Жаңалықтар

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды
Фото: Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы 18.11.2024 15:50 164

Елордада 15 қараша күні Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі және Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Елшілік резиденциясында жазушы Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған «Сүзгенің соңғы күндері» және «Бозоқ аруы» атты шығармаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған іс-шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу, жазушы Шәрбану Бейсенова, шетелдік дипломаттар, жазушылар, қазақ және түрік ғалымдары мен әдебиетсүйер қауым қатысты.

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

Суреттер: Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы

Кітап таныстырылымында Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу, жазушы Шәрбану Бейсенова, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы профессор  Жанат Аймұхамбет, Түркия Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфү Томан, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, профессор Роза Мұқанова, Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркология кафедрасының оқытушысы доцент Фунда Гүвен, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Ph.Dr. Хайрунниса Топчу баяндама жасады.

Алғашқылардың бірі болып Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу құттықтау сөзін айтты.

Түркі әлемінің бірлігі мен ортақ іс-әрекеттерінің ілгері деңгейге жетуі ортақ басылымдар мен тіл бірлігін орнату арқылы ғана мүмкін болмақ. Өткен ғасырдың басында жәдидтер қозғалысы шекара асып, қуатты ой әрекетке ұласқан. Олар бүгінгі бірлігіміздің негізін қалау жолында күрескен. Осы орайда, қазан айында ортақ түркі алфавитінің  қабылдануын маңызды қадам деп білемін. Дәл осы тұста жазушыларымыздың шығармалары өте құнды. Шәрбану Бейсенова әсіресе әйелдер туралы шығармаларымен танымал. Ол қазақ қоғамының ежелден келе жатқан құндылықтары мен салт-дәстүрін қайраткер әйел тұлғалар арқылы баяндайтын, тарихтың ізін бүгінге жеткізген әңгімелер жазды. Оның шығармаларында түркі жұртының  тарихи  әйел қаһармандары жиі кездеседі, - деді Мустафа Капуджу.

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

Сурет: Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы

Елшінің сөзінше, «Сүзгенің соңғы күндері» және «Бозоқ аруы» кітабындағы хикаяттар қазақ мәдениеті мен тарихынан нәр алған әйел кейіпкерлерді оқырманға терең мағынада таныта білген. Бұл шығармалар қазақ қоғамының қайсарлық символы әйелдерге деген құрметін көрсетеді.

Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфү Томан да түрікшеге аударылған шығарма жайлы өз ойын айта кетті.

Өзінің ар-намысы мен бостандығын  ардақтайтын абыройлы әйел ретінде Сүзге ханым өз ұстанымымен, тектілігімен жан айқайын алдымен әйелдерімізге, сондай-ақ барша жаңа ұрпаққа арнайды. Кітап кейіпкері Сүзге ханым күрескерлігімен, кішіпейілділігімен, халқына деген ауыр жауапкершілікті сезінуімен, жарына және өз ұлтының құндылықтарына деген адалдығымен адамдарды теңіз толқынындай иіріп, оларды өз әлеміне жетектейді. Хикаяттан қазақ тарихының үзіндісін де көре аламыз. Грозаның басқыншылығына тойтарыс берген Сүзгенің күйеуі Көшім ханның өмірінің соңына дейін арпалыспен өткен азапты күресі, Сүзгенің қоршауда қалған шағын қамалында көрсеткен қарсылығы екеуі бірлесіп жан-дүниемізде үлкен дауыл тудырады, - деді Зүлфү Томан.

Ал Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы,  профессор Роза Мұқанова «Сүзгенің соңғы күндері» хикаятында Сүзгенің ақыл-парасатымен қоса қайраткерлігі де көрінетінін айтады.   

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

Сурет: Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы

Сүзге ханымның даңқы Тағыл, Тара, Ертіс, Тобыл, Обдарияны кең жайлаған. Аймаққа аты мәшһүр сұлу Сүзгенің ел басына күн туғандағы сәті, алапат жан-дүниесі, тұңғиыққа батып бара жатқан жан ұшырған трагедиялық тағдыры бейнеленеді. Соңғы деміне дейін хан бұйрығын, хан шешімін күтуі шығарманы ширықтыра, шиеленістіре түседі. Түркі халқына ортақ мәдениет, ортақ салт-дәстүр, бекзадалық, жарына адалдық, жауапкершілік қашанда салтанат құрған. Осы салтанат Сүзге ханымның бейнесін асқақтатып, күрескерлігін, батыл шешім қабылдайтын қайраткерлігін көреміз. Шығарма осы тұсымен іргелі, сүбелі әдемі көркем бейне жасаған, - деді профессор.

Роза Мұқанованың айтуынша, сонау көк түріктер қағанаты тарихындағы әйелдердің саяси орны, әскери әрекеттерді игеруі, әскери тәсілдірге ат салысып отыруы, билікке  ықпал етуі, ұрпақ, ел және жер үшін құрбандыққа бел байлауы біздің жұртқа ежелден таңсық емес. Бірақ қазіргі дәуірде осы дәстүрді, осы ұлттық үлгіні сабақтастырып, жалғастыруды автор жан-дүниесімен қалайды, мақсаты да сол. 

Осы мақсатта жазушылық жауапкершілікті иығына жүк етіп көтерген. Себебі бүгінгі қоғамдғы қазақ қызының тағдыры, ұлттың болашағы  жазушыны бей-жай қалдырмаса керек. Біздің қоғамда әйел еркіндігі, әйел теңдігі  тек батыста, европада  ғана көрінетіндей  шатасу, елігу бар. Негізі әйел теңдігі мен еркіндігін  ежелгі дәуірден-ақ көре аламыз.Сақ дәуіріндегі  теңгелердің бетінде қағанның бейнесі де хатунның бейнес де қоса сомдалғанын, әйел теңдігі дәстүрімізде қалыптасқанын жоққа шығара алмаймыз. Осының өзінен әйелдің қоғамдағы  рөлі де, орны да, ықпалы  да көрінеді. Демек, аруларымыздың  да, аналарымыздың  да  биік, лайықты  дәрежелері болған. Біз мұны дәріптеуіміз керек. Шәрбану Бейсенова шығармаларындағы  ханымдар, арулар бейнесі осыған дәлел, - деп пікірін білдірді Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы.

Еуразия ұлттық университетінің түрік тілі оқытушысы Хайрунниса Топчу да шарада кітап туралы баяндама жасады.

Сүзге ханымды кейіпкер ретінде даралап,  хикаядағы басқа әйел кейіпкерлерінен  өзгеше қылатын қырына тоқталайық: ол түркі қыздарына тән батылдық, ізгілік, даналық және еркіндікке деген құлшыныс. Осы қырлары арқылы Сүзге түркі қыздарының тарихи символы болып саналады. Сарайдағы сұқ көздер, артынан ерген ыбыр-сыбыр сөздер,  интригалардан мезі болып, бөлек отауға шыққысы келеді. Бұл да Сүзгенің өзгелерден айырмашылығын аңғартады, - деді түрік тілі оқытушысы.

Хайрунниса Топчу хикаяның соңында оны алып кетуге келген Мұхамедқұлға ермей, жанын шүберекке түйіп, дұшпандарына халқын босатуды шарт ретінде ұсынуы кейіпкердің өр мінезінің көрінісі екенін атап өтті.

Әйтсе де Сүзге ханымға әдеби тұрғыдан баға берейік. Ол өзімен құрдас Мұхамедқұлды жастық шақтың толқуымен іштей ұнатып қалады. Алайда ол  бұны Көшім ханға опасыздық деп ойлап, бұл ойы жанын жегідей жейді, өзін кінәлайды. Бұл жағдай шығарма кейіпкеріне психологиялық тереңдік қосқан. Автор өз кейіпкерінің осы ішкі есеп-қисаптарында «ішкі монолог» деп аталатын баяндау формасын пайдаланған, - деп сөзін қорытындылады ол.

Таныстырылым кешінде Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркология кафедрасының оқытушысы, ғылым докторы, доцент Фунда Гүвен де сөз сөйледі.

Кездейсоқтыққа емес, терең көрегендікке негізделген автор сөзі оқырманға кең дүниенің есігін айқара ашады.  Шығарма 16 ғасырда болған оқиғаны қамтиды. Бұл ғасырды Хабермас «Еуропадағы демократияның тамыры қамал төңірегіндегі қалаларда қаланған ғасыр» деп бағалаған. Сүзге ханым тұрғызған қамалдың төңірегіндегі елді мекеннің қалаға айналуы тарихи шындық арқылы жаңа ұрпақтың өзіне деген сенімі мен мақтаныш сезімін оятады. Қалашық тұрғызуы қазақ халқының  Батыстан қалыс қалмағанын,  керісінше әйелдің жетекшілігімен салынған қаланы тіпті Батысқа да қыр көрсету деп  есептеуге болады, - деді Фунда Гүвен.

Астанада Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған шығармалары таныстырылды

Сурет: Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы

Шара соңында жазушы Шәрбану Бейсенова сөз сөйлеп, сүйікті оқырмандары үшін қолтаңба берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға