Жаңалықтар

Арал тағдыры – адам тағдыры

Елде дәстүрлі түрде Арал экспедициясына бір топ ғалымдар сапарлап тұрады
Арал тағдыры – адам тағдыры
31.05.2019 19:12 37969

Соңғы 40 жылдан бері Арал теңізінің басынан дерті әлі күнге арылмай келе жатыр. Қазіргі кезде теңіздің көлемі екі есеге дейін тартылып, судың деңгейі бес есеге дейін азайған. Тіпті судағы  балықтардың қырылуына дейін алып келген. Бүгінде тек Орта Азияның ғана емес, әлемдік проблемаға айналған Арал теңізі суды тиімсіз пайдалану салдарынан жыл сайын біртіндеп құрғап барады. Осыған байланысты талай уақыттан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін қазақстандықтармен қоса, шетелден де  бір топ ғалымдар арнайы келіп, өз болжамдарын жасауда. Солардың ішінде «Qazaq Geography» қазақстандық ұлттық географиялық қоғамын ерекше атап өтуге болады. Соңғы бірнеше жылдан бері Аралға экспедиция жасап жүрген олар биыл да сырттан келген мамандармен және Назарбаев университетінің бір топ ғалымдарымен  теңіздің бүгінгі хал-ахуалын көріп,  соған қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Жуырда ғана небәрі екі аптаға созылған «Арал-2019» сапарынан  оралған экспедициясының жетекшісі Нұржан Алғашовпен кездесіп, ғылыми-танымдық саяхаттары жайында біліп қайтқан едік.  

Фотода: Нұржан Алғашов

Арал теңізі планетамыздағы ең үлкен континенттік сутоғаны деген атпен баршаға белгілі. Қазақстан мен көрші Өзбекстанның шекарасында жатқан теңіздің мәселесі бүгінде тек қазақстандықтарды ғана емес, дүние жүзі халықтарын толғандырып отыр. Өйткені оның әлемдік сахнадан біржола жойылып кетуі тек біздің ел мен Орта Азияға ғана емес, бірқатар Шығыс елдерінің күнделікті тыныс-тіршілігіне де өзгерістер әкелмек. Ал дүниежүзі климатының өзгеруі салдарынан  атмосфера қабаттарында ауытқушылықтар, антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Осы Арал мәселесіне қатысты соңғы он шақты жылда көптеген географ және эколог ғалымдардың  арасында түрлі пікірталастар туды. Осыған байланысты, түрлі халықаралық конференциялар өткізілді. Тіпті, өркениетті әрі экономикасы дамыған Орта Азия республикалары, Ресей, АҚШ, Жапония сынды тағы басқа  елдер қаржылай да көмектер көрсетіп, проблеманы түп-тамырымен жоюға барын салып атсалысуда.

Еліміздің оңтүстік аймағындағы Арал теңізі шамамен 35 мың жыл бұрын Тұран ойпатында пайда болған. Бұл теңізге алғаш рет «Арал» атауын араб географы әрі ғалымы Ибн-Руста өз еңбектерінде атап көрсеткен болатын. Бұл дүниежүзілік мұхитқа шығатын жолы жоқ теңіз ағынсыз теңіз болып есептеледі. Ал атауының өзі «Аралдар теңізі» деген мағынаны білдіреді. Өйткені, онда үш жүзге жуық аралдан артық арал бар екен.

Осы теңіздегі судың уақыт өте сарқылуы бұрыннан бері көптеген жағдайларды ушықтырып отыр. Соған байланысты 1993 жылдан бастап Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қазақстан осы тығырықтан шығудың әдісін бірігіп іздеу мақсатымен халықаралық Аралды құтқару қорын құрған болатын.

 Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың қазіргі институттарының негізінде оның құрылымы мен келісім-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Бұл оның жұмыс сапасын арттырып, әлеуетін  кеңейтуге, ұйымды бүгінгі күннің қауіп-қатерлеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын  басқару, бөлу, есепке алу және мониторинг жүргізу жүйесін автоматтандыратын кез келді. Бұл елдердің суды пайдалануын ашық етіп, сенімді нығайтады. Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету бағдарламалары шеңберінде өңірлік жобаларға басымдық беру қажет. Бұл қабылданатын шаралардың тиімділігін арттырып, ынтымақтастықты нәтижелі етеді, - деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Өткен ғасырдың ортасына дейін Арал теңізі үлкендігі жағынан жер бетінде төртінші орында болған. Соңғы жарты ғасырда, яғни 1960 жылдары оның көлемі  68 900 шаршы шақырымнан  2015 жылы 8 303 шаршы шақырымға дейін азайған. Мұның басты себептерінің бірі ретінде 1950-1960 жылдары КСРО үкіметі ауыл шаруашылығы саласын дамыту саясатын жүзеге асырмақ болады. Сөйтіп, егістік жерлерді суаруға көп мөлшерде суды осы жылдары Арал теңізіне құятын Әмудария мен Сырдария өзендерінен ала бастаған еді.

 Аралды құтқару қоры халықаралық деңгейде белсенді жұмыс жүргізуде. Соның арқасында Арал өңіріне әлемдік қоғамдастық пен халықаралық қаржы институттары тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. Біздің бірлесе жұмыс істегеніміздің арқасында бұл қор Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды, - деді былтыр Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына қатысқан кезде  ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев.

Бүгінгі таңда екі өзеннің аумағы егістікке толғанымен, көлдің орны бос қаңырап тұр. Оның экологиялық жүйесі үлкен өзгеріске ұшырағанын байқауға болады. Ал балықшылар қауымы «Көлге су қайта толар ма екен?» деген ойменен әркез жан-жағына жалтақтаумен елеңдеседі. Бұрында көгілдір теңізде қалықтаған түрлі кемелер қазір тот басып, айдалада жатыр.  Осы сала ғалымдары түрлі шешімдер ұсынып, біраз істер атқарып жатқанын теледидардан естіп жатамыз. Алайда, әзірше Арал проблемасы біраз уақыттан бері күрмеуі шешілмеген мәселелер қатарынан түспей тұр.

Қазіргі таңда Арал мәселесін жоғарыда айтып өткеніміздей түрлі халықаралық ұйымдармен жекелеген тұлғалар да жиі көтеруде. Қоғамға әрдайым теңіз жайында бұрын көпшілік біле бермеген деректерді ұсынып жүргендердің бірі – «Qazaq Geography» Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы.

 «Арал тағдыры – адам тағдыры» болып саналатын аймақтағы теңізді зерттеуге олар да сүбелі үлестерін қосудан қалыс қалмай келеді. Олар 2016 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан экспедицияға отандық және шетелдік ғалымдар, географиялық қоғам мүшелері мен кәсіби саяхатшыларды көптеп тартуда. Осыдан үш жыл бұрынғы алғашқы сапары кезінде  олар тек Солтүстік Аралдың санаулы бөліктерін зерттеуден бастаған еді. Сөйтіп, сол маңайдағы судың гидробиологиялық  жағдайымен жақынырақ танысып, біраз маңызды ақпараттар жинап қайтты. «Нәтижесінде Арал теңізінің бұл аймағы жақсарып келуде..» деген қорытындыға келді. Олардың мұндай тұжырым жасауына теңіз тұздылығының төмендеу үрдісі негіз болған еді.  

 Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр. Дүниежүзілік банктің қолдауымен біз Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірдік. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын сауықтыру жөнінде белсенді түрде ынтымақтастық орнатып отырмыз. Орталық Азия елдері бұл экологиялық проблемалармен күресу үшін көмек күтеді,  - деді Н.Назарбаев.

Ал «Арал-2018» атты екінші сапары кезінде Қазақстанмен қоса, көрші Өзбекстан аумағының  жеті мыңдай шақырым жолын жүріп өтті. Олар осы сапар кезінде еліміздің тоғыз облысы мен өзбек елінің жеті аймағын басып өткен. Былтыр саяхатшылар Астана, Қарағанды, Балқаш, Шу, Мерке, Шымкент, Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Хиуа, Нүкіс,  Мойнақ, Оңтүстік Арал, Бейнеу, Бозоқ, Солтүстік Арал, Көкарал, Арал, Ырғыз, Торғай, Арқалық сынды бағыттарымен жүріп, біраз мағлұматтар жинап, жан-жақты зерттеп, қайтадан елордаға оралған. Оның құрамында гидробиолог ғалымдар, картографтар, мәдениеттанушылар, археологтар, экологтар, биологтар, журналистер мен фотографтар болған.

Еуропалық және америкалық туристер Арал теңізіндегі кемелер зиратын көру үшін ұзақ жолды биік джиптермен де, мотоциклмен де, тіпті қос дөңгелекті велосипедпен және жаяу жүріп баруға дайын.  Өйткені саяхатшыларға дәл  осы маңайдағы кеңестік кезеңнің көріністерін көру өте қызық. Бұл нақ сол уақытта орын алған экологиялық апат болғандықтан, қаңырап бос қалған кемелер суретке түсіретін ерекше нысандар болып саналады. Сондықтан адамдар мұнда мыңдаған шақырымды жүріп те келе береді.  

Екінші рет ұйымдастырылған экспедицияның ерекшелігі ретінде зерттеу спектріне Оңтүстік Арал да кіргенін ерекше атап өтуге болады.

Былтыр еліміздің беделді Назарбаев университетінің гидробиолог ғалымдары Оңтүстік және Солтүстік қос Аралдың бірнеше бөліктерінен су сынамаларын алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қоса, теңіздің су қоймасының қазіргі жай-күйін анықтау мақсатымен гидрологиялық-гидрохимиялық параметрлері де өлшенді. Сөйтіп, олар  теңіздің тұздылығының төмендеуін тіркеген еді. Яғни, мамандар бұдан осы Солтүстік Аралдағы экологиялық жағдайдың сәл де болса жақсарып келе жатқанын байқапты.

 Былтыр ғалымдар Арал су қоймасының тұздылығы шамамен 3,5 промилледен 130 промиллеге дейін екенін дәлелдеп көрсетті. Әсіресе Солтүстік Аралдың тұздылығы Оңтүстік Аралдағыға қарағанда 10 есеге аз болып шықты. Мысалы, Оңтүстікте су қоймасының тұздылығы орташа есеппен  жоғарыда айтып өткендей 130 промилле бұл  орташа есеппен алғанда дүние жүзі мұхитының орташа тұздылығынан шамамен төрт есе жоғары болып келетінін айта кету керек, - дейді экспедиция жетекшісі.

Сонымен қоса, былтыр олар Назарбаев университетінің гидробиолог ғалымдарымен бірлесе теңіздің көрші Өзбекстан бөлігін де зерттеуге алды. Арнайы сала мамандары сынамалар қортындысы бойынша Арал теңізіндегі судың ластығы, қышқылдығы, тұз және фосфор деңгейлерінің мөлшері жайында біраз деректер жинады. Жыл сайынғы дәстүрге айналған Аралға бағытталған экспедицияға олар  биыл да сапарлауды ұмытқан жоқ.

 Біз мамырдың 12-інде Нұр-Сұлтан қаласынан Арал теңізіне жолға шықтық. Бас-аяғы 21 адамнан тұратын экспедиция мүшелерінің қатарында  «Qazaq Geography» қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының қызметкерлері, Назарбаев университеті мен арнайы Венгриядан келген бір топ ғалымдар, студенттер, фотограф-видеографтар және жол бойында көрген-білген ақпараттарды қағазға түсіретін журналист те болды. Барлығымыз жол талғамайтын бес көлікпен шықтық, - дейді «Арал-2019»  экспедициясының жетекшісі Нұржан Алгашов.


 Экологиялық апатқа айналған теңізді қайта қалпына келтіру үшін соңғы жылдары елде 100-ге жуық жоба қабылданды. Бассейн маңындағы елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, Арал теңізін сақтап қалу мен тұздардың желмен қоршаған ортаға таралып кетпеуін қамтамасыз ету сияқты шаралар жүргізілді. Бірінші кезекте тұрған басты мәселелердің бірі – сол маңдағы халықтың денсаулығын жақсарту  Жалпы айтқанда, теңіздің тозып кетпеуіне жол бермеу керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, аталмыш бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асыру арқылы Арал теңізінің тартылуынан келіп туындаған түрлі келеңсіздіктерді жойып, қоршаған ортаны қорғауға бар күш-жігерімізді салатын боламыз, - дейді Өзбекстан сенаторы Орал Атаниязова.

Биыл барлығы 16 күнге созылған сапар барысында экспедиция мүшелері еліміздің төрт мыңға жуық шақырымын жүріп өткен. Зерттеуші-саяхатшылар Арқалық, Торғай, Ырғыз, Шалқар, Бегімбет, Бозой, Чернышев шығанағы, Құланды, Тұщыбас, Шевченко шығанағы, Шұбартарауыз, Ақеспе, Бутаков шығанағы, Қотырнақ түбегі, Арал, Қамыстыбас, Қаратерең, Көкарал бөгеті, Қаратерең, Байқоңыр, Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды сынды жиырма беске жуық бағыт бойынша көбінесе асфальтталмаған  жолдармен  жүріпті.

 Арал теңізіне экспедиция жасау себебіміз  ғылыми тұрғыдан оның динамикасын және жыл сайын орын алатын өзгерістерді бақылап отыр үшін экспедиция жасап тұрамыз, - дейді экспедиция жетекшісі Н.Алғашов.

«Арал-2019» экспедициясының басты мақсатына  отандық және әлемнің түкпір-түкпірінен келген бір топ ғалымдар су түбіндегі тіршілік иелері мен топырақтан түрлі сынамалар алып, құрамын зерттеу кіреді. Осылайша, көлдің қазіргі жағдайын анықтайды. Жақында Арал теңізінен оралған олар экспедиция барысында Солтүстік және Оңтүстік теңізден  20-дан астам су сынамаларын алған.

 Ерекше айтып кететін жәйт, біз су сынамаларын Арал теңізінде тек бір нүктеден емес, арнайы аралап жүріп, әртүрлі жерлерден және жағалаудан бірнеше шақырымға алшақ орналасқан өте терең сулардан да алдық.  Оған қоса, Шалқар өңірінде кішігірім көлдерді де зерттедік. Ал Венгриядан келген профессор бізге  өзінің кеңестерін айтып отырды. Ал су сынамалары ғалымдарымыз өзінің қажетті құралдарымен сол жерде зерттеуге кірісті. Және де біз сол сынамаларды Нұр-Сұлтанға алып келдік. Енді алдағы уақытта ғалымдар солармен түрлі анализдер жасап, қазіргі Аралдың қандай қалыпта екенін анықтамақ, - Нұржан Алғашов.

Ғылыми зерттеу жұмыстарынан бөлек,  олар Арал өңірінің туристік жағынан әлеуетін және артықшылығын зерттемек. Осылайша туристік бағыт картасын жасап, өңірге шетелдік туристерді тарту жоспарланып отыр. Олар алдымен шетелдік туристерді қызықтыра алатын орындарды анықтап, арнайы жобалар  жасап, кейін жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды ойластырып отыр. Сонымен, Арал теңізінде қонақтарға ұсынатын қандай ерекше орындар бар? Өкінішке қарай, шетелдік қонақтарды ең бірінші қызықтыратын алып су айдыны жұтылып қалды. Одан кейінгі кезекте құмды жазық далалар, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне назар аударуы әбден мүмкін. Сонымен қоса, теңіз айналасындағы қасиетті кесенелер мен тарихи орындар да туристер үшін ерекше нысандар болып саналады.

Сондай-ақ, қазақстандық қоғам теңіздің бүгінгі проблемасын барынша жан-жақты көтеріп әрі бірегей фото-бейнематериалдар қорын жинауды мақсат етеді.

 Бірнеше анализдерді жасағаннан кейін Оңтүстік Аралдың одан әрі тартылып жатқанына көз жеткіздік. Оның тұздылығы да біртіндеп көтеріліп жатыр. Ал Солтүстік Аралға келер болсақ, оның тұздылығы керісінше ақырындап азайып барады. Бұл Қазақстан үшін жақсы жаңалық,- дейді Н.Алғашов.

Жалпы кез-келген саяхат қиындықсыз болмайды. Сол себепті Арал экспедициясының мүшелері де жыл сайын  түрлі кедергілерге тап болады. Бірақ жұмыла көтеріп, бірлесе жұмыс істегеннің арқасында барлық проблемалар дер уақытында шешіліп, сапарлары әрқашан сәтті аяқталып келеді.

Орта Азиядағы су көздерінің көбісі Қырғызстан мен Тәжікстанда орналасқан. Осы қос елдің өлкесінен бастау алатын өзендердің суымен Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстанның егістіктері суарылады және Арал теңізіне келіп құяды.

Бүгінде теңіз маңында су және жер ресурстары жойылған, экожүйенің құрамы мен төзімділігі бұзылған әрі қоршаған ортаның экоқұндылығы азайған. Соның салдарынан қоршаған ортаның улануы күрт артып отыр. Сонымен қоса, Рыбацкий, Әжібай, Бозкөл, Алтынкөл және Каратма шығанақтары мүлдем жоғалып кеткен екен. 

Теңізге жақын аймақта өмір сүретін тұрғындар күніне орташа норма бойынша 125 литр су орнына амалсыздан тек 15-20 литр су ғана алып отырады. Мұнда суға деген қажеттілікпен қоса, кейбір өңірлерде әртүрлі эпидемиялар мен аурулардан да адамдар зардап шегеді екен.

Қорыта айтқанда, Арал теңізінің проблемасы әлі күнге дейін шешімі табылмаған күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Тіпті, барша әлемді алаңдатқан теңізді сақтап қалу мақсатында көптеген ұйымдар құрылып, мемлекеттер де белсене ат салысып жатыр. Алдағы уақытта теңіздің маңында  тұратын халықтың жағдайын жақсартумен қоса, оның флора мен фаунасына да жан бітіру қажет. Егер осы теңізді қалпына келтіретін болсақ, болашақта бұл еліміздің ең көрікті әрі әсем аймақтарының бірі болар еді. Сонымен қоса, көптеген шетелдік туристер мен ел жұртының демалыс орындарына айналуы әбден мүмкін. Қазіргі барша қазақстандықтардың басты армандарының бірі – Арал теңізін қалпына келтіріп, оның айналасындағы тіршілікті жандандырып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдыру.

(Суреттер  Нұржан Алғашовтың жеке мұрағатынан

және ғаламтор беттерінен  алынды)

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға