Жаңалықтар

Ақтөбеде Кенжеғали Кенжебаевтың 70 жас мерейтойы өтті

Шараға Ералы Тоғжанов, Асқар Жұмаділдаев және ғалымдар қатысты
Ақтөбеде Кенжеғали Кенжебаевтың 70 жас мерейтойы өтті
Фото: gov.kz 21.01.2023 19:10 1481

Ақтөбе өңірлік университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, осы университеттің еліміздегі іргелі оқу орындарының біріне айналуына өлшеусіз зор үлес қосқан білікті басшы  Кенжебаев Кенжеғали Кенжебайұлының 70 жылдығына арналған ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ақтөбе облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Облыс басшысы Кенжеғали Кенжебаевтың Ақтөбе өңірінің өркендеуі мен дамуы жолындағы қосқан елеулі үлесі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегін, білім саласында салған сара жолын атап өтіп, құрмет көрсетті.

«Кенжеғали Кенжебайұлы – қазақтың біртуар ұлы, өз қолымен өмірін жасаған адам. Әке-шеше баланы дүниеге әкелгенде «балам адам болса екен» деп тілейді. Сол ағамыздың ата-анасының тілегі қабыл болды десем артық айтқаным емес. Ол – бір ғана отбасының емес, бүкіл елдің азаматы. Тұлғалық болмысымен ғылым-білімнің дамуына үлес қосты. Еселі еңбегін бүкіл жұрт біледі. Жүріп өткен сара жолыңыз кейінгі буынға үлгі», - деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов мерейтой иесінің иығына шапан жапты. 

Кенжеғали Кенжебаев 1953 жылы Байғанин ауданы Доңызтау ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде оқытушы, аға оқытушы, физика-математика факультетінің деканы, университет ректоры қызметтерін атқарды.

Қазақстанның және ТМД елдерінің және алыс шетелдердің орталық басылымдарында 60-тан астам ғылыми еңбектері жарық көрді, оның ішінде 5 монография мен оқу-әдістемелік құралдары жарияланған.

Дифференциалдық теңдеулер мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми конференциялардың бастамашысы және ұйымдастырушысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға