Жыл сайын 30 сантиметр: Каспий теңізінің тағдыры қандай болмақ?

Жыл сайын 30 сантиметр: Каспий теңізінің тағдыры қандай болмақ?

02.07.2026 14:12
Көктем Қарқын
Фото: primeminister.kz

Каспий теңізінің су деңгейі соңғы онжылдықтарда тұрақты түрде төмендеп келеді. Сарапшылар бұл құбылысты уақытша емес, ұзақ мерзімді үрдіс деп бағалайды. Тіпті кейбір мамандар теңіздің тартылуын толық тоқтату мүмкін емес екенін айтып, негізгі назарды жаңа жағдайға бейімделуге аудару қажеттігін алға тартып отыр. El.kz интернет порталы мәселеге шолу жасады.

Каспий неге тартылып жатыр?

Әзербайжанның Су ресурстарын пайдалану және қорғауды қадағалау мемлекеттік қызметі басшысының орынбасары Алиага Азизовтың айтуынша, Каспийдегі су деңгейінің төмендеуіне бірнеше фактор қатар әсер етіп жатыр. Бұл туралы Москва-Баку басылымы жазды. 

Біріншіден, жаһандық климаттың өзгеруі ауа температурасының көтерілуіне әкелді. Соның салдарынан теңіз бетіндегі булану қарқыны бұрынғыдан әлдеқайда күшейген.

Екіншіден, Каспий алабында жауын-шашын мөлшері азайып келеді. Бұл өз кезегінде теңізді қоректендіретін өзендердің суын кемітеді.

Үшіншіден, Каспийге құятын ең ірі өзендердің бірі – Еділдің және басқа да өзендердің ағыны азайып барады. Өзендердегі су қоймалары, ауыл шаруашылығы мен өндірістегі суды көп пайдалану да теңізге жететін судың көлеміне әсер етеді.

Жыл сайын 20-30 сантиметрге төмендеп жатыр

Мамандар келтірген мәліметтер алаңдатарлық.

Қазіргі кезде Каспий теңізінің деңгейі жыл сайын орта есеппен 20-30 сантиметрге төмендеп жатыр. Егер бұл қарқын сақталса, алдағы ондаған жылда жағалау сызығы ондаған шақырымға шегінуі мүмкін.

El.kz

Теңіз тартылса, салдары қандай?

Көпшілік Каспийдің тартылуын тек экологиялық мәселе деп қабылдайды. Алайда оның салдары әлдеқайда кең:

Теңізді сақтап қалуға бола ма?

Әзербайжандық маман Алиага Азизовтың пікірінше, қазіргі жағдайда Каспийдің тартылуын толық тоқтату мүмкін емес. Сондықтан негізгі міндет – оның салдарын азайтып, жаңа жағдайға бейімделу.

Осы мақсатта Каспий маңы елдері су деңгейінің өзгерісін бірлесіп бақылауға және ортақ бейімделу шараларын әзірлеуге кіріспек. Мұндай өңірлік ынтымақтастықтың құқықтық негізі биылғы жылдың соңына дейін дайын болуы мүмкін.

Қазақстан қандай шара қабылдап жатыр?

Қазақстан соңғы жылдары Каспийге келетін су көлемін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 миллиард текше метрден астам тұщы су жіберілген. Бұл көктемгі тасқын суларын тиімді басқару және өзен ағынын реттеу нәтижесінде мүмкін болды.

Ал 2026 жылдың басынан бері теңізге 6,16 миллиард текше метр су бағытталған.

Дегенмен мамандар мұндай шаралар теңіз деңгейінің төмендеу қарқынын баяулатуға ықпал еткенімен, климаттық өзгерістердің әсерін толық жоя алмайтынын айтады.

Болашақта не күтіп тұр?

Ғалымдардың пікірінше, Каспий теңізінің тағдыры ең алдымен жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты болмақ. Егер өңірдегі температураның өсуі жалғасып, өзендердің суы азая берсе, теңіз деңгейінің төмендеу үрдісі де сақталуы ықтимал.

Сондықтан бүгінгі таңда негізгі міндет – теңізді тек қорғау ғана емес, оның өзгеріп жатқан табиғи жағдайына ғылыми негізде бейімделу. Бұл үшін Каспий маңы мемлекеттерінің ортақ саясаты, суды тиімді басқару, экожүйені сақтау және ұзақ мерзімді жоспарлау бұрынғыдан да маңызды болып отыр.

Оқи отырыңыз