АҚШ-қа визаңыз болса да, ұшаққа кіргізбеуі мүмкін: жолаушыларға қандай талап енгізіледі?

АҚШ-қа визаңыз болса да, ұшаққа кіргізбеуі мүмкін: жолаушыларға қандай талап енгізіледі?
Фото: El.kz архиві

2026 жылғы 3 қарашадан бастап АҚШ-қа халықаралық рейстермен ұшатын жолаушылар жаңа санитарлық талапты орындауы тиіс. Ұшаққа отырмас бұрын арнайы форманы толтырып, соңғы 21 күн ішінде Конго Демократиялық Республикасында (КДР) болмағанын растау қажет.

Жаңа талап кімдерге қатысты?

Жаңа ереже АҚШ-қа тікелей ұшатын жолаушылармен қатар, транзит арқылы сапарлайтын адамдарға да қолданылады. Егер жолаушы қажетті форманы толтырмаса, қолында жарамды визасы болғанның өзінде оны ұшаққа отырғызбауы мүмкін.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) енгізген талап 2026 жылғы 3 қарашада АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша сағат 23:59-да күшіне енеді. Шектеу осы уақыттан бастап немесе одан кейін АҚШ-қа бағыт алатын рейстерге қатысты болады.

Жолаушылар ұшуға дейінгі соңғы 21 күн ішінде Конго Демократиялық Республикасында болмағанын растауы керек. Бұл елдің әуежайлары арқылы транзитпен өткен адамдарға да қатысты. Тіпті транзиттік аймақтан шықпаған жолаушылар да осы талапты орындауы тиіс.

Жолаушылар не істеуі керек?

Ұшаққа отырмас бұрын жолаушылар:

  • арнайы форманы қағаз немесе электрондық нұсқада толтыруы;
  • соңғы 21 күн ішінде Конго Демократиялық Республикасында болмағанын растауы;
  • транзиттік сапарлар кезінде де осы талапқа сәйкес келетінін тексеруі қажет.

Толтырылған формасы жоқ жолаушы рейске жіберілмейді. АҚШ үкіметінің арнайы рұқсаты бар адамдарға ғана ерекшелік қарастырылған. Демек АҚШ визасының болуы елге бағытталған рейске отыру үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Жолаушы жаңа санитарлық талапты да орындауы керек.

Әуе компанияларына қандай міндет жүктеледі?

Жаңа ережеге сәйкес, әуе тасымалдаушылары бірнеше міндетті орындауға тиіс:

  • жолаушылардың арнайы форманы толтырғанын отырғызу алдында тексеру;
  • растау құжаттарының көшірмелерін рейс АҚШ-қа келгеннен кейін кемінде 42 күн сақтау;
  • АҚШ билігінің сұрауы бойынша тиісті құжаттарды ұсыну.

Қажет болған жағдайда әуе компаниялары жолаушыны сәйкестендіруге арналған мәліметтерді де беруге міндетті. Олардың қатарына жолаушының аты-жөні, брондау нөмірі, әуе компаниясының коды, рейс нөмірі, ұшу және қону әуежайлары, сондай-ақ сапардың күні мен уақыты кіреді.

АҚШ не себепті жаңа шектеу енгізіп отыр?

Жаңа талап Конго Демократиялық Республикасында Bundibugyo штамынан туындаған геморрагиялық қызба өршуіне байланысты енгізіліп отыр. Мәліметке сәйкес, індет мамыр айының ортасынан бері жалғасып келеді және ел тарихындағы ең ауқымды әрі өлім-жітімі жоғары өршулердің біріне айналған. Оның ауқымы 2018-2020 жылдардағы індеттен де асып түскен.

Конго Демократиялық Республикасының Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институтының деректеріне сәйкес, ауру жұқтырғандар саны 10 060 адамға, ал қайтыс болғандар саны 4 887 адамға жеткен.

АҚШ-қа ұшатын жолаушылар нені ескеруі керек?

2026 жылғы 3 қарашадан бастап АҚШ-қа халықаралық рейспен ұшуды жоспарлаған жолаушылар сапар алдында әуе компаниясынан қолданыстағы талаптарды нақтылап, арнайы форманы толтыру қажеттігін тексергені жөн.

Әсіресе соңғы 21 күндегі сапар бағытына назар аудару қажет. Транзиттік әуежайда болған уақыттың өзі жаңа талапқа әсер етуі мүмкін. Сондықтан виза мен билеттен бөлек, қажетті санитарлық құжаттардың да дайын болуын алдын ала қамтамасыз еткен дұрыс.

Оқи отырыңыз