Кеше, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихыҚазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның маусым қорытындысы бойынша өтетін WTA Қорытынды турниріне қатыса алмауы теннис әлемінде қызу талқыланып жатыр.
Спортшы жарыс басталуына бір күн қалғанда денсаулығына байланысты турнирден бас тартты. Ал Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (PTPA) қазақстандық теннисшінің жағдайына маусым бойы жалғасқан тығыз жарыс кестесі әсер етті деп есептейді. Ұйым Әйелдер теннис қауымдастығын (WTA) спортшыларға шамадан тыс салмақ түсіретін күнтізбе қалыптастырды деп сынады.
PTPA мәлімдемесінде Рыбакинаның биылғы жетістіктері де атап өтілген. Ұйымның пікірінше, маусым бойы жоғары деңгейде өнер көрсеткен теннисшінің жыл соңына қарай әбден шаршауы заңды болғанымен, жылдың басты жарысына денсаулығы сыр беріп жетуі дұрыс емес.
«Әлемнің бірінші ракеткасы әрі Қорытынды турнир чемпионы Елена Рыбакина вирустық инфекцияға байланысты жарысқа қатысудан бас тартты. Бір апта бұрын ол мойнындағы жарақатына байланысты Токиодағы турнирге де шыққан жоқ. Рыбакина 2026 жылғы маусымды «Үлкен дулыға» санатындағы екі және жалпы төрт турнирдің жеңімпазы ретінде аяқтап отыр.
Алайда қараша айында өтетін маусымның соңғы жарысына келгенде оның ағзасы бұдан әрі түсетін жүктемені көтере алмады. Ойыншылар жылдың басты турниріне әбден зорығып жетпеуі керек. PTPA теннисшілердің денсаулығын сақтап, маусымды осындай қиындықтарға тап болмай аяқтауына мүмкіндік беретін жарыс кестесін қалыптастыруды талап етіп келеді, – делінген ұйым мәлімдемесінде.
WTA ресми статистикасына сәйкес, Рыбакина 2026 жылы 68 матч өткізген. Бұл көрсеткіш бойынша одан тек филиппиндік Александра Эала алда – оның еншісінде 73 кездесу бар. Ал ресейлік Мирра Андреева Қорытынды турнирдегі ойындары арқылы қазақстандық теннисшінің көрсеткішінен асып түсуі мүмкін.
Соған қарамастан, бұл турнир нәтижесі Рыбакинаның әлемдік рейтингтегі жағдайына әсер етпейді. Ол маусымды бірінші ракетка мәртебесінде аяқтайды.
Рыбакинаның жарыстан бас тартуы түрлі болжамға себеп болды
Рыбакинаның да, WTA-дің де ресми түсініктемесінде турнирден бас тартуға вирустық инфекция себеп болғаны айтылды. Алайда жанкүйерлер арасында бұған қатысты түрлі болжам тарады.
Әлеуметтік желі қолданушылары қазақстандық теннисшінің бапкері Стефано Вуковпен жаттығу кезіндегі қарым-қатынасын да еске алды. Носковамен ашық жаттығу барысында Рыбакина бапкеріне дауыс көтеріп:
Мен сенімен сөйлесіп тұрмын! Мұнда келші, – деген болатын.
Бұған қоса, телеарналардың біріне жоспарланған сұхбат кезінде Рыбакина өзін жайсыз сезініп, түсірілімді жалғастыра алмағаны туралы ақпарат та жұрт назарын аударды. Осы жайттардан кейін спортшының жағдайына қатысты сауалдар көбейді.
Теннис комментаторы әрі сарапшы Андрей Пактың пікірінше, Рыбакина жағдайды өзі түсіндіріп, бәрін ашық айтқаны жөн. Өйткені спортшының үнсіздігі айналасындағы алыпқашпа әңгімелердің көбеюіне жол ашып отыр.
Еленаның турнирден бас тарту себебін түсінбей қалдық. Қазір түрлі нұсқа айтылып жатыр. PTPA да WTA-ді турнирлер санының шамадан тыс көптігі үшін тағы да сынға алды. Жалпы, айтылып жатқан нұсқалардың бәрі әзірге болжам ғана.
Бапкерімен арада тағы бір түсініксіз жағдай бар деген әңгімелер де – жорамал мен алыпқашпа сөз ғана. Бірақ Ленаға қатысты осындай әңгімелердің тоқтамауына оның көпшілікке ашыла бермейтіні де әсер етіп отыр.
Ол – әлемнің бірінші ракеткасы. Сондықтан бұл тұрғыда көзқарасын өзгерткені жөн. Егер Рыбакина өзі сөйлеп, жағдайды өзі түсіндірмесе, оның айналасында дәлелсіз болжамдар мен түрлі алыпқашпа әңгімелер әлі де көбейе береді. Меніңше, басты мәселе – осы, – дейді Андрей Пак.
Сарапшы Рыбакинаның қазіргі қиындықтарының бір ұшы бапкерімен қарым-қатынасына келіп тірелуі мүмкін деп санайды.
Вуковпен арадағы жеке қарым-қатынасы қиын деп ойлаймын. Мәселенің түп-төркіні сол жерде жатқан сияқты, – деп атап өтті ол.
Рыбакина мен Вуков: арадағы түсініспеушілік неден басталды?
Елена Рыбакина Стефано Вуковпен 2019 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Алайда 2024 жылдың тамызында қазақстандық теннисші маманмен ынтымақтастығын тоқтататынын мәлімдеді. Екеуінің не себепті екі жаққа кеткені туралы сол уақыттан бері спортшы да, бапкер де ашық түсініктеме берген жоқ.
Кейін Вуков WTA ресми тізімінен шығарылып, ұйым оның қызметіне қатысты тексеру жүргізді. Біраз уақыттан соң Рыбакинаның бапкерін қайтадан командасына қосқаны белгілі болды. Дегенмен тергеуге байланысты Вуков WTA аясындағы турнирлерде ресми бапкер ретінде жұмыс істей алмады.
Осы кезеңде қазақстандық теннисшінің ресми бапкері италиялық Давиде Сангинетти болды. Ол Вуковтың Рыбакинаның дайындығына араласуын құптайтынын да жасырмады.
Ал 2025 жылдың тамызында WTA Вуковтың ұйым аясындағы турнирлерде жұмыс істеуіне қойылған шектеуді алып тастады. Осыдан кейін Рыбакина оны командасына ресми түрде қайта қосты.
Бір қызығы, қазақстандық теннисшінің мансабындағы ең ірі жеңістерінің басым бөлігі Вуковпен бірге жұмыс істеген кезеңде тіркелді. Оның жетекшілігімен Рыбакина 2022 жылы Уимблдонды, 2025 жылы Қорытынды турнирді, ал 2026 жылы Australian Open мен US Open жарыстарын жеңіп алды. Сондай-ақ әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді.
Кеше, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер5 Қараша, 14:10
Ризабек Айтмұхан: 97 келіде чемпион атанып, гештальтімді жапқым келеді