Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Қонысбай ауылындағы мектепте 5 және 6-сынып оқушыларын біріктіріп оқыту ата-аналардың наразылығын тудырды. Олар екі сыныптың оқу бағдарламасы мен жүктемесі әртүрлі екенін айтып, мұндай шешім балалардың білім сапасына әсер етуі мүмкін деп алаңдаған.
«Балалардан үнемдемеңіздер»
Жағдайға қатысты аудандық білім бөлімі түсініктеме беріп, кейін сыныптарды қайта бөлу туралы шешім қабылдады. Мәселе 15 қыркүйекте әлеуметтік желіде көтерілді. Қонысбай ауылының тұрғындары 5 және 6-сынып оқушыларының бірге оқытылып жатқанын айтып, бұл шешімге алаңдаушылық білдірген.
Ата-аналар екі сыныптағы балалардың жасы ғана емес, меңгеретін бағдарламасы, дайындық деңгейі мен оқу жүктемесі де әртүрлі екенін алға тартқан. Олардың пікірінше, мұндай жағдайда мұғалімге бір уақытта екі бөлек бағдарламаны жүргізуге тура келеді.
Бесінші және алтыншы сынып – оқу бағдарламасы, дайындық деңгейі мен жүктемесі бөлек екі жас тобы. Балаларды жеке сыныптарда оқытудың орнына бір сыныпқа біріктіру толыққанды білім алуына кері әсер етуі мүмкін, – делінген тұрғындардың үндеуінде.
Ата-аналар мұндай шешімнің бюджет қаражатын үнемдеумен байланысты екенін айтқан. Алайда бұл уәжге қатысты білім бөлімі өз жауабында шығындарды қысқарту мәселесін себеп ретінде көрсетпеген.
Тұрғындарды білім сапасымен қатар ауыл мектебінің болашағы да алаңдатады. Олардың айтуынша, ауылдағы мектеп – тек білім беретін мекеме емес, елді мекендегі отбасыларды ұстап тұрған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі. Егер ата-аналар балаларының сапалы білім алу мүмкіндігі шектелді деп есептесе, оларды басқа елді мекендегі мектепке ауыстыру мәселесі туындауы мүмкін.
Қонысбайлық ата-аналар ауылдан көшкісі келмейтінін, балаларының туған жерінде білім алып, болашағын осында құруына жағдай жасалғанын қалайтынын жеткізген.
Заң бойынша сыныптарды біріктіруге бола ма?
Зеренді аудандық білім бөлімі сыныптарды қалыптастыру кезінде мектептегі оқушылардың нақты саны ескерілетінін түсіндірді.
Қазақстанда шағын жинақты мектептердің жұмыс тәртібі Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №385 бұйрығымен реттеледі. Қолданыстағы Типтік қағидалардың 97-тармағына сәйкес, шағын жинақты мектептерде оқушылар біріктірілген немесе дербес сыныптарда оқи алады. Сондай-ақ әртүрлі жастағы балаларды оқыту әдістемесі қолданылған жағдайда жас айырмашылығы бір немесе екі жыл болатын екі не үш сыныпты біріктіруге рұқсат етіледі.
Демек, 5 және 6-сыныпты бір сынып-комплектіге біріктірудің өзі қолданыстағы талаптарға қайшы емес. Дегенмен мұндай жағдайда әр сыныптың білім беру бағдарламасы сақталуға тиіс.
Білім бөлімінің түсіндіруінше, Қонысбай мектебіндегі сыныптар да оқушылардың нақты саны ескеріле отырып қалыптастырылған.
Шағын жинақты мектептерде әртүрлі жастағы білім алушыларды біріктірілген сыныптарда оқытуға, оның ішінде жас айырмашылығы 1-2 жыл болатын екі немесе үш сыныпты біріктіруге жол беріледі, – деп түсіндірді білім бөлімінен.
5 және 6-сынып қайта бөлінеді
Дегенмен ата-аналардың пікірінен кейін жағдай қайта қаралған. Бұған қоса, жаңа оқу жылында мектепке қосымша оқушылар келген.
Зеренді аудандық білім бөлімінің мәліметінше, осы екі жағдай ескеріліп, бұған дейін біріктірілген сынып-комплектілерін қайта бөлу туралы шешім қабылданған.
Ата-аналардың пікірін, сондай-ақ биылғы оқу жылында қосымша оқушылардың келгенін ескере отырып, білім бөлімі бұрын біріктірілген сынып-комплектілерін бөлу туралы шешім қабылдады. Оқу процесі тиісті сыныптардың жұмыс оқу жоспары мен білім беру бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі, – деп хабарлады ведомство.
Білім бөлімінде оқу процесін ұйымдастыру мен педагогтердің оқу жүктемесін бөлу мәселесі бақылауда екенін де атап өтті.
Осылайша, Қонысбай мектебіндегі 5 және 6-сыныпты біріктіру қолданыстағы ережелер аясында жүзеге асырылғанымен, ата-аналардың өтініші мен оқушылар санының артуынан кейін оларды қайтадан жеке оқыту туралы шешім қабылданды.