Жаңалықтар

Анар Расулов: «Қазақстандағы этникалық әзірбайжандармен кездесуге асықпадық»

Анар Расулов: «Қазақстандағы этникалық әзірбайжандармен кездесуге асықпадық»
26.09.2019 14:29 3319

Әзірбайжан үкіметі қазақстандық қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға ниет білдірді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенкомен кездесу барысында Әзірбайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі Анар Расулов мәлімдеді.

Әзірбайжандық делегацияны ресми  қабылдау шарасы елордалық Достық үйінде өтті. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту жолдары талқыланған кездесуге Ассамблея Хатшылығының басшылығы, Қазақстандағы Әзірбайжан елшілігінің және әзірбайжан этномәдени орталықтарының өкілдері қатысты.

Анар Расулов: «Қазақстандағы этникалық әзірбайжандармен кездесуге асықпадық»

Тұтас халықтың басына күн туған нәубет заманда ТМД аймағына ғана емес, күллі әлемге тарыдай шашылған қандастарының әлеуметтік ахуалымен танысуды мақсат тұтқан әзірбайжандық топ Қазақстанға ат басын тірегенге дейін, Ресей, Қытай, Еуропа елдерінде болып, әзірбайжан диаспораларының әлеуетін сарапқа салғандарын айтты.

Анар Расулов: «Қазақстандағы этникалық әзірбайжандармен кездесуге асықпадық»

 «Қазақстандағы әзірбайжан диаспорасымен кездесуге асықпағандығымыздың себебі де жоқ емес. Біз бірінші кезекте, ұлттық, әлеуметтік мәселелер бар елдерде болдық. Ал Қазақстан тек әзірбайжан ұлтына ғана емес, тұтас халыққа бейбіт әрі теңқұқылы қоғамда өмір сүруге мүмкіндік берген ел болып табылады», - деді Қазақ елінің алмағайып кезеңде түбі бір қандастарын бауырына басып, бүгінде бір қауым болып, ел ішінде түтін түтетуіне мүмкіндік берген Қазақстанға ризашылық сезімін білдірген Анар Расулов.

Анар Расулов: «Қазақстандағы этникалық әзірбайжандармен кездесуге асықпадық»

«Қазақстан «диаспора», «аз ұлттар» деген терминдерді өз сөздігінен алып тастау туралы шешім қабылдаған бірден-бір ел. Біз тіліміз бен түріміз, мәдениетіміз бен дәстүріміз әртүрлі болғанымен, тілегіміз мен мақсатымыз бір жерде тоғысқан тұтас қазақстандық халықпыз», - деді Ассамблея қызметін түсіндіруде Қазақстанның бірегей ұлттық саясатына басымдық берген Хатшылық меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко.

Егер сандық деректерден дәйек келтірер болсақ, өткен онжылдықта Қазақстандағы әзірбайжандықтардың саны 87500 адам болса, бүгінде бұл этнос өкілдерінің саны 100 000-ға жеткен. Ел аумағында 22 этномәдени бірлестіктері мен орталықтары жұмыс жасайды. Елордада «Қазақстан әзірбайжандарының Ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі тіркелген.

Қоғамның түрлі салаларында  еңбегі еленіп, ел дамуына үлес қосып жүрген ұлт өкілдері де аз емес. Олардың қатаында әсіресе, қазақ тілінің жанашыры, қоғам қайраткері, әзірбайжан ұлтының даңқты қызы Асылы Османды,  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамовты  атап өтуге болады.

Әзірбайжандықтардың қоғамның барлық салаларында белсенді еңбек атқарып жүргенін атап өткен Леонид Андреевич бұл мақсатта мемлекеттік ұлттық саясат негізінде Ассамблея арқылы да қомақты қолдау көрсетіліп отырғанын айтты. «Әзірбайжан ұлтының өкілдерінің экономикалық өте белсенді екенін білеміз. Олар қоғамның қай саласында болмасын, кәсіпкерлік, өндіріс, құрылыс, ауылшаруашылығында адал еңбек етуде. Әсіесе, Ассамблея шаңырағында құрылған этномәдени бірлестіктердің қоғам жұмысына белсене араласуы қуантады. Мұндай бірлестіктер мен орталықтарды әр ұлттың өз мәдениетін, дәстүрін, құндылықтарын жалғастырушы ретінде оны дамытуына барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің жанында жас ұрпақтың мемлекеттік тілмен бірге өздерінің туған тілдерін, тарихын, әдебиетін және өнері мен дәстүрінен ілім-білім үйрететін жексенбілік мектептер жұмыс жасайды», - деген Л.Прокопенко Қазақстанда әзірбайжан тілінде «VƏTƏN» мерзімді баспасөз басылымы шығарылатынын да тілге тиек етті.

Әзірбайжан мен Қазақстанның түркі әлеміндегі тегі бір туысқан елдер ретінде шығу тарихы ортақ. Бүгінде екі ел бірге жүріп өткен сол тарихи жолды  қайта жаңғыртып, болашаққа иық теңестіріп бірге қадам басты. Қазақ пен әзірбайжан ұлттарының арасындағы бірнеше мыңжылдықтар бойы жалғасып келе жатқан достық пен бауырластық қатынас бүгінде екі мемлекет арасындағы алтын көпірге айналды.

«Әзірбайжан үкіметі әзірбайжан диаспораларын қолдау қорын құрды. Біз осы мақсатта әлемдегі түрлі ұйымдарға мәдени-гуманитарлық тұрғыда қаржыландыру арқылы көмек беріп келеміз», - деген Әзірбайжан делегациясының басшысы Анар Расулов, Қазақстанмен мәдени байланысты нығайту мақсатында білім, әдебиет, өнер салаларында екіжақты тиімді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.  

Анар Расулов: «Қазақстандағы этникалық әзірбайжандармен кездесуге асықпадық»

«Әлемде әзірбайждандық диаспоралар өте көп. Ұлттың тарыдай шашылуына тарих пен тағдыр себеп болды. Біз Қазақстан мемлекетімен бірлесіп жұмыс атқаруға мүдделіміз. Бұл Әзірбайжан Республикасының өз диаспорасына ғана арнаған жобасы болмауы керек. Біз ұсынып отырған жоба Әзірбайжан мен Қазақстанның қоғамның белгілі салаларына бағытталған бірлескен жобасы болуы керек деп ойлаймыз. Біз отандастарымыз қоныс тепкен ТМД аймағындағы барлық елдерде болдық. Алайда, Қазақстанның Әзірбайжан үшін экономикалық қана емес, мәдени-гуманитарлық тұрғыда ықпалдастық серіктестік рөлі жоғары. Біріншіден, бізді ортақ табиғи байлығымыз - Каспий біріктіреді. Екіншіден, екі ел арасындағы тарихи тамырластық ешқайда жоғалмады, керісінше, жылдар өткен сайын беки түсті. Оның үстіне қиын уақытта әзірбайжандықтарға Қазақстан шын мәнінде пана болды. Ұлттар тек өздерінің тілі мен ғұрпын сақтап қана қалмай, сондай-ақ, оны дамытуға мүмкіндік алды. Біз елдер арасындағы байланысты нығайтып, жаңа сатыларға көтеретін жобаларды қаржыландыруға дайынбыз. Бұл тұрғыда Ассамблеяның өкілеттігі жоғары. Сол секілді Мемлекеттік комитет арқылы жоба жұмысы салалық министрліктермен үйлестіріледі. Мәселен, білім саласы бойынша әзірбайжандық студенттердің тарихи отанымен танысуына мүмкіндік туғызуға немесе қандай да бір байқауларда екі елдің туыстығын дәріптейтін жобалардың жүлде қорына үлес қосуға болар еді», - дейді жоба мақсатын түсіндірген делегация мүшесі Теймур Атаев.

Шетелдік әріптестерінің сөзіне қолдау білдірген Леонид Прокопенко Ассамблея шеңберінде екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыс жөніндегі мәмілеге келу туралы мәселенің тараптардың өзара келіссөзі арқылы жүзеге асырылатынын айтты.

Анар Расулов: «Қазақстандағы этникалық әзірбайжандармен кездесуге асықпадық»

Әзірбайжандық делегация Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыс сапарын Достық үйін аралап, әзірбайжан этнос өкілдерімен кездесумен қорытындылады. Олар Қазақстанға сапар барысында Алматы, Талдықорған, Түркістан, Шымкент қалаларындағы әзірбайжан қауымдастықтарының жұмысымен танысып, Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы түрік-қазақ университетінде оқитын әзірбайжандық студенттермен кездесуді жоспарлап отыр.

  

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға