16 жасында Назарбаев Университетінің студенті атанып, 20 жасында бакалавриатты тәмамдаған Аяулым Сәдуақас бүгінде халықаралық деңгейде тәжірибе жинап жүр. Ол АҚШ-тың Мичиган университетінде магистратура оқып, шамамен 200 мың доллар көлемінде қаржылық қолдауға ие болған. Ал 23 жасында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне қол жеткізді.
Астанадағы қарапайым қазақ мектебінен басталған білім жолы оны әлемнің жетекші университеттерінің біріне алып келді. Аяулымның жетістіктерінің қатарында IELTS емтиханынан алған 8.0 нәтижесі, Назарбаев Университетінің үздік студенттері тізіміне үш мәрте енуі, халықаралық жобаларға қатысуы және ғылыми зерттеулерге араласуы бар. El.kz тілшісі Аяулым Сәдуақаспен шетелде білім алудың ерекшеліктері, АҚШ университеттеріне түсу жолдары, академиялық жетістіктер, менторлық бағдарламалардың маңызы және халықаралық тәжірибені Қазақстанның дамуына пайдалану туралы әңгімелесті.
16 жасында университетке түскен Аяулым
Көптеген жасөспірім 16 жасында болашақ мамандығын таңдап, қай оқу орнына түсетінін ойланып жүргенде, Аяулым Сәдуақас Назарбаев Университетінің бірінші курс студенті атанған. Ол саясаттану және халықаралық қатынастар бағытын таңдады. Аяулымның халықаралық қатынастарға қызығушылығы 15 жасында қалыптасқан. Саясат пен тарихқа қызығатын жасөспірім болашақта Қазақстанға пайдасы тиетін салада жұмыс істеуді мақсат еткен.
Осы ретте біз кейіпкеріміздің білім жолында қандай жетістіктерге қол жеткізгеніне, университет қабырғасында тек жақсы оқу жеткілікті ме, әлде қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласу қажет пе деген мәселеге тоқталдық. Аяулымның айтуынша, академиялық үлгерім мен қоғамдық белсенділік бірін-бірі толықтыруы тиіс.
Бакалавриаттағы академиялық көрсеткіштер де, қоғамдық белсенділік те АҚШ университеттерінің мықты бағдарламаларына түсу үшін маңызды. Мен Назарбаев Университетінің Dean’s List, яғни академиялық көрсеткіштері жоғары студенттер тізіміне үш рет ендім. Сонымен қатар MUN NU, CoronaNet, NU Student Government және Association of Political Science Students бірлестіктерінің жұмысына қатыстым, - дейді Аяулым Сәдуақас.
Бұдан бөлек, Аяулым «Жастар Алауы» бірлестігінің тең құрылтайшысы ретінде жұмыс істеп, халықаралық ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан. Оның білім жолындағы тәжірибесі университеттегі оқу үлгерімімен шектелмейді. Студенттік ұйымдарға қатысу, қоғамдық бастамаларды дамыту және кәсіби байланыстар орнату кейінгі халықаралық мүмкіндіктеріне негіз болған.
IELTS 8.0 және SAT: жоғары нәтижеге қалай жетті?
Шетелде білім алуды мақсат еткен қазақстандық жастар үшін халықаралық емтихандар – маңызды кезеңдердің бірі. Әсіресе IELTS және SAT нәтижелері көптеген талапкердің университет таңдауына тікелей әсер етеді. Аяулым 11-сыныпта IELTS нәтижесін бір айдың ішінде 6.5-тен 8.0-ге дейін көтерген. Ал SAT емтиханына екі жарым ай дайындалып, шамамен 1440-1460 балл жинаған.
Біз одан осындай нәтижеге жетудің жолын, халықаралық емтихандарға дайындық барысында қандай қиындықтар кездескенін және АҚШ магистратурасына түсу үшін емтиханға қалай дайындалғаны жайлы сұрадық. Аяулымның айтуынша, магистратураға құжат тапсырған кезде IELTS нәтижесі бұрыннан болғандықтан, негізгі күшін басқа талаптарға жұмсаған.
Оқуға түсу процесі оңай болған жоқ, біраз күйзеліспен өтті. Менің басты қателігім – құжат тапсыруды дедлайнға екі ай қалғанда ғана бастауым. Үміткерлерге қойылатын талаптар стандартты болғанымен, жоғары еді. Емтихандарға арнайы дайындалған жоқпын, өйткені IELTS нәтижем 8.0 болатын. Негізгі дайындық мотивациялық хат жазуға бағытталды, - дейді кейіпкеріміз.
Бұл тәжірибесінен Аяулымның өзі де маңызды сабақ алған. Оның пікірінше, шетелдік университеттерге құжат тапсыруды соңғы айларға қалдырмай, ертерек қолға алған дұрыс.
Фото: Аяулым Сәдуақастың жеке мұрағатынан
АҚШ университетінен 200 мың доллар қаржыландыру
Назарбаев Университетінде бакалавриатты аяқтаған соң Аяулым АҚШ-та магистратура оқуды мақсат етті. Оған Columbia University, University of Chicago және University of Florida университеттерінен ұсыныстар түскен. Алайда жас қазақстандық білімін Мичиган университетінде жалғастыруды таңдаған. University of Michigan оған оқу ақысын толық өтейтін қаржыландыру мен стипендия ұсынған. Аяулымның бұған дейін берген мәліметіне сүйенсек, көрсетілген қолдаудың жалпы құны шамамен 200 мың доллар болған.
АҚШ университеттерінің магистратурасына түсу кезінде талапкердің қандай ерекшеліктері бағаланатыны көпшілікті қызықтыратыны анық. Біз Аяулымнан жоғары академиялық көрсеткіштер мен қоғамдық белсенділіктің маңызын, сондай-ақ мотивациялық хаттың қабылдау процесіндегі орнын сұрадық. Ол мықты университетке түсуді көздейтін талапкер өзінің академиялық мүмкіндіктерін ғана емес, таңдаған саласына қызығушылығы мен болашақ жоспарын да көрсете білуі қажет екенін атап өтті.
Ең маңыздысы – мықты университетке жай ғана түсу емес, қабылдау комиссиясын осы бағдарламаның сізге не үшін қажет екенін және алған біліміңізді болашақта қалай пайдаланатыныңызды түсінетініңізге сендіру, - дейді ол.
Аяулымның өзі магистратурада International and Regional Studies бағдарламасы бойынша Еуразия зерттеулеріне маманданған.
Мен АҚШ-тағы Мичиган университетінің магистратурасында оқыдым. Бағдарламам – International and Regional Studies, Еуразия зерттеулеріне мамандандым. Онда Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы саяси процестерді зерттедім, - дейді Аяулым Сәдуақас.
Оқу барысында ол Weiser Center for Europe and Eurasia орталығының стипендиясына да ие болған.
Мен Шығыс Еуропа мен Еуразияны зерттейтін студенттерді қолдауға арналған жаңа бағдарламаның алғашқы стипендиаты атандым, - дейді кейіпкеріміз.
Қазақстан мен АҚШ-тағы білім жүйесінің айырмашылығы қандай?
Шетелге оқуға түскен студенттер үшін жаңа академиялық ортаға бейімделу – жеке сынақ. Оқу бағдарламасы, профессорлармен қарым-қатынас, зерттеу мәдениеті мен студенттердің пікірталас жүргізу ерекшеліктері әр университетте әртүрлі болуы мүмкін. Аяулым Мичиган университетіндегі магистратура бағдарламасында қазақстандық жалғыз студент болғанын айтады.
Біз одан Қазақстан мен АҚШ-тағы білім жүйесін салыстыруды сұрадық. Әлемнің жетекші университеттерінің бірінде оқу жүктемесі қаншалықты ауыр? Қазақстандық университеттерде алған білім халықаралық академиялық ортада бәсекеге түсуге жеткілікті ме? Аяулымның жауабы біз күткеннен өзгеше болды.
АҚШ пен Қазақстандағы білімді салыстырсам, айырмашылық мен ойлағандай үлкен болған жоқ. Мичиган университетіндегі оқу жүктемесі Қазақстандағы оқу жүктемесімен шамалас болды.
Оның айтуынша, америкалық студенттермен бірге оқу барысында Қазақстан туралы білімі мен жеке тәжірибесі ерекше маңызға ие болған.
Менің бағдарламамдағы студенттердің басым бөлігі америкалықтар еді. Шетелдік студенттер көп болған жоқ. Мұның қызықты бір тұсы бар: біз Орталық Азияны талқылағанда, менің өзгелерде жоқ өзіндік көзқарасым болатын және ол бағаланды.
Дегенмен Аяулым АҚШ-тағы университеттердің білім беру ресурстары мен студенттерге ұсынатын кәсіби мүмкіндіктеріне ерекше назар аударады.
Ресурстар тұрғысынан университет өте үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Мансап орталықтары жұмыс істейді, инженериядан бастап әлеуметтік ғылымдарға дейінгі әртүрлі бағыттарға арналған жеке бағдарламалар бар. Бірақ мен халықаралық студенттер үшін жұмыс іздеу күрделі әрі ұзақ процесс екенін әрдайым ашық айтамын, - дейді кейіпкеріміз.
Яғни оның жеке тәжірибесінде екі елдегі академиялық жүктеме шамалас болғанымен, АҚШ университетіндегі кәсіби қолдау жүйесі мен халықаралық мүмкіндіктердің ауқымы ерекше орын алған.
БҰҰ штаб-пәтеріндегі тағылымдама
Аяулымның білім жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде тағылымдамадан өтуі. Ол БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінде ғылыми және редакциялық бағыттағы жұмыстарға қатысып, Natural Resources Forum журналындағы ғылыми мақалалардың қолжазбаларын өңдеуге және рецензиялау процесін ұйымдастыруға атсалысқан.
Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысына ерікті ретінде қатысып, медиа коммуникациялар және логистика бағыттарында тәжірибе жинаған. Біз мұндай халықаралық ұйымдарға жол ашатын академиялық және кәсіби тәжірибенің маңызына назар аудардық. Аяулымның өмір жолында университет қабырғасындағы ғылыми жұмыстар, қоғамдық бастамалар мен кәсіби байланыстардың қатар дамығанын байқауға болады. Оның тағы бір маңызды тәжірибесі – Қазақстан мен Украинадағы АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу мәселесіне арналған халықаралық зерттеуге қатысуы.
Бұл мүмкіндікке Мичиган университетінің Weiser Center for Europe and Eurasia орталығы бөлген жазғы грант арқылы қол жеткізген.
Қазақстан мен Украинадағы АИТВ мәселесіне арналған зерттеу жұмысына қатысуыма UofM WCEE жазғы гранты мүмкіндік ашты. Бұл зерттеу Center for Global Health Equity бағдарламасына енгізілді. Соның арқасында бағдарлама директорымен, өзге елдерді зерттеп жүрген Мичиган университетінің докторанттарымен танысып, осы саланың ерекшеліктерін тереңірек білуге мүмкіндік алдым, - деп жауап берді Аяулым Сәдуақас.
Зерттеу аясындағы мүмкіндіктер тек ғылыми жұмыспен шектелмеген.
Кәсіби байланыстар орнатумен қатар, бағдарлама аясында жаһандық денсаулық сақтау саласындағы теңдік мәселелеріне арналған жобалармен айналысатын мамандардан апта сайын тренингтер алдық, - деп атап өтті ол.
Аяулым үшін мұндай тәжірибе ғылыми зерттеу жүргізудің ерекшеліктерін танып қана қоймай, халықаралық академиялық қауымдастықпен байланыс орнатуға мүмкіндік берген.
Ментордың көмегімен халықаралық компанияға жұмысқа орналасты
Жоғары академиялық көрсеткіштер мен ағылшын тілін жетік білу – халықаралық мансаптың маңызды алғышарттары. Алайда кәсіби ортада өз орныңды табуда менторлық бағдарламалардың да ықпалы болуы мүмкін. Аяулымның тәжірибесінде менторлық байланыстар ерекше рөл атқарған.
Біз одан ментордың кәсіби дамуына қандай үлес қосқанын, студенттердің осындай бағдарламаларға қатысуы не үшін маңызды екенін сұрадық. Аяулым Рада Исламованың WonderWomen менторлық бағдарламасына қатысқанын айтып берді.
Ментордың қосқан үлесі зор. Мен Рада Исламованың WonderWomen менторлық бағдарламасына түскен 200-ден астам өтінім арасынан іріктеліп, Emirates және flydubai компанияларымен байланысты басшылық тәжірибесі бар Марина Кузнечевскаяның ментиі болдым, - дей келе, осы таныстықтың оның кәсіби өміріндегі жаңа кезеңге жол ашқанын мәлімдеді.
Арамыздағы ментор мен менти байланысы менің Маринаның командасына, Directors of Central Asia компаниясына іріктелуіме мүмкіндік берді. Ал осы жұмыс тәжірибесі Women on Boards: Empowering Women Leaders and Executives in Private Companies in Central Asia тренингіне қатысуыма жол ашты.
Аяулымның тәжірибесі кәсіби байланыстың нақты нәтижеге ұласуы мүмкін екенін көрсетеді. Университетте алған теориялық білім қоғамдық жобалармен, менторлық бағдарламалармен және жұмыс тәжірибесімен толыққан. Сондықтан ол халықаралық университетке түсуді армандайтын жастарға дайындықты ерте бастауды ұсынады.
Әлемнің жетекші университеттеріне түскісі келетін мектеп оқушылары мен студенттерге дайындықты алдын ала бастауды ұсынамын. Бакалавриатта оқып жүрген кездің өзінде оқытушылармен жақсы қарым-қатынас қалыптастыру маңызды. Себебі кейін олар сізге негізгі ұсыным хат жазатын адамдар болады, - дейді жас зерттеуші.
Фото: Аяулым Сәдуақастың жеке мұрағатынан
«Қазақстан туралы ғылыми зерттеулердің көбеюіне үлес қосқым келеді»
Аяулымның алдағы жоспарлары да білім мен ғылым саласымен байланысты. Ол халықаралық тәжірибені Қазақстанда пайдаланып, еліміз бен Орталық Азия туралы зерттеулер жүргізуді көздейді. Біз жас зерттеушіден АҚШ-та алған білімін Қазақстанның дамуына қалай пайдалануды жоспарлап отырғанын, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту үшін не істеу қажет екенін сұрадық.
Аяулым жақында Мичиган университетіндегі академиялық кеңесшісі, қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің профессоры Элизабет Кинг пен университеттің Ресей, Шығыс Еуропа және Еуразия зерттеулері орталығының бағдарламалар және операциялар жөніндегі директор көмекшісі Қазақстанға келгенін айтып берді. Шетелдік мамандар Назарбаев Университетімен танысып, Қазақстанның мәдениеті туралы да мәлімет алған. Олар Аяулымның анасымен де кездескен.
Мичиган университетінде магистратурада оқыған кезімде маған үлкен қолдау көрсеткен мамандар Қазақстанға келді. Олар анаммен танысып, еліміздің мәдениетіне тәнті болды. Сондай-ақ Назарбаев Университетімен танысты, - деді кейіпкеріміз.
Бұл кездесу жас зерттеушінің алдағы мақсатын айқындай түскен.
Осы жағдайдан кейін халықаралық ынтымақтастықтың маңызын тереңірек түсіндім. Тәжірибе алмасуды нығайтуға өз үлесімді қосуды мақсат еттім. Себебі осындай білікті мамандардың Қазақстанға қызығушылығы артқан сайын, еліміздегі және еліміз туралы академиялық ақпарат көбейіп, ғылыми зерттеулер де жиірек жүргізіледі, - дейді ол.
Аяулым мұндай ынтымақтастық болашақта Қазақстан ғылымының дамуына ықпал етеді деп сенеді. Бүгінде ол ғылыми бағытта дамуын жалғастырып, алдағы уақытта Қазақстан мен Орталық Азия туралы кітаптар жазуды жоспарлап отыр. Аяулымның айтуынша, шетелде білім алудың басты мәні беделді университеттің дипломына ие болумен шектелмейді. Маңыздысы – алған білімді қандай мақсатқа жұмсайтыныңды түсіну.
Оның халықаралық университеттерге түскісі келетін жастарға айтқан кеңесі де осы оймен сабақтас:
Ең маңыздысы – мықты университетке жай ғана түсу емес, қабылдау комиссиясын осы бағдарламаның сізге не үшін қажет екенін және алған біліміңізді болашақта қалай пайдаланатыныңызды түсінетініңізге сендіру, - деп қорытындылады жас зерттеуші.
16 жасында университет табалдырығын аттаған Аяулым Сәдуақастың білім жолы бүгінде халықаралық ғылыми зерттеулер мен БҰҰ-дағы кәсіби тәжірибеге ұласты. Ал оның келесі мақсаты – осы білім мен тәжірибені Қазақстанның ғылыми дамуына бағыттау.