Қазақтың қарапайым отбасынан шыққан Меруерт Бижанова бүгінде әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде оқытушы. El.kz тілшісіне берген сұхбатында Меруерт жетістікке жетудің сыры, ғылымдағы әйел зерттеушілердің жолы, жасанды интеллекттің білімге әсері және жастардың мүмкіндіктері жайлы айтты.
– Жақында алғашқы жалақыңызды алғаныңыз туралы видео жазба кеңінен тарады. Сол сәт сіз үшін қаржылық жетістік пе, әлде көп жылғы еңбектің жемісі болды ма?
– Меніңше, ол видеоны көрген адамдардың көбі жалақының сомасына емес, сол сәттің эмоциясына назар аударған сияқты. Өйткені алғашқы жалақы – ақша ғана емес. Мен ол сәтте кішкентай кезімді ойладым. Қазақстанда өскен қарапайым қыздың бір күні өз еңбегімен ақша тауып, кейін әлемдегі ең мықты университеттердің бірінде оқып, жұмыс істеп жүретінін сол кездегі мен елестете де алмас едім. Сондықтан ол мен үшін «ақша таптым» дегеннен гөрі, «мен өз жолымды өзім құрып келе жатырмын» деген сезім болды. Кейде адам үлкен жетістіктерге жеткенде олардың қаншалықты үлкен екенін байқамайды. Ал алғашқы жалақы сияқты өте қарапайым сәттерде өткен жолың бірден есіңе түседі.
Ал видеоны жариялағаннан кейін келген қолдау мен үшін тіпті бөлек әсер қалдырды. Көп адам «еңбегіңнің жемісін көре бер», «берекелі болсын» деп жазды. Осындай қарапайым, бірақ жүректен шыққан тілектерді оқығанда қатты қуанып қалдым. Өйткені ол жерде адамдар менің нақты қанша ақша алғаныма емес, сол ақшаның артында тұрған еңбекке, жолға қуанып жатқандай сезілді.
Қазақстанды есіктің сыртында қалдырғаным жоқ
– Оксфордта дәріс оқығанда өзіңізді «қазақстандық оқытушы» ретінде сезінесіз бе, әлде бұл жерде ұлттан гөрі академиялық деңгей маңыздырақ па?
– Шынымды айтсам, мен Оксфордқа кірген кезде Қазақстанды есіктің сыртында қалдырғаным жоқ. Керісінше, өзіммен бірге Қазақстаннан алған тәрбиемді, көрген мәселелерімді, ауылдағы және қаладағы адамдар туралы түсінігімді, өз елімнің білім беру жүйесіне деген сұрақтарымды алып келдім. Менің зерттеуімнің өзі Қазақстаннан бастау алады. Әрине, академиялық ортада сенің ұлтыңнан бұрын ойыңның сапасы бағаланады. Бірақ менің ойымша, жақсы зерттеуші өз тамырынан қашпайды. Қай жерде жүрсе де, «менің көзқарасым қайдан қалыптасты?» деген сұрақты ұмытпайды. Сондықтан Оксфордта мен өзімді әрі зерттеуші, әрі Қазақстаннан шыққан қыз ретінде сезінемін. Мен үшін бұл екеуі бір-біріне қайшы емес.
– Оксфордтағы аудиторияда студенттердің сізді таңғалдырған қасиеті қандай болды?
– Оксфордтағы студенттердің мені таңғалдырғаны олардың интеллектуалдық деңгейі ғана емес, өз бетінше ойлау мәдениеті. Кейде сабақ барысында өте күрделі, күтпеген сұрақтар қоятын. Бір сұрақтың өзі мені сол тақырыпқа басқа қырынан қарауға итермелейтін. Сондықтан мен әр сабаққа өте мұқият дайындалатынмын. Өйткені жақсы оқыту тек өзіңнің тақырыбыңды білумен шектелмейді, аудиториядан келетін жаңа сұрақтарға да дайын болу керек. Кейде мен белгілі бір мәселе бойынша өз позициямды түсіндірсем, студенттер оны әрі қарай дамытып, қарсы аргумент ұсынып немесе мүлдем басқа перспектива ашатын.
Маған осы академиялық өзара әрекеттестік қатты ұнады. Мен оларды оқытқаныммен, олардан өзім де көп нәрсе үйрендім. Бұл жерде оқытушы мен студент арасында біржақты білім беру емес, ортақ интеллектуалдық ізденіс жүретіндей сезілді. Бізде кейде «жақсы студент» барлық сұрақтың жауабын білетін адам сияқты қабылданады. Ал мен Оксфордтағы тәжірибемнен керісінше нәрсені көрдім: күшті студент – дайын жауапты қайталамайтын, дұрыс сұрақ қоятын, аргументке күмән келтіре алатын студент. Меніңше, дәл осы қасиет академиялық ортаны «тірі» етеді. Себебі университеттің ең құнды сәттері оқытушы бәрін білетін кезде емес, бір сұрақтың айналасында оқытушы мен студент бірге жаңа нәрсе ашқан кезде пайда болады.
Оксфордқа кез келген адам түсе алмайды
– Қазақстанда «Оксфордқа тек ерекше дарындылар ғана түседі» деген түсінік бар. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Шынымды айтсам, бұл пікірмен келісемін. Оксфордқа кез келген адам түсе алмайды. Бұл әлемдегі ең мықты әрі бәсекесі өте жоғары университеттердің бірі, сондықтан мұнда академиялық тұрғыдан өте қабілетті, интеллектуалдық қызығушылығы жоғары, өз саласында ерекшеленетін студенттер қабылданады. Мұны «бәрі тек еңбекпен келеді» деп жеңілдетудің қажеті жоқ. Бірақ мен «ерекше дарынды» дегенді тек туа біткен талантпен байланыстырмас едім. Оксфордта менің байқағаным – өте ақылды болумен қатар, терең ойлайтын, өз бетімен ізденетін, сұрақ қоя алатын және таңдаған саласына шын қызығатын адамдар көп. Әрине, өте жақсы баға немесе көп еңбек ету автоматты түрде Оксфордқа түсуді білдірмейді. Үміткерлер өте көп, ал орын шектеулі. Сондықтан белгілі бір деңгейде академиялық ерекшелік міндетті түрде бар. Бірақ меніңше, ең маңыздысы – «мен ерекше дарынды болып тудым ба?» деген сұрақ емес. «Мен өзіме қызық нәрседе қаншалықты тереңдей алдым?» деген сұрақ. Өзім де жетістіктерімді тек табиғи қабілетіммен түсіндірмес едім. Менің жолымда көп еңбек, тәртіп, қызығушылық, сәтсіздіктер және қайта-қайта өзімді дамыту болды. Сондықтан мектеп оқушысына «Оксфордқа бәрі түсе алады» деп айтпас едім – бұл шындыққа жанаспайды. Бірақ «Оксфордқа тек данышпан болып туғандар ғана түседі» деп те айтпас едім. Оксфордқа түсу үшін өте мықты болу керек. Ал мықты болу – тек туа біткен қабілет емес, өзіңді жылдар бойы қалыптастырудың нәтижесі.
– Қазіргі таңда жасанды интеллект студенттердің оқуына үлкен әсер етуде. Оксфорд мұндай өзгеріске қалай бейімделіп жатыр?
– Меніңше, Оксфордтағы ең қызықты нәрсенің бірі – AI-ға қатысты позицияның жай ғана «қолдануға болады» немесе «болмайды» деген деңгейде қалмай, «оны академиялық тұрғыдан қалай дұрыс пайдаланамыз?» деген сұраққа ауысуы. Қазір бұл тақырыптың айналасында үлкен пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе PhD студенттері мен болашақ зерттеушілер үшін бұл өте маңызды. Себебі біз AI-ды күнделікті жұмыстан толық алып тастай алмаймыз. Керісінше, оны зерттеу процесін жақсартуға, ақпаратты жүйелеуге, жаңа идеяларды қарастыруға немесе күрделі мәселелерге басқа қырынан қарауға қалай тиімді пайдалануға болатынын үйренуіміз керек.
Бірақ мұнда өте маңызды бір шекара бар: AI сіздің ойыңызды алмастырмауы керек. Әсіресе зерттеуші үшін ең құнды нәрсе – дайын жауап емес, өз сұрағыңды қалыптастыра алу, аргументті бағалау, деректің сапасын тексеру және жаңа идея ұсына алу. Егер AI осы процесті күшейтсе – бұл үлкен мүмкіндік. Ал егер зерттеуші өз ойын қалыптастырудың орнына AI-ға дайын жауапты тапсырса, онда біз керісінше интеллектуалдық дағдымызды әлсіретуіміз мүмкін. Сондықтан Оксфордта да AI-ды қалай тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалану керек деген мәселе өте белсенді талқыланып жатыр. Меніңше, бұл пікірталас әлі аяқталған жоқ және аяқталмауы да керек. Өйткені технологияның өзі де өте тез өзгеріп жатыр.
Мен әсіресе болашақ зерттеушілерге AI-дан қорықпау керек деп айтар едім. Оны өзіңнен ақылды етіп емес, өзіңе көмектесетін құрал ретінде пайдалануды үйрену керек. Өйткені болашақта ең бәсекеге қабілетті зерттеуші AI-ды мүлдем қолданбайтын адам емес, оның мүмкіндіктерін түсініп, сонымен бірге өзінің ең маңызды интеллектуалдық қабілеттерін, сыни ойлауын, шығармашылығын және академиялық адалдығын сақтай алатын адам болады.
Арманың үлкен болса, оны айтуға ұялма
– Ғылыми ортада әйел зерттеуші ретінде кездескен ең қиын жағдай қандай болды?
– Меніңше, ең қиын нәрсе – кейде аудиторияға кірген кезде алдымен жасың мен жынысың көрініп, содан кейін ғана білімің көрінетінін сезіну. Жас әйел болған кезде кейде өзіңді тым сенімді ұстасаң, «тым агрессивті», ал өз ойыңды жұмсақ жеткізсең «өзіне сенімсіз» болып көрінуің мүмкін. Мұндай екіұдай ойлар бар. Бірақ бұл мені бір нәрсеге үйретті: мен бүкіл өмірімді адамдарға «мен жеткіліктімін» деп дәлелдеумен өткізгім келмейді. Менің жұмысым, зерттеуім, адамдарға деген қарым-қатынасым сөйлесін. Ал өзіме ұқсайтын жас қыздарға бір нәрсе айтқым келеді: сіздің залдағы орныңызды біреудің рұқсаты анықтамайды.
– Егер бүгінгі мектеп оқушысы «Оксфордқа түскім келеді» деп келсе, оған ең бірінші қандай кітапты оқуға немесе қандай дағдыны дамытуға кеңес берер едіңіз?
– Мен оған Оксфорд туралы кітаптан бұрын, әлем туралы кітап оқуды ұсынар едім. Өйткені он бес жастағы бала «Оксфордқа түсуім керек» деп тым ерте мақсат қойып, өзінің неге қызығатынын ұмытып кетпеуі керек. Көп оқысын. Бір нәрсеге қатты қызықсын. Сосын сол қызығушылығын зерттесін. Жазсын. Пікірталас жасасын. Өзінен үлкен адамдарға сұрақ қойсын. Бір нәрсені түсінбесе, ұялмай сұрасын. Оксфордқа апаратын ең маңызды нәрсе - мінсіз резюме емес. Интеллектуалдық қызығушылық. Егер бала әлемге шын қызықса, университеттер оған есік ашудың жолын табады.
– Бір сұхбатыңызда «ұялып жүре берсең өспейсің» депсіз. Сонда қазақ жастарын артқа тартатын осы мінез бе?
– Мен қазақ жастарын ұялшақ деп айтпас едім. Керісінше, біздің жастарымыздың әлеуеті өте жоғары. Бірақ бізде «көп сөйлеме», «өз-өзіңді мақтама», «ұят болады» деген сөздер өте ерте жастан құлағымызға сіңеді. Олардың әрқайсысының жақсы жағы бар. Бірақ кейде бала ер жеткенде «өзіме мүмкіндік сұрасам ұят па?», «жетістігімді айтсам мақтанған боламын ба?», «осы адамға жазсам, мені кім деп ойлайды?» деп өмір сүре бастайды. Менің «ұялма» дегенім – әдепсіз бол дегенім емес. Өзіңді кішірейтпе. Егер сенің арманың үлкен болса, оны айтуға ұялма. Егер сен бір мүмкіндікке лайық болсаң, оны сұрауға ұялма. Егер сенің еңбегің болса, оны көрсетуге ұялма.
Университеттің атауына ғана қызықпаңыздар
– Жоғарыда жастар зиялы болуы керек дедіңіз. Сонда нағыз интеллектуал қандай болуы керек? Терең білім жеткілікті ме, әлде оған қоса мейірім, жауапкершілік сияқты қасиеттер керек пе?
– Мен үшін интеллектуалдықтың ең әдемі белгісі – кішіпейілділік. Шын мәнінде көп білетін адам көбіне өзінің қанша нәрсені білмейтінін жақсы түсінеді. Сондықтан мен үшін нағыз интеллектуал – жүздеген кітап оқыған адам ғана емес. Ол басқа адамның пікірін тыңдай алады. «Мен қателесуім мүмкін» деп айта алады. Өз білімін адамдарды төмендету үшін емес, бір нәрсені жақсарту үшін қолданады. Маған әсіресе бір нәрсе маңызды: ақылды болу мен жақсы адам болу бір-бірінен бөлек болмауы керек. Егер адамның білімі көп болғанымен, оның қасындағылар өздерін кішкентай сезінсе, мен ондай интеллектуалдықты толық деп қабылдамаймын.
– Қазір шетелде бірнеше айлық курсты оқып келіп, өзін шетелдік университеттің түлегі ретінде таныстыратындар, коучтар көбейді. Олар жайлы не ойлайсыз?
– Шынымды айтсам, мұндай жағдайларды мен де соңғы жылдары жиі байқай бастадым. Академиялық адам ретінде бұл тақырып маған жақын, өйткені ғылымда адалдық пен шынайылықтың орны бөлек деп ойлаймын. Мен өзім университетке түсу үшін жылдар бойы дайындалдым, емтихандар тапсырдым, бірнеше кезеңнен өттім. Ал Оксфордқа түсу процесінің өзінде профессорлармен байланысып, ғылыми жұмыс жасап, бірнеше сұхбаттан өтіп, өз зерттеуім мен академиялық әлеуетімді қайта-қайта дәлелдеуге тура келді. Кейін университетке қабылданған соң да бұл жол аяқталған жоқ. Толыққанды академиялық бағдарламаны өту үшін күн сайын жұмыс істеп келемін.
Сондықтан бір адамның университетке бір айлық бағдарламаға қатысып, кейін өзін сол университеттің «түлегімін» деп таныстырғанын көргенде, шынымды айтсам, маған сәл әділетсіз көрінеді… Себебі бір атаудың артында кейде жылдар бойғы еңбек пен мүлдем басқа деңгейдегі академиялық талап тұрады.
Бірақ бұл қысқа бағдарламалардың құндылығы жоқ деген сөз емес. Керісінше, summer school, certificate programme немесе қысқа академиялық курс адамның біліміне, тәжірибесіне, көзқарасына үлкен үлес қосуы мүмкін. Мен мұндай мүмкіндіктерді толық қолдаймын. Мен бағдарламаның өзін емес, оның мәртебесін бұрмалауға қарсымын.
Мысалы, «Оксфордта бір айлық бағдарламаға қатыстым» деу – өте жақсы жетістік. Оны жасырудың еш қажеті жоқ. Бірақ «Оксфорд түлегімін» деп айту – мүлдем басқа мағына береді… Меніңше, академиялық ортада адамның өз жетістігін қалай көрсететіні оның қандай жетістікке жеткені сияқты маңызды. Өйткені ғылымда біз деректі өзімізге тиімді болу үшін бұрмаламаймыз. Өз академиялық жолымызды да бұрмаламауымыз керек.
Әсіресе жастарға осыны айтқым келеді: университеттің атауына ғана қызықпаңыздар. Адамның қай жерде болғанынан бұрын, не оқығанына, қандай жұмыс істегеніне, не зерттегеніне және сол білімін кейін қалай қолданғанына қараңыздар. Себебі соңында адамның визиткасындағы әдемі атау емес, оның нақты білімі, жасаған жұмысы және сол білімге адалдығы қалады.
– Әңгімеңізге рақмет!