Ақмолалық кәсіпкер малдың көңінен тыңайтқыш пен газ өндіріп отыр

Ақмолалық кәсіпкер малдың көңінен тыңайтқыш пен газ өндіріп отыр
Фото: AI көмегімен жасалды

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген қандасымыз Бақытжан Мәметханұлы малдың көңін өңдеп, сұйық органикалық тыңайтқыш өндіріп отыр. Кәсіпкер 40 бас ірі қараның қиынан егіншілікке қажетті өнім алып қана қоймай, қосымша биогаз өндіреді. Сондай-ақ өзі құрастырған қондырғыны патенттеп, осы кәсіпті меңгергісі келетіндерге тәжірибесін үйретіп жүр.

Кәсіпкер бұл салаға қалай келді?

Мамандығы бойынша агроном Бақытжан Мәметханұлы ұзақ жылдар бойы диқаншылықпен айналысқан. Солтүстік Қазақстан облысында 2 мың гектарға жуық егістік жері бар. Ал басқа кәсіптеріне байланысты Көкшетау қаласында тұрады.

Ол топырақтың құнарсыздануы мен экологиялық мәселелерге алаңдап, органикалық тыңайтқыш өндіруді қолға алған. Осы мақсатта арнайы өндіріс орнын ашқан.

Мен өзім өмір бойы агроном болып жұмыс істеп келемін. Бұл салаға келуіме экологиялық мәселелер де себеп болды. Өзім диқаншылықпен айналысатындықтан, органикалық тыңайтқыш өндіру қажеттілігі туындады. Сөйтіп, тыңайтқыш шығаратын зауыт салдық, – дейді кәсіпкер.

Бақытжан Мәметханұлы бұл технологияны меңгеру үшін бірнеше жылын ізденіске арнаған. Алыс-жақын шетелдердің тәжірибесін зерттеп, түрлі эксперимент жүргізген. Қондырғыны жетілдіруге біршама уақыт пен қаражат жұмсаған.

<em>фото: кейіпкердің жеке архиві</em>
фото: кейіпкердің жеке архиві

Мал көңінен тыңайтқыш қалай алынады?

Бүгінде кәсіпкер «Био Нұр» кәсіпорнында «НҰР» сұйық органикалық тыңайтқышын өндіреді. Өндірісте негізгі шикізат ретінде сиыр көңі пайдаланылады.

Мал көңі арнайы жабық қондырғыға – биореакторға салынады. Оның ішінде микроорганизмдер оттегісіз ортада органикалық заттарды ыдыратады. Ғылымда бұл процесс анаэробты ашыту деп аталады. Нәтижесінде биогаз бен органикалық масса түзіледі. Алынған сұйық өнім арнайы сүзгіден өткізіліп, пайдалануға дайындалады.

Біздің негізгі өніміміз – сұйық органикалық тыңайтқыш. Газ – сол өндірістен алынатын қосымша өнім. Басты мақсатымыз – мал шаруашылығындағы қалдықты өңдеп, ауыл шаруашылығына қажетті өнімге айналдыру, – дейді кәсіпкер.

Мұндай технология арқылы алынатын органикалық тыңайтқыштың құрамында азот, фосфор, калий және өсімдіктерге қажетті микроэлементтер болады. Ол топырақтың құнарлылығын арттыруға, құрылымын жақсартуға ықпал етеді.

Кәсіпкердің айтуынша, өнімді егіншілікпен, көкөніс өсірумен, бау-бақшамен және көгалдандырумен айналысатын шаруашылықтар пайдалана алады. Алайда оны қолдану мөлшері өсімдіктің түріне және енгізу тәсіліне байланысты белгіленеді.

<em>фото: AI көмегімен жасалды</em>
фото: AI көмегімен жасалды

Малдың қиынан алынған газбен үй жылытуға бола ма?

Бір бас ірі қарадан тәулігіне орта есеппен 20-25 келі көң шығады. Теориялық есеп бойынша, 40 бас ірі қараның көңінен күніне 40-60 текше метрге дейін биогаз алуға болады. Алайда нақты газ көлемі шикізаттың құрамына және өндіріс жағдайына байланысты.

Биогаздың негізгі құрамдас бөлігі – метан. Оны жылу алуға, сондай-ақ арнайы генераторлар арқылы электр энергиясын өндіруге пайдалануға болады.

Дегенмен кәсіпкер бір қондырғының көмегімен кез келген үйді қыс бойы жылытуға болады деген пікірмен келіспейді.

Биогазды жылу алу үшін пайдалануға болады. Бірақ бір қондырғы кез келген үйді қыс бойы толық жылытады деп уәде бермеймін. Ол үшін газдың нақты шығымын, үздіксіз өндірілуін және ғимараттың жылуға қажеттілігін есептеу керек, – дейді ол.

Мұндай өндірістің экологиялық тұрғыдан да маңызы бар. Мал көңі ашық жерде ыдыраған кезде атмосфераға метан бөлінеді. Ал биореактор арқылы осы газды жинап, энергия көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік туады.

Өзі құрастырған қондырғыны патенттеген

Бақытжан Мәметханұлы өндірісте қолданатын биореакторын өзі құрастырған. Қондырғының сызбасын әзірлеп, тәжірибе жүзінде сынақтан өткізгеннен кейін патент алған.

Кәсіпкер биогаз алу технологиясын өзі ойлап таппағанын, бұрыннан бар технологияны тәжірибеде меңгеріп, қондырғыны өз өндірісіне бейімдегенін атап өтті.

Оның айтуынша, өзі құрастырған құрылғылар еліміздің бірқатар жоғары оқу орнында да қолданылады.

Алайда биореактор орнатқаннан кейін өндіріс өздігінен жүре бермейді. Шикізатты дайындау, температураны бақылау, органикалық массаны араластыру, жабдықтардың жұмысын қадағалау және дайын өнімді сүзу қажет.

Сонымен қатар газ жүйесінің қауіпсіздігіне, желдетуге және қысымды бақылауға ерекше мән берілуі тиіс.

40-қа жуық адамға кәсіп үйреткен

Бақытжан Мәметханұлы тыңайтқыш өндірумен қатар, тапсырыс бойынша биореактор жасап береді. Сондай-ақ осы салаға қызығушылық танытқан адамдарға өндірісті ұйымдастырудың қыр-сырын үйретеді. Бүгінде одан 40-қа жуық адам білім алған.

Кәсіпкер шәкірттеріне қондырғының құрылысын ғана емес, шикізатты таңдау, өнім дайындау және қауіпсіздік талаптарын сақтау жолдарын да түсіндіреді.

Ал бұл кәсіптен қанша табыс табуға болады деген сауалға ол нақты бір соманы айту қиын екенін жеткізді. Себебі табыс өндіріс көлеміне, жұмсалатын шығынға және дайын өнімге деген сұранысқа байланысты.

Тыңайтқыш өндірілгенімен, оны кімге және қандай көлемде өткізетініңіз де маңызды. Менің мақсатым – оңай ақша уәде ету емес, қалдықтан өнім алудың жолын көрсетіп, кәсіпті саналы түрде ұйымдастыруға үйрету, – дейді кәсіпкер.

<em>фото: кейіпкердің жеке архиві</em>
фото: кейіпкердің жеке архиві

Бақытжан Мәметханұлы өз кәсібін әлеуметтік желіде «Боқтан ақша» деген ерекше атаумен таныстырып жүр. Көпшіліктің назарын аударған бұл атаудың астарында қарапайым қалдықтың да табыс көзіне айнала алатынын көрсету идеясы жатыр.

Көп адам қалдық деп қарайтын нәрсенің де пайдаға жарайтынын көрсеткім келеді. Атаудың артында нақты еңбек, өндіріс және бірнеше жылдық ізденіс тұр. Адам алдымен атауға қызығып, кейін оның артындағы жұмысты түсінсе деймін, – дейді ол.

Алдағы уақытта экологиялық шипажай салғысы келеді

Кәсіпкердің алдағы жоспарының бірі – экологиялық шипажай салу. Сонымен қатар ол еліміздің әр өңірінде органикалық тыңайтқыш өндіретін кәсіпкерлердің көбеюіне мүдделі.

Оның пікірінше, мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары қолда бар шикізатты тиімді пайдалану арқылы қосымша табыс көзін қалыптастыра алады.

Әр өңірде осы бағытты түсініп, жауапкершілікпен жұмыс істейтін адамдар көбейсе деймін. Мал ұстайтын шаруашылықтар көңді өңдеу мүмкіндігін білсе, ауылда жаңа кәсіптер қалыптасса деген мақсатым бар. Өзім жинаған тәжірибемен бөлісуімнің себебі де осы, – дейді кәсіпкер.

Бақытжан Мәметханұлының тәжірибесі ауыл шаруашылығындағы қалдықтың да құнды шикізат бола алатынын көрсетеді. Мұндай кәсіп ауыл тұрғындарына қосымша табыс табуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға және жердің құнарлылығын арттыруға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз