әңгімелеп берді.

Астана қаласының сыртында орналасқан «Алтын тұлпар» ат спорты кешені – Қазақстандағы ірі демалыс орталықтарының бірі. Жалпы аумағы – 2 900 га. Аптаның қай күні болмасын, мұнда келушілердің қарасы толастаған емес.

Ат спорты кешені жазда да, қыста да жұмыс істейді. Оқу құны сағатына 4-5 мың теңгеден басталады. Жеке сабақтардың бағасы уақытқа байланысты белгіленеді. Балалар мұнда 12 жастан бастап қабылданады.

«Спорттық жылқылардың бағасы 100 мың еуродан жоғары»

«Біздің ат спорты кешеніміз 1999 жылы құрылған. Мақсатымыз – Қазақстандағы ат спортын дамытуға үлес қосу. Орталықта асыл тұқымды 50-ден астам ат бар (дүниежүзінде жылқының 250-дей түрі бар екен). Олар алыс-жақын шетелден, ел ішінен де сатып алынған. Біздің орталықта таза қанды араб, ағылшын жылқылары, жазық дала жылқысынан Қостанай жылқысы, тек спортқа арналған еуропалық асыл тұқымды таңдаулы жылқылар мен Дон, Буденный жылқылары өсіріледі» деген Самат бұл спорт қымбатқа түсетінін айтады: «Жылқы жануары жалпы қымбат мал ғой, спорттық мақсаттағы жылқылардың бағасы өте қымбат болады. Орта есеппен спорттық жылқылардың бағасы 100 мың еуродан жоғары».

Оның айтуынша, жылқының өзі, әбзелдері, ер-тұрманы қымбат тұрады. Күтімінен бөлек, олимпиадалық жарыстарға спортшыдан бөлек аттың өзін алып жүру де оңайға соқпайтын көрінеді.

Ат спортының артықшылықтары

Бұл жылқының аты – Шерхан. Тұқымы – орыстың желісті жылқысы. Қырғыз Республикасынан әкелінген. Қазір Шерханның жасы – 13-те (жалпы, ат 25-30 жылға дейін өмір сүреді). Келушілердің көбі осы атқа қызығады. Өйткені, жүрісі жеңіл, мінезі жұмсақ, айтқанға, айдағанға көнбіс.

Жылқылардың әрқайсысының тұратын орны бар. Күніне үш мезгіл жем-шөбі беріледі. Мөлшермен 6-7 келі сұлы, одан басқа, шөп, сәбіз жейді, дәрумендер қабылдайды. Аттардың үсті күніне екі рет тазаланады.

Ат спортының артықшылықтары

Биыл алтыншы сыныпқа көшкен Арафат Бердалының ат спортымен айналысып жүргеніне 1 айдай уақыт болған. «Қатты шаба алмасам да, мен өзгелер сияқты атқа мінуден, оларға жақындаудан қорықпаймын» дейді ол. Одан бөлек, теннис ойнағанды ұнататын Арафат клавишті музыкалық аспаптар үйірмесіне бес жылдан бері қатысып жүр.

«Әлемдік масштабта алатын болсақ, Қазақстанда олимпиадалық ат спорты енді дамып келеді. Қазіргі уақытта ел арасында ат спортына деген ерекше қызығушылық оянды деуге болады. Әсіресе балаларын осы спорт түріне жетектеп әкелетіндер көп. Біздің орталықтың оқушылары халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүр. Шәкірттеріміз биыл шілде айында Омбы қаласында өткен бүкілресейлік жарыста жүлделі орынға ие болды» дейді Самат. Оның айтуынша, орталықта  шоу-бағдарламалар мен спорттық шаралар жиі өтеді.

Атқа мінуді тез үйренудің алғышарты

Атқа міну күннен-күнге сәнге, әрі демалыстың озық үлгісіне айналып келеді. Егерде атқа мінуді, дұрыс отыруды үйренгіңіз келсе, жеке сабаққа жазылғаныңыз дұрыс. Атшаптырым манежде тәжірибелі жаттықтырушының кеңесімен жүріс, желіс, шабыс техникасын меңгеретін боласыз. Алғашқы кезеңде қауіпсіздік ережесін, ат ерттеу, суыту, аяңдап жүруді түсіндіреді. Осыдан соң ғана ат жүрісінің өзге де түрлеріне қаныға бастайсыз. Мысалы, аяңнан біршама өнімдірек жүріс желіс арқылы сіз сағатына 13-50 шақырымды артқа тастайсыз.

Атқа мінуді үйрену әркімнің ынтасы мен жігеріне, физикалық жаттығуы мен жаттықтырушысына тікелей байланысты. Саматтың айтуынша, аптасына 2 рет тұрақты жаттығу арқылы ұзағанда үш айда үйреніп кетуге болады.

«Атқа ,негізінен, сол жағынан мінеді. Отырмастан бұрын тізгінді жалымен бірге жинап ұстау керек. Тізгін бос болмауын қадағалаңыз, сондай-ақ, аттың басын қатты тартпау қажет. Ерге жақын отырып, арқаны тік ұстайсыз. Құлап қалмас үшін тепе-теңдікті сақтап, тақымды берік қысу керек» дейді жаттықтырушы.

Ат спортының артықшылықтары

Атқа тез үйренісу үшін оған үнемі жылы сөздер айтып, ұрмай-соқпай, жақын жаныңыздай көру керек. Арқасынан қағып, маңдайынан сипап қойыңыз. Өзіңізбен бірге сәбіз, алма ала жүріп, атыңызға ара-тұра беріп қою достық қатынастарыңызды арттыра түспек. Дегенмен, ат кейде қатты дауыстан, аяқ асты қимылдан үркіп жатады. Мұндайда аттан құлаудың да өз тәртібін есте сақтаған жөн. Неғұрлым бір иықпен аунай құлаған дұрыс, қандай жағдай болмасын арқамен жығылу мертіктіруі мүмкін. Иә, киім ретін де айтуды ұмытпайық. Ең маңыздысы – аяқ киім. Жеңіл, жұқа аяқ киім кигенде сақ болыңыз. Тепе-теңдікті сақтай алмай қалған күнде аяғыңыз үзеңгіден өтіп кетсе, атқа сүйретіліп қалуыңыз оп-оңай. Сондықтан, қонышы ұзын етік киген дұрыс. Одан бөлек, шалбар таңдағанда неғұрлым дене қимылына үйлесімді, еркін жүріп-тұруға ыңғайлы киім киіңіз. Мұндайда көбіне спорттық трикотаж шалбарлар қолайлы. Ең маңыздысы – каска. Көп клубтарда ақылы негізде каска беріп жатады. Бас тартпаңыз, бұл жерде қауіпсіздік маңызды.

Атқа мінудің денсаулыққа пайдасы қандай?

Атпен аяңдай жүріп серуендеу денсаулыққа және көңіл-күйге пайдалы. Жылқы есті жануар болғандықтан қамқорлықты сезіне алады. Буын, омыртқа аурулары, жедел және созылмалы құлақ аурулары жиі мазалайтын ересек жандар мен балалар үшін сауықтыру мақсатында пайдалы. Атқа мінген адамның бойында күш пен сенімділік артады. Таза ауада атпен серуендеу ағзаны оттегімен байытып, жасарта түседі. Сонымен бірге зат алмасуды реттеп, қан айналымы жақсарып, ағзадағы токсин, өзге де зиянды заттарды шығаруға көмектеседі.

Ат спортының артықшылықтары

Ат үстіндегі адам денесін үнемі тепе-теңдікте сақтауға тырысады. Сол себепті, жауырын, іш, кеуде бұлшық еттерінің қызметін босатып-қатайтып отыру арқылы жайшылықта әрекетке түсе қоймайтын бұлшық еттері де іс-қимылға көшеді.

Саматтың айтуынша, атқа міну – артық салмақтан құтылудың таптырмайтын әдісі. Егер, сіз салт атпен аяңдай отырып 1 сағат жүретін болсаңыз, кемі 300 калория жоғалтасыз, ал үзбей желістен 700 калория жойылады екен.

Жазиралы алқап, күннің сәулесі молынан құйылып жатқан атырап, сылдырап аққан су, жетегіңізде шылбырын сүйреткен жирен... Бұдан артық қандай романтика керек болуы мүмкін?! Құрметті оқырман, өзіңіздің аяулы уақытыңыздың бір күнін салт атпен серуендеуге арнап көрерсіз, бәлкім?! Осынау ерекше жаратылыс жылқы жануарымен тілдесу арқылы табиғаттың ажырамас бөлшегіне айналып кеткеніңізді бір күні сезбей де қаларсыз.


Ая ӨМІРТАЙ

Суреттерді түсірген: Айдос ЕСМАҒАМБЕТОВ


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға