Астанада Абай Құнанбаевқа арналған жаңа ғылыми еңбектерді таныстырылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі
02.03.2024 17:18
799
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Абай Құнанбаевқа арналған жаңа ғылыми еңбектерді таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бірегей жаңа зерттеулер ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында 9 серия бойынша жарық көрді. Ғалымдар ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына да терең зерттеулер жүргізді. ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ-нің зерттеу жұмыстарын белгілі ғалымдар мен абайтанушылар дайындады. Авторлар қоғамның, ғылымның, әдебиеттің, тілдің өзекті мәселелерін Абайдың дүниетанымы мен мұрасы арқылы қарастырды.
ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» абайтанудың көп қырлы аспектісінде жан-жақты ғылыми, сараптамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізеді. Ұлы ойшылдың бай мұрасын шетелде кеңінен насихаттау белсенді жүргізілуде. Соңғы 4 жылда ақынның рухани мұрасы мен өмірінің әр саласы бойынша 80-нен астам кітап жарық көрді. Қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығына қатысты ғылыми еңбектер Мемлекет басшысының тұжырымдамалық идеяларымен үйлеседі. Абайдың ойлары мен тұжырымдарының терең философиясында жалпы адамзаттық құндылықтар сабақтасқан. Олар қазіргі қоғамның дамуымен өзара байланысты қарастырылуда», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Тоғыз сериямен 12 жаңа кітап жарық көрді: Е.Сыдықов «Абай әулетінің тарихы», Т.Жұртбай «...Бір кемел», Е.Құрманғалиева «Батыс елдеріндегі және Түркиядағы абайтану», Е.Тілешов «Ынталы жүрек сезген сөз...», Б.Тұрсынбайұлы «Абайдан қалған арман», А.Салқынбай «Абайдың даналық әлемі», Ұ.Үмітқалиев «Абай және оның заманы тарихи-этнографиялық мұра», Ж.Әубәкір «Абай және ұлттық болмыс», Ж.Дәдебаев «Абай ілімі», Д.Ысқақұлы «Абай – дала данышпаны», Қ.Кемеңгер «Абай мұрасы: 1891-1896», Т.Қыдыр «Абай мұрасы және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау».
Абайды тану үшін әлем әдебиетін білу керек. Мұны Шекспир, Гете, Пушкинді зерттеген қазақ ғалымдары жақсы біледі. Біз кітабымызда Абайды тілдік-философиялық бағыт арқылы зерделеуге тырыстық, оның әрбір сөзін мұқият талдап, ақынның әрбір туындысындағы сөздердің мән-мағынасын сараптадық, - деп атап өтті «Абайдың даналық әлемі» кітабының авторы Анар Салқынбай.
«Абай Құнанбайұлының мұрасы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» бағытында 50-ге жуық танымдық мақала, 22 әлеуметтік-танымдық кейс, заманауи мультимедиалық технологиялар көмегімен «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені дайындалды.
Айта кету керек, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ақынның өмірі мен шығармашылығын жүйелі түрде тереңдетіп зерттеу мақсатында ашылған болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға