Астанада бес күн бойы көлік қозғалысы шектеледі: себебі қандай?

Астанада бес күн бойы көлік қозғалысы шектеледі: себебі қандай?
Фото: Мемлекеттік күзет қызметі

Астанада 10-14 қазан аралығында кейбір көшелерде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Сонымен қатар, 9 қазаннан бастап елорда аспанында әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары өтеді. Бұған Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары себеп болып отыр. Бұл – Бельгия монархтарының Орталық Азияға жасайтын алғашқы мемлекеттік сапары.

Мемлекеттік күзет қызметінің мәліметінше, уақытша шектеулер халықаралық саяси іс-шараларға дайындық және оларды өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі. Қауіпсіздік шараларына арнаулы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және Қазақстан Қарулы күштері жұмылдырылады.

Бельгия королінің сапары неліктен тарихи?

Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильда Қазақстанға 11-14 қазан аралығында келеді. Сапар бағдарламасы Астана мен Алматы қалаларындағы кездесулерді, жоғары деңгейдегі келіссөздерді, іскерлік және академиялық іс-шараларды, сондай-ақ мәдени жобаларды қамтиды.

Фото: instagram.com/belgianroyalpalace
Фото: instagram.com/belgianroyalpalace

Бұл сапардың тарихи маңызы – Бельгия монархтарының Орталық Азияға алғаш рет мемлекеттік сапармен келуінде. Сондықтан ол екі ел арасындағы дипломатиялық байланысты нығайтып қана қоймай, Қазақстанның Еуропа елдерімен экономикалық, ғылыми және мәдени ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді.

Король Филипп үшін Қазақстан – бұрыннан таныс ел. Ол тақ мұрагері болған кезінде Қазақстанға үш рет келген. 2002 және 2009 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағындағы ғарыш миссияларының ұшырылуын тамашалаған. Ал 2010 жылы Бельгияның экономикалық миссиясын басқарған.

2009 жылы бельгиялық ғарышкер Франк Де Винне Халықаралық ғарыш станциясының экипажын басқарған алғашқы еуропалық атанды. Оның ғарышқа сапары Қазақстан аумағындағы Байқоңыр ғарыш айлағынан басталған. Бұл – екі елдің тарихындағы ортақ белестердің бірі.

Дипломатиялық байланыс

Бельгия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылы мойындады. Ал екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 25 тамызда орнатылды.

1993 жылғы сәуірде Қазақстан Брюссельде өз елшілігін ашты. Бельгияның Қазақстандағы елшілігі 2006 жылдан бері жұмыс істейді.

2021 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға ресми сапар жасап, Король Филипппен кездесті. Алдағы мемлекеттік сапар осы дипломатиялық диалогтың жалғасы болмақ.

2027 жылы екі ел дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуын атап өтеді. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін.

25-тен астам компанияның басшылары қатысады

Қазақстан мен Бельгия арасындағы байланыстың маңызды бағыттарының бірі – экономика және инвестиция.

Қазақстандық деректерге сәйкес, 2005-2025 жылдар аралығында Бельгиядан тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 14 млрд АҚШ долларынан асқан. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,045 млрд АҚШ долларын құрады.

2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 582,4 млн АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 28 пайызға өскен. Қазақстанның Бельгияға экспорты 311,5 млн долларды, ал импорт көлемі 270,9 млн долларды құраған.

Қазақстан Бельгияға зығыр тұқымын, титан және одан жасалған бұйымдарды экспорттайды. Ал Бельгиядан дәрілік препараттар, вакциналар, ауыл шаруашылығы техникасы мен өнеркәсіптік жабдықтар жеткізіледі.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – көлік және логистика. Атап айтқанда, Қазақстан, Каспий теңізі және Оңтүстік Кавказ арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамытуға басымдық беріліп отыр.

Сонымен қатар, тараптар аса маңызды шикізат материалдары, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы әріптестікті кеңейтуге мүдделі.

Сапарға Бельгияның федералдық және өңірлік министрлері, 25-тен астам компанияның басшылары және академиялық қоғамдастықтың өкілдері қатысады. Делегация құрамында жеті университет ректоры да бар. Бұл білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Астанадағы мәдени іс-шаралар

Мемлекеттік сапар аясында мәдени байланыстарды нығайтуға да назар аударылады. Астанадағы Ұлттық музейде бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармаларына арналған үш айлық көрмені ашу жоспарланған.

Бұдан бөлек, екі елдің университеттері мен ғылыми ұйымдары арасындағы байланысты кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау мәселелері талқыланбақ.

Қазақстан мен Бельгияны байланыстыратын тарихи жайттардың бірі – Семей мен Ипр қалаларының бауырлас қала болуы. Олар 2012 жылдан бері осы мәртебеге ие. Ипр Бірінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті тарихымен байланысты болса, Семей ядролық сынақтардың зардаптарын бастан өткерген қала ретінде белгілі. Екі қаланың байланысы бейбітшілік пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік идеясын бейнелейді.

Астаналықтар нені ескеруі керек?

Мемлекеттік сапарға байланысты 10-14 қазан аралығында елорданың кейбір көшелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Ал 9 қазаннан бастап әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары өткізіледі.

Мұндай қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер кезінде делегациялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от ҚР МКҚ | СГО РК (@sgork_official)

Сондықтан қала тұрғындарына сапар күндері жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, көлік қозғалысына қатысты ресми хабарламаларды бақылап отырған жөн.

Мемлекеттік күзет қызметі елорда тұрғындары мен қонақтарын халықаралық маңызы бар іс-шаралар кезінде енгізілетін қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырды.

Оқи отырыңыз