«Жүрегі бар жалғыз үй»: Алматыда 40 жыл бойы бір кітапханада еңбек еткен маманның оқиғасы

«Жүрегі бар жалғыз үй»: Алматыда 40 жыл бойы бір кітапханада еңбек еткен маманның оқиғасы

Айзат Айдарқызы
Фото: El.kz коллажы

Біз кейде айналамызда қандай білікті мамандар жұмыс істеп жүргеніне байыппен қарамаймыз. Олар қоғам игілігі үшін барын салады. Алматыдағы Жамбыл атындағы қалалық кітапхананы аралап жүріп, сондай білікті қызметкердің жұмысына тәнті болдық. Кейіпкеріміз Шарайна Құмарова 40 жылдан бері кітапханада қызмет етеді.  

– Неліктен кітапханашы болдыңыз?

Негізі, кітапханашы боламын деп армандаған жоқпын. Алматыға келіп, бір оқу орнына түсе алмай қалдым. Сосын бір кісілерден естіп кітапханашы болуға бел будым. Негізі, кішкентай кезімнен кітапқа деген қызығушылығым болды. Ауылдағы үйде кітап көп болатын, әкем мерзімді басылымдарға тұрақты жазылатын. «Балдырған» журналынан бастап қазіргі «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»)  газетіне дейін алып, бізге оқытатын. Әпкелерім де кітапты көп оқитын. Бір жағынан кітапханашы мамандығын таңдағаныма осы да әсер еткен болар.

Фото: Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы

– ⁠Кітапханадағы жұмысыңызды қашан бастадыңыз? 

Мен 1985 жылы ҚазЖенПУ-ға сырттай оқуға түстім. Обылыстық көпшілік кітапханасында 2 ай  жұмыс істедім. Жамбыл атындағы  кітапханада дос қызым жұмыс істейтін, өзі осында шақырып алды. Содан бері  Жамбыл кітапханасында жұмыс істеймін. Биыл «жүрегі бар жалғыз үйде» еңбек еткеніме 40 жыл болды. 

– Жамбыл атындағы кітапхананың тәулік бойы жұмыс істейтініне көпшілік таңдана қарайды. Жұмысыңыздың қиындығы мен қызығына тоқталсаңыз.

Иә, 2018 жылы Қазақстанда, оның ішінде Алматы қаласында ең бірінші болып Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы модернизациядан өткенде көпшілік таңдана қарағаны жасырын емес. 2023 жылы 24/7 жұмыс режиміне көштік. Қандай жұмыс болса да, оның қиындығы мен қызығы бірге жүретіні белгілі ғой. Қиындығы оқырмандарға қажетті ақпаратты тауып беріп, әр адаммен дұрыс қарым-қатынас жасау. Ұқыптылықты, жауапкершілікті және сабырлылықты талап етеді. Ал қызығы кітаппен жұмыс істегендіктен, үнемі жаңа ақпарат алып, біліміңді толықтырып отыру. Әртүрлі жастағы адамдармен танысып, олардың сұранысына қарай көмектесу де қызық. Оқырманға керек кітабын тауып беріп, оның білім алуына үлесімді қосқаным маған ерекше қуаныш сыйлайды. Менің ойымша, кітапханашы адамдарды кітаппен, ал кітапты адамдармен байланыстыратын маңызды мамандық. Сосын көптеген іс-шаралар өткені қызықтырады. Қанша адамдармен танысасың, араласасың.

Фото: Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы

– ⁠Сонда кітапханадан тәулік бойы оқырман үзілмей ме?

Иә, тәулік бойы оқырмандар үзілмейді деп айтуға әбден болады. Кезекшілік тәртібімен екі аусымда жұмыс істейміз. Кейбір қызметкерлеріміз 2/2 жұмыс істейді.

– Жамбыл кітапханасының ерекшелігі қандай?

Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының ерекшелігі – дәстүрлі кітапхананы заманауи жастар орталығымен ұштастыра білуі. Кітапхана жаңғыртылып, еркін оқу аймақтары және заманауи технологиялар енгізілген. Сондықтан ол тек кітап оқитын орын емес, жастардың білім алып, пікір алмасып, шығармашылықпен айналысатын мәдени ортасына айналған деп айта аламын.

фото: Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы

– Кітапханаға алғаш келген оқырманға қандай бағыт бағдар бересіз?

Кітапханаға алғаш келген адамға осы жердің тарихымен таныстырып, кітап қоры жайлы, қызмет көрсету тәртібі туралы айтамыз. Өзіне қажет ақпаратты тез табуына көмектесетіндей бағыт-бағдар береміз. Оқу залы мен электронды ресурстарды қалай пайдалануға болатынын көрсетеміз. Ең бастысы, алғаш кітапханаға келген оқырман өзін еркін сезініп, кітапхананы білім мен пайдалы ақпарат алатын жайлы орта ретінде қабылдауы керек деп ойлаймын.

– ⁠Біраз жыл бұрын кітапханашылардың жалақысы көтерілген еді...

Кітапханашылардың айлығы біраз көтерілгені бар. Бірақ әлі де қарап, көтергенін қалаймыз. Себебі қазір қымбатшылық қалтаға салмақ салып тұр. Өздеріңіз білсеңіздер, бізде жұмыс істейтіндердің дені – жастар. Ішінде пәтер жалдап тұратындары бар, олардың жүріп-тұруы бар дегендей. Еңбегіміз дер кезінде бағаланып жатса, қуанамыз. Әсіресе, жастарға мотивация беріп, олардың еңбегін бағалап жатса, төбеміз көкке жеткендей болады. 

фото: Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы

– Кітапханалардың ортақ мәселесі болса, атап өтсеңіз.

Меніңше, кітапханалардың ортақ мәселесі ретінде оқырмандардың, соның ішінде жастардың кітапханаға қызығушылығын көтеру, заманауи технологиялармен бәсекелестік мәселесін атауға болады. Сонымен қатар кітап қорын үнемі жаңартып отыру, қаржыландыру, заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз ету және кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру да – маңызды мәселелердің бірі.

Алматы кітапханаларында жақсы жаңалықтар өте көп. Соның бірі мобильді қосымшаны жүктеп, электронды оқырман билетін рәсімдеуге болады. Онлайн кітап алуға болады. Қазір өздеріңіз көргендей, қаламыздағы сауда орталықтарында, метроның көптеген стансасында электронды кітапхана аппараттары жұмыс істеп тұр. Оқырмандарымыз қай жерден алуға ыңғайлы, сол жерден кітап алып оқып, сол жерге тапсыруына болады. Қаламыздағы Алматы кітапханалары оқырмандарына  жағдай жасап жатыр. Алматы қаласында  32 филиал жұмыс істейді оның ішінде 6 филиал 24/7 жұмыс істейді. 

фото: Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы

– Осы жылдар ішінде не түйдіңіз?

Осы жылдар ішінде түйгенім, кітапханашының жұмысы тек кітаппен жұмыс істеу емес, ең алдымен адамдармен жұмыс істеу екен. Әр оқырманның қызығушылығы мен талғамы әртүрлі, сондықтан оны тыңдап, дұрыс бағыт бере білу маңызды. Сонымен қатар кітапхана да заманмен бірге өзгеріп отыруы керек екенін түсіндім. Бірақ қандай жаңалық болса да, кітаптың адамға беретін рухани тәрбиесі мен білімінің орны бөлек. Мен үшін ең үлкен нәтиже оқырманның кітапханадан жақсы әсер алып, кітапханаға қайта келуі шығар деп ойлаймын.

Оқи отырыңыз

{