Зумерлер неге батырмалы телефонға әуес? Психолог цифрлық шаршаудың себебін түсіндірді

Зумерлер неге батырмалы телефонға әуес? Психолог цифрлық шаршаудың себебін түсіндірді

Айзат Айдарқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Кейінгі уақытта 2000 жылдардағы технологиялар жастар арасында қайтадан сұранысқа ие бола бастады. Соның ішнде сымды құлаққап, батырмалы телефон, пленкалы фотоаппарат, тіпті ескі MP3-плеерлер бар. Бір қарағанда бұл кезекті сән тренді болып көрінуі мүмкін. Алайда сарапшылар мұның астарында психологиялық және әлеуметтік себептер жатқанын айтады.

 Z ұрпақтың талғамы өзгеріп жатыр. Олар смартфонның жаңа моделінен гөрі, қарапайым батырмалы телефонды сатып алып жатыр.  Бұл үрдіс технологиядан бас тарту емес, цифрлық өмір мен шынайы өмірдің арасындағы тепе-теңдікті іздеудің бір тәсіліне айналып отыр.

Y2K эстетикасы және зумерлер

Бұған себеп ескінің жаңарып, сәннің кері шегініс жасау болар. Мысалы, Y2K эстетикасы қайта танымал болды. Кең пішілген джинсы, сымды құлаққап, пленкалы фотоаппаратпен түсірілген сәл бұлыңғыр фотосуреттер жастардың күнделікті стилінің бір бөлігіне айналды.

Мысалы, заманауи смартфондар түсіретін мінсіз суреттердің фонында ескі Nokia телефоны не пленкалы камера арқылы түсірілген  кадр ерекше әрі табиғи көрінеді. Сондықтан қазір батырмалы телефон жастардың өзіндік стилін көрсететін аксессуар ретінде қабылданады.

Цифрлық шаршау мен одан қорғану жолдары

Алайда мамандардың айтуынша, бұл трендті тек сәнмен түсіндіру жеткіліксіз. Негізгі себеп – жастардың экран алдындағы уақытты азайтып, психикалық денсаулығын сақтауға деген ұмтылысы.

Қазір әлеуметтік желілер пайдаланушының назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұру үшін «барын» салады. Шексіз лента, үздіксіз хабарламалар мен ұсыныстар адамның көзін шашыратып, кітап оқу немесе ұзақ уақыт бір іске ден қою қабілетін әлсіретеді.

Сондықтан  зумерлер батырмалы телефонды саналы түрде таңдайды. Онда TikTok, Instagram немесе ұсыныстар алгоритмі жоқ. Телефон тек байланыс құралы ретінде пайдаланылады.

Кейбір жастар демалыс күндері смартфонды үйде қалдырып, тек батырмалы телефонмен жүреді. Ал енді бірі смартфонды тек жұмысқа пайдаланып, серуенге немесе достарымен кездесуге шыққанда қарапайым телефонды алып шығады. Осылайша олар әлеуметтік желідегі контентке емес, айналасындағы адамдарға көбірек көңіл бөледі.

«Бұл – сананың қорғаныш механизмі»

Психология ғылымдарының докторы, психолог Балабек Сақтағанов бұл құбылысты жай ғана сәнге еліктеу деп қарауға болмайтынын айтады.

«Кейінгі кездері студенттер мен әріптестер арасында жиі талқыланатын бір қызық құбылысқа назар аударып жүрмін. Өздері тоқсаныншы жылдарды көрмеген, тіпті сол заманда дүниеге келмеген зумерлердің үлкен киім киіп, сымды наушниктің түйінін шешумен әуре болып, винил күйтабақтардан музыка тыңдағанына таңғалушылар көп. Кейбіреулер мұны жай ғана сән немесе өткен күнге еліктеу деп ойлайды. Бірақ ғылыми психология тұрғысынан қарасақ, бұл – сананың өте терең қорғаныш механизмі», – дейді маман.

Оның айтуынша, қазіргі жастар үздіксіз ақпарат ағыны мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан ортада өмір сүріп жатыр. Соның салдарынан адамның жүйке жүйесі «цифрлық шаршауға» ұшырайды.

«Тоқсаныншы жылдардың заттары – сымды наушник, кассета, қағаз фотосуреттер – қолмен ұсталатын, нақты дүниелер. Оларды пайдалану үшін белгілі бір әрекет жасау керек. Бұл виртуалды әлемнің шексіздігінен алыстап, өз ішкі әлеміне оралуға мүмкіндік береді. Бір жағынан бұл саналы медитация іспетті», – дейді психолог.

Анемойя феномені

Маман бұл құбылысты психологиядағы «анемойя» ұғымымен де байланыстырады. Бұл – адамның өзі өмір сүрмеген кезеңді сағынуы.

«Зумерлер сол дәуірді ата-анасының естеліктері мен ескі фильмдер арқылы жылы, жайлы кезең ретінде елестетеді. Бүгінде смартфон арқылы бәріне бір сәтте қол жеткізуге болады. Бірақ дәл осы шексіз мүмкіндік адамның өзін шаршатып жіберді. Ал пластинканы қойып тыңдау немесе шатасқан сымды жазу – адамның бақылауындағы нақты процесс. Ол “мен өз өмірімді өзім басқарып отырмын” деген психологиялық тұрақтылық сезімін береді», – дейді Сақтағанов.

Оның пікірінше, винтажды заттарға қызығушылық – жастардың өзіндік болмысын іздеуінің де белгісі.

«Барлығы Bluetooth құлаққап пайдаланатын ортада сымды наушник тағу немесе батырмалы телефон қолдану – ерекшеленуге деген ұмтылыс. Бұл – ішкі еркіндіктің әрі көпшілікке соқыр еліктемеудің көрінісі», – дейді маман.

Психологтың айтуынша, бүгінгі жастар үшін батырмалы телефон, пленкалы фотоаппарат немесе сымды құлаққап – өткенге оралудың құралы емес. Бұл – цифрлық әлемнің қарқынынан шаршаған сананың шынайылықты, тыныштықты және өз уақытын өзі басқару мүмкіндігін іздеуінің табиғи көрінісі.

Оқи отырыңыз

{