Армия генералы Алтынбаев Мұхтар Қапашұлы
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюна үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.
Армия генералы Алтынбаев Мұхтар Қапашұлы
Өмірбаян беттерінен
1945-ші жылы 10-шы желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Халық қаһарманы. 1971 жылы Әуе шабуылына қорғаныс ұшқыштарының Армавир жоғарыәскери авиациялық училищесін, 1985 жылы үздік бағамен Жуков атындағы әскери академиясын аяқтаған. Әуе шабуылына қорғаныс әскерлеріне қарасты бөлімдерде барлық қызметтерден өткен. Авиациялық полк және құрама тізгінін ұстаған. «Әскери ұшқыш-мерген» деген жоғары атағы бар. Тәуелсіздік жылдары ӘШҚ корпус командирі, Әскери әуе күштері әскерлерінің қолбасшысы – Қорғаныс минстрінің орынбасары, ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі лауазымын абыроймен атқарған. ІІ-ші дәрежелі «Барыс» орденімен, бірқатиар орден-медальдармен марапатталған. 1 баланың әкесі.
Мұхтар Қапашұлын дәрігер, агроном немесе ғалым бейнесінде елестете алмаймын. Тіпті, байланысшы, барлаушы немесе мотоатқыш формасында қабылдау қиынға соғады. Ол – дыбыстан жоғары жылдамдығы бар азулы да қаһарлы темір құсты тізгіндеп, әуе жүзін қақа жарып кеңістікті бағындырған батыр ұшқыш. Дәл осындай тұлғаның қорғаныс тізігінін ұстауы жазылмаған заңдылықтай көрінеді. «Мына кісі біздің қорғаныс министріміз» деп талай жерде ауыз толтыра мақтанғанымыз өтірік емес.
Журналистер қауымы Қорғаныс минстрі Алтынбаевтың қатысуымен өтетін шараларға асыға, әрі қуана баратын. Ол түсінікті де. Журналистерден қашпайды, үнемі жылы жүзді. Кез-келген сұраққа сауатты, әрі жан-жақты жауап береді. Ең бастысы, тіл талғамайды. Қазақша, мейлі орысша болсын, еркін сөйлейді. Сөйлеу мәнерінің құлаққа жағымдылығы, техникалық, әскери терминдерді дұрыс пайдалана білуі, тақырыпты толық меңгеруі, қайсыбір сәттерде кімнің сұхбат алып тұрған журналист, кімнің сұраққа жауап беріп тұрған кейіпкер екенін жаңылыстыратын.
Бір оқиға күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Тоқсаныншы жылдардың соңы болса керек. Луговая елді мекенінің іргесінде шоғырланған әскери әуе базасында айтулы шара орын алды. Журналистер молынан жиналды. Соңына қарай жауынгерлік ұшақтың кабинасына министр отырып, кеңістікте жоғары пилотаждың небір элементтерін көрсетті. Рас, алғашында жерде тұрып қадағалаған әріптестерім «МиГтің» штурвалында Алтынбаев отыр деген ақпаратқа сеніңкіремеді. Сәлден кейін арамызға комбинизонын киген әскери ұшқыш келіп, шлемофонын шешкенде күмандары бірден тарқаған еді. Рас, бет-жақ еттері салбырап қалуы, көзінің қызарғаны физиология тұрғысында қаншалықты ауыр жұмыс жасағанынан хабардар етіп тұрды. Мамандар тобы журналистерге ұшу барысында адам салмағы 6-8 есеге артып, ұшқыш организіміне түсетін қысымның күші бірнеше ұлғаятынын түсіндіріп жатты. Қалай болғанда да, бұл көріністен бейжай қалған ешкім болмады. Мұхтар Қапашұлы сол жолы журналистерге «Бір ұшақта жұптасып ұшқан серіктесім полковник Хохловты көрсетіңіздер, ал маған Елбасы әскери ұшақтың штурвалына отыруға қатаң тиым салған, сондықтан мені сыйласаңдар, репортаж-мақалаларыңда бұл ұшудан айналып өтіңдер, өтінішім болсын. Мен ұшқышпын ғой, кейде жаным шексіз кеңстікті, аспанды аңсайды» деген еді. Бірен-саран сенсация қуған журналистер болмса, басым көпшілігі бұл өтінішке құлақ асты.
Төл Қарулы Күштерімізідің қоғам алдында абыройының өсуі, жағымды бейнесінің қалыптаса бастауы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың қорғаныс министрі болған жылдарына тұспа-тұс келді.