Жаңалықтар

Ақтөбелік азамат 18 келіден астам кептірілген марихуана тасымалдаған

Ақтөбелік азамат 18 келіден астам кептірілген марихуана тасымалдаған
Фото: © Polisia.kz 15.08.2023 16:42 483

Қызылорда облысының патрульдік полиция қызметкерлері “Қарасора – 2023” іс-шарасы барысында 18 келіден астам есірткі затын тасымалдаған Ақтөбе облысының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

“Қарасора – 2023” іс-шарасы барысында Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұсында Шымкент – Самара тасжолының 637/1630 шақырымында жол ережесін бұзған Chevrolet Cobalt автокөлігін патрульдік полиция рота қызметкерлері тоқтатты. Тексеру барысында көліктен үлкен жол сөмкесіне салынған жасыл түсті зат анықталып, айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған зат 18 келі 683 грамм кептірілген марихуана екендігі нақтыланды.

Тексеру барысында бұл сөмкенің жолаушыға тиесілі екендігі анықталды. Ол Ақтөбе облысының тұрғыны болып шықты. Күдікті УҰИ-ға қамалды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Мән-жайлар анықталады.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға