Астаналық полицейлер аутист баланың арманын орындады

 Меруерт Молдахметованың жеке мұрағаты
Фото: Меруерт Молдахметованың жеке мұрағаты

Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері аутист баланың қалауын орындап, көлікпен қаланы аралатты. Видео әлеуметтік желіде көп қаралым жинап, жұрт сүйсінді. 

Талдықорғандық Айшер Әлішер – 8 жаста. Оған аутизм диагнозы қойылған. Биыл 1 сыныпты бітірді. Қазір Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында емделіп жүр.  

Әрине, мектепте қасында ассистент жүреді. Мектепке барғанына қуаныштымын. Өзім көпбалалы анамын. Төрт балам бар. Балам көпнәрсеге қызықпайды. Әліпбидегі әріптерді жаттауға бейімі бар. Бірнеше тілдің, соның ішінде араб алфавитін жаттап алған. Одан кейін осындай арнайы машиналарды көрсе, үңіліп қарайды, – дейді анасы Меруерт Молдахметова. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Анасының айтуынша, Айшер айналасындағы әрекетті 50-60% түсінеді. Үй ішіндегілер де оны әңгімеге тарта алмайды. 

Астанадағы ем-домның бітуіне аз қалды. Содан қаланың ішін аралап, қайтып бара жатқанбыз. Ұлым көшеде күзетте тұрған патруль машинасын көріп, қызықты. Полицейге барып, ұлымның қызыққанын, машинаны көруге рұқсат беруін сұрадым. Келісті, баламды рөлге отырғызып, сирена қосып берді. Енді қайтатын шығармыз деп отырғанымда, жылауды бастады. Кейін қайта келетінімізді айтсам да, көнбей қойды. Әйтеуір түсіндіріп, алып кеттім. Орталыққа дейін жылап барды, – дейді анасы. 

Меруерт Молдахметованың жеке мұрағаты

Меруерт Молдахметова ұлының әрекетін видеоға түсіріп, желіге жүктеген. Сонда құрбысы оған Instagram Stories күйінде қалдырмай, видеоны Threads-қа салуға кеңес берген. 

Threads-қа жүктегенім сол, адамдар ақ тілегін жаудырып, полиция департаментін белгілей бастады. Ертесі департаменттен хабарласып, ұсыныс тастап, бізді оңалту орталығынан алып кетіп, баламның бір арманын орындады. Полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын, – дейді Меруерт Молдахметова. 

Меруерт Молдахметованың жеке мұрағаты

Полиция қызметкерлері Айшерді көлігіне мінгізіп, қаланы аралатып, ойыншық машина сыйлайды. Естелікке суретке түсіп, оған тілек тілеп, шығарып салады. 

Баламның ел қатарлы жүргенін армандаймын. Болашақта ешкімге мұқтаж болмаса екен. Оқу бітіріп, университет бітіріп, бір оқу орнында профессор-лингвист болса деген арман бар. Еліне пайдасы тиетін дүние ойлап тапса қандай ғанибет, – дейді анасы.  

 

Оқи отырыңыз