Жаңалықтар

Қаракерей Қабанбай,

ҚАБАНБАЙ Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз (1692, қазіргі Шығ. Қазақстан обл. Үржар ауд. Барлық тауы – 1770, сонда) – батыр.
29.08.2014 12:24 7401

ҚАБАНБАЙ Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз (1692, қазіргі Шығ. Қазақстан обл. Үржар ауд. Барлық тауы – 1770, сонда) – батыр. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінде ерекше ерлік көрсетіп, талантты қолбасшы ретінде аты шыққан. Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. Қ-дың жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза тапқан. 16 жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Ерасыл 5 – 6 жыл Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болды. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, “Қабан батыр” атанды. 1717 ж. Аягөз шайқасында ерекше көзге түсіп, Қ. батыр атанады. 1723 ж. Түркістан қорғанысына, 1726 ж. Бұланты шайқасына, 1730 ж. Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналды. 1741 ж. Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанды. 1751 ж. Арқадан Оңт. Қазақстанға Қ. – Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалды. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған 2 түмен қазақ әскері, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қ-ларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалды. 1752 – 54 ж. Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қ. басқарған қазақ әскері алдымен Қле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінде 2 бағытта шабуылға шықты. Күнгейдегі әскер тобын басқарған Қ. сарбаздарымен Қарақол мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылды. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат етті. Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қ. 1756 ж. жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға ат салысты, Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласты. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысты. Қытаймен бітім жасалғаннан кейін, 1758 ж. қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қ-на 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап, қарсы шығып, Қ. жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшырады. Қ-дың 2 әйелінен жеті ұл туған. Алматы обл-ндағы бұрынғы Андреев а-на, Шығ. Қазақстан обл. Үржар ауд. Жарбұлақ а-на, Алматы, Семей, ґскемен, Талдықорған қ-ларындағы бір-бір көшеге, сондай-ақ, Аякөз қ-нда орналасқан танк дивизиясына Қ. есімі берілген. Алматы обл. Алакөл ауд. орт. Үшарал қ-нда батырға ескерткіш орнатылған. 1992 – 93 ж. бұрынғы Талдықорған және Семей обл-тарында Қ. батырдың 300 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілді. Астана қ. іргесінде батырға ескерткіш-монумент орнатылған. Батыр туралы жыр-дастандар, зерттеу еңбектері аз емес. Қ-дың өмірі мен ерлік күресі Бұхар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара, т.б. халық ақындары жырларына арқау болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ҒА-ның көне қолжабазбалар бөлімінде Қ-ға арналған жырлардың 4 нұсқасы, Қытай қазақтарында 10-ға тарта нұсқасы сақталған. Бұл жырларды жинау ісіне Ш.Уәлиханов, С.Торайғыров, Қ.Халидұлы, Қытайда тұратын қазақ ғалымдары З.Сәнік, Б.Садықан, т.б. көп еңбек сіңірген. Жазушы Қ.Жұмаділов “Дарабоз” тарихи романын жарыққа шығарды.

Қ. Жұмаділов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға