Жаңалықтар

Ғарыштан Жерге оралу

Ғарышкерлер Жерге қалай қонады?
12.04.2016 15:40 11376

Біздің арамызда ғарышкерлердің алып зымыранмен көкке ұшқан сәтін талай рет тамашалағанымен, олардың Жерге қалай оралатынынан бейхабар жандар бар екен. Сол себепті, оқырман назарына осы тақырыптағы танымдық материалымызды ұсынамыз.

Парашют пен капсула

Адамзат баласы алғаш ғарышқа ұшқанда, оның Жерге аман-есен оралуы ғалымдардың басын қатырған басты проблема болды. Ең алдымен, ұшақтан бірнеше рет адамның манекені мен жануарлар салынған модульдер лақтырылды. Тек содан кейін барып, ғарыш аппараттарын құрастырушылар адам мінетін ғарыш кемесін құрастырып шығарды. Ал, бұл кеменің Жерге қону процесі қалай жүзеге асады?

Ғарышқа бет алған зымыран

Ғарыш стансасы мен кеменің алыстауын ғарышкерлер соншалықты қатты сезіне қоймауы мүмкін. Олар тек Жерге қарай ұзақ жолдың басталғанын анық сезеді. Ендігі сәтте ғарышкерлер тежегіштің қосылуын күтеді. Тежегіштің міндеті – үздіксіз айналып келе жатқан кеменің жылдамдығын азайту. Тежегішті аз басқан жағдайда кеменің қайтадан ғарышқа ұшып кету қаупі бар. Ал, оны тым жиі басқан кезде ұшқыштар атмосфераның төменгі қабаттарына түсіп, жанып кетуі мүмкін. Тежегіш құрал кемеден ажырап, атмосфераға кірген сәтте өртеніп кетеді. Ал, Жерге түсетін аппараттың ішінде адамның аман қалуына бар жағдай жасалған.

Ғарышкер отырған капсула Жерге сәтті қонуы үшін оның қонатын Жері мен атмосфера қабатына енген сәтте адам азғасына түсетін күш мөлшері дәл есептелуі қажет. Зымыран қозғалтқыштарын дер кезінде қоспаса, экипаж мүшелері опат болады.

Атмосфера қабатына енген бойда кеменің траекториясы өзгереді. Бұл ретте атмосфера табиғи тежегіштің рөлін атқарады. Сондықтан, тежегіштің импульсін бақылау мәселесі өте маңызды. Қажетті тежегіш импульсін беру үшін негізгі қозғалтқыш тура 4 минут 45 секунд бойы жұмыс істейді. 140 шақырымдық биікте ғарыш кемесі үшке бөлініп, оның екеуі жанып кетеді (олар ешқашан бір-бірімен соқтығыспайды). Кеменің экипаж мүшелері отырған бөлігі ғана Жерге аман жетеді.

Атмосфераға енген сәттен бастап ғарышкерлер Тартылыс күшін сезіне бастайды. Кеме Жерге жақындаған сайын оның жылдамдығы айтарлықтай азая түседі. Жылдамдықты одан бетер азайту үшін парашют контейнерінің қақпағы ашылып, парашют ашылады.

Капсуланың жерге түскен кезі

Салмағы 2 мың келі болатын капсуланың жанынан ашылған парашютте адам әткеншекте отырғандай ары-бері тербетіледі. Аталған процесті біреулер қорқынышпен қабылдаса, енді біреулер үшін бұл – нағыз адреналин. Ғарышкерлердің негізгі парашют ашылмай қалған жағдайда пайдаланатын қосымша парашюті де болады. Жерге қону процесі барынша жеңіл өтуі үшін ғарышкер отырған орындық аппарат ішінен атып шығып, ары қарай парашютпен түсуі үшін арнайы жүйе ойластырылған. Капсуладағы орындық Жерге қонған сәттегі жойқын соққының күшін азайтады. Сөйтіп, аспанға ұшып кеткен ғарыш кемесі қоршаған ортаны еш ластаусыз Жер планетасына кері оралады.

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің Жерге оралған сәті

5,5 шақырымдық биікте иллюминатордың сыртқы әйнектері мен негізгі экраны атылып кетеді де, капсуладан отын мен оттек шығады (бұл процесс капсуланың Жерге жұмсақ қонуы үшін маңызды). «Жұмсақ» қону дегеніміз шын мәнінде біз ойлағандай жұмсақ емес. Кейбір ғарышкерлер оны жеңіл көлік пен жүк көлігінің соқтығысуына теңейді. Сондықтан, олар Жерге жақындаған кезде қолдарын денелеріне қойып, тыпыр етпей отырады. Осыдан-ақ ғарышкерлердің Жерге қалай қонатынын елестете беріңіз!  

...Технологиялар дамыған сайын капсулалардың ұшуы неғұрлым қарапайым әрі қауіпсіз бола түсті. Кейінірек «Боран», «Шаттл» сияқты бірнеше рет ұшуға жарайтын ғарыш кемелері де құрастырылды. Алып ұшақтарға арналған бұл кемелер қазір қозғалтқыштың көмегімен арнайы қону жолақтарына қона алады. Мінеки, ғарыш кемесінің бірде бір бөлігі Жер бетіне қоқыс болып түспейді.


Әзірлеген – Айбота Өтеулі

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға