13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңызАдам өзін жақсы сезініп жүрсе, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ деп ойлауы заңды. Алайда жүрек-қантамыр ауруларының кейбірі ұзақ уақыт бойы белгі бермей дамуы мүмкін. Мәселен, қан қысымының жоғарылауы адамға бірден сезілмегенімен, уақыт өте жүрекке, миға, бүйрек пен қан тамырларына кері әсер етеді.
Ендеше жүректі қашан тексеру керек? Кеудедегі қандай ауырсынуды елемеуге болмайды? Жүрек саулығын сақтау үшін күнделікті өмірде нені өзгерткен жөн? Ал заманауи диагностика ауруды ерте анықтауға қаншалықты мүмкіндік береді? Осы және өзге де сауалдарға ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жоғары санатты кардиологі Ақмарал Молдажанова жауап берді.
– Ақмарал Мағауиянқызы, адам өзін жақсы сезініп жүрсе де, жүрегін тексертіп тұрғаны дұрыс па? Кейбір жүрек-қантамыр аурулары еш белгісіз дамуы мүмкін бе?
– Иә, кейбір жүрек-қантамыр аурулары ұзақ уақыт бойы еш белгі бермеуі мүмкін. Соның бірі – артериялық гипертония. Оны халық арасында «үнсіз ауру» деп бекер айтпайды. Адам өзін жақсы сезініп жүргенімен, қан қысымы ұзақ уақыт жоғары болса, жүрекке, миға, бүйрекке және қан тамырларына зиян келуі мүмкін.
Сондықтан ешқандай шағым болмаса да, қан қысымын өлшеп, холестерин мен қандағы қант деңгейін бақылап отырған дұрыс. Әсіресе жас ұлғайған сайын және жүрек-қантамыр ауруларына әкелетін қауіп факторлары болған жағдайда профилактикалық тексерудің маңызы арта түседі.
– Жүрек-қантамыр ауруларына әкелетін негізгі қауіп факторлары қандай? Созылмалы аурулардың жүрекке әсері бар ма?
– Негізгі қауіп факторларына қан қысымының және холестерин деңгейінің жоғары болуы, қант диабеті, артық салмақ, темекі шегу, қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбау және созылмалы күйзеліс жатады.
Бұдан бөлек, бүйректің созылмалы аурулары, қалқанша безінің кейбір аурулары мен ұйқыдағы апноэ да жүрек-қантамыр жүйесіне әсер етуі мүмкін.
Тұқымқуалаушылықтың да маңызы бар. Егер адамның жақын туыстарының арасында ерте жаста инфаркт немесе инсульт алғандар болса, оның жүрек-қантамыр ауруларына бейімділігі жоғары болуы ықтимал.
– Кеуде ауырса, көпшілік оны бірден жүрекпен байланыстырады. Қандай ауырсыну жүрекке қатысты болуы мүмкін? Қай кезде шұғыл медициналық көмек қажет?
– Кеудедегі ауырсынудың бәрі жүрек ауруының белгісі емес. Ол бұлшықетке, омыртқаға, асқазан-өңеш жолына немесе басқа ағзаларға байланысты болуы мүмкін.
Дегенмен кеуденің ортасы қысылып, жаншылып немесе ауырлап ауырса және ауырсыну сол қолға, екі қолға, иыққа, арқаға, мойынға не жақ сүйекке тараса, оған бейжай қарауға болмайды. Әсіресе мұндай ауырсыну денеге күш түскен кезде пайда болып, тыныштықта басылса, жүректің ишемиялық ауруына күдік туады.
Ал ауырсыну бірнеше минуттан ұзаққа созылып, оған ентігу, суық тер шығу, қатты әлсіздік, жүрек айну немесе бас айналу қосылса, уақыт жоғалтпай жедел медициналық көмек шақырған дұрыс. Инфаркт кезінде әр минут маңызды.
– Жүрек ауруларының алдын алу үшін өмір салтында ең алдымен нені өзгерткен жөн? Міндетті түрде қатаң диета ұстап, қарқынды спортпен айналысу керек пе?
– Жоқ. Жүрекке пайдалы өмір салты міндетті түрде қатаң диета ұстау немесе күн сайын бірнеше сағат жаттығу деген сөз емес.
Ең алдымен темекіден бас тарту, тұзды және шамадан тыс майлы тағамды азайту, көкөніс пен жемісті жеткілікті тұтыну, дене салмағын бақылау және күнделікті қозғалысты көбейту маңызды.
Мәселен, күн сайын 30 минут жаяу жүрудің өзі жақсы әдет. Ең бастысы – бәрін бір күнде өзгертуге тырыспай, пайдалы әдеттерді күнделікті өмірге біртіндеп әрі тұрақты енгізу.
– Жүрекке қандай дене белсенділігі пайдалы? Аптасына қанша уақыт қозғалысқа көңіл бөлген дұрыс?
– Көпшілік ересек адамға аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды дене белсенділігі ұсынылады. Оның бәрін бір күнде орындаудың қажеті жоқ, аптаның бірнеше күніне бөліп жасауға болады.
Жылдам жүру, жүзу, велосипед тебу, жеңіл жүгіру секілді аэробты жаттығулар жүрек-қантамыр жүйесіне пайдалы.
Дегенмен дене белсенділігін адамның жасына, денсаулық жағдайына және бұрыннан бар ауруларына қарай таңдаған жөн. Ұзақ уақыт спортпен айналыспаған немесе жүрек ауруы бар адам жаттығуды бірден қарқынды бастамай, жүктемені біртіндеп арттыруы керек.
– Тұқымқуалаушылық қаншалықты маңызды? Ата-анасында инфаркт немесе басқа жүрек ауруы болған адамдар тексеруді ертерек бастауы керек пе?
– Тұқымқуалаушылықтың әсері бар. Бірақ ата-анасында жүрек ауруы болған адамның өзі де міндетті түрде сол дертке шалдығады деген сөз емес. Генетикалық бейімділікпен қатар адамның өмір салты мен өзге де қауіп факторлары маңызды рөл атқарады.
Егер ата-анасы немесе жақын туыстары ерте жаста инфаркт не басқа жүрек-қантамыр ауруына шалдыққан болса, қауіп факторларын ертерек бақылауға алған жөн. Ал қандай тексеруден қай жастан бастап өту керегін әр адамға жеке анықтаған дұрыс.
Жалпы, белгілі бір белгі пайда болғанын күтпей-ақ, қан қысымын, холестерин мен қандағы қант деңгейін жүйелі бақылап отырған жөн.
– Ал ешқандай шағымы жоқ адам кардиологқа қаншалықты жиі қаралуы керек? Жүректің жағдайын бағалау үшін қандай тексерулер қажет?
– Егер адамның ешқандай шағымы болмаса және жүрек-қантамыр ауруларының қауіп факторлары анықталмаса, кардиологқа өте жиі барудың қажеті жоқ. Дегенмен профилактикалық бақылау маңызды.
Ең алдымен қан қысымын өлшеп, дене салмағы мен бел шеңберін бағалау, қандағы холестерин мен глюкоза деңгейін тексеру қажет.
Қажет болған жағдайда ЭКГ, эхокардиография, Холтер мониторингі және басқа зерттеулер тағайындалады. Барлық адамға бірдей барлық тексеруден өту міндетті емес. Диагностика адамның шағымдары мен қауіп факторларына қарай таңдалады.
– Медициналық орталық ауруханасында жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтау үшін қандай заманауи диагностикалық әдістер қолданылады?
– Ауруханада пациенттің жағдайына қарай жүрек-қантамыр жүйесін кешенді бағалауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдістер қолданылады.
Олардың қатарында электрокардиография, эхокардиография, ультрадыбыстық допплерография, strain-эхокардиография, тәуліктік Холтер мониторингі, артериялық қысымды тәулік бойы бақылау және зертханалық диагностика бар.
Қажет болған жағдайда жүректің ишемиялық ауруын немесе коронарлық артериялардың жағдайын анықтау үшін коронарография, жүректің МРТ-сы, миокард сцинтиграфиясы және басқа да қосымша зерттеулер жүргізіледі.
Бұл жерде заманауи аппараттың болуы ғана емес, зерттеу нәтижесін пациенттің шағымдары және жалпы клиникалық жағдайымен бірге дұрыс бағалау маңызды.
– Ал жүрек-қантамыр ауруы анықталса, емдеу қалай жүргізіледі?
– Ем әр пациентке жеке тағайындалады. Бір адамға өмір салтын өзгертіп, қауіп факторларын бақылауға алу жеткілікті болуы мүмкін. Екінші жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу қажет болады.
Артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі мен аритмияның емдеу тәсілдері әртүрлі. Ал коронарлық артериялардың айқын зақымдануы анықталса, кардиохирургиялық немесе интервенциялық емдеу әдістері қарастырылуы мүмкін.
Ем басталғаннан кейін пациентті тұрақты бақылау да маңызды. Дәрі тағайындаумен ғана шектелмей, қан қысымын, холестерин деңгейін, жүрек ырғағы мен қызметін, сондай-ақ емнің тиімділігі мен қауіпсіздігін динамикада бағалап отырамыз.
Пациент те тағайындалған дәрілерді өз бетінше тоқтатпай, дәрігердің бақылауында болғаны дұрыс.
13 Қыркүйек, 13:28
Қаскелең мен Шамалған атауы қайдан шыққан? Жоңғар қолбасшылары туралы аңыз11 Қыркүйек, 12:07
Бала көргенін қайталайды: танымал мультфильмдерді көрсеткенде ата-ана нені ескеруі керек11 Қыркүйек, 09:00
«Ұял» дегенде бетін басады: Челси есімді ит қазақша бұйрықтарды қалай үйренді?10 Қыркүйек, 12:44
«Маугли қыз»: 17 жастағы қырғыз қызының ерекше қабілеті көпшілікті таңғалдырды