Жұмысты адам емес, жүйе іздейді: Қазақстанда жаңа сервис іске қосылды

Жұмысты адам емес, жүйе іздейді: Қазақстанда жаңа сервис іске қосылды

Ажар Лаубаева
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда жұмыспен қамтылғандар саны артып келеді. Қазіргі таңда елдегі жұмыс күшінің саны 9 млн 838,1 мың адамға жетсе, жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамды құрады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Жалдамалы жұмыскерлер саны артты

Ведомство мәліметінше, елдегі жұмыс күшінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103 мыңнан астам адамға артқан.

Сонымен қатар жалдамалы жұмыскерлер саны да өскен. Бір жыл ішінде олардың қатары шамамен 150 мың адамға көбейіп, 7 млн 290,4 мың адамға жетті.

Ал өз бетінше және тұрақсыз жұмыспен қамтылған азаматтардың саны, керісінше, азайып келеді. Министрлік мұны азаматтардың еңбек шарты жасалып, әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған ресми жұмысқа біртіндеп ауысуымен байланыстырады.

Биыл 388 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Жыл басынан бері жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік шаралар аясында жүздеген мың қазақстандық жұмыс тапқан.

1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекет пен жұмыс берушілердің қолдауымен 388 512 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 298 904 адам тұрақты жұмысқа тұрды, – делінген министрлік хабарламасында.

Азаматтарды жұмыспен қамтуда Электрондық еңбек биржасы, кәсіби оқыту бағдарламалары, субсидияланатын жұмыс орындары және жұмыс берушілермен бірлескен жобалар пайдаланылып келеді.

Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындарын қарап, өзіне сәйкес ұсынысты таңдай алады. Ал кәсіби оқыту бағдарламалары азаматтарға жаңа мамандық меңгеруге немесе біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Министрлік алдағы уақытта еңбек нарығының тұрақтылығын сақтау, жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін дамыту, азаматтардың біліктілігін арттыру және еңбек өнімділігін көтеруге қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын хабарлады.

Жұмысты адам емес, жүйе іздейді

Айта кетейік, Қазақстанда жұмыспен қамту жүйесі жаңа форматқа көшіп жатыр. Енді азаматтарға олардың біліктілігі мен еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес бос жұмыс орындары автоматты түрде ұсынылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, осы мақсатта Цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіліп жатыр.

Жаңа модельдің негізгі қағидаты – жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады. Бұған дейін жұмыс іздеушілер бос орындарды өзі қарап, мансап орталықтарына өзі жүгінетін. Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктерін талдап, жұмысқа мұқтаж азаматтарды анықтайды, – деді министр.

Жүйе азаматтарға eGov Mobile, Enbek.kz мобильді қосымшалары немесе 1414 нөмірінен SMS арқылы хабарлама жібереді. Жасанды интеллект адамның тәжірибесі мен біліктілігін ескеріп, өңір ішіндегі және басқа өңірлердегі бос жұмыс орындарын ұсынады.

Сондай-ақ азаматтарға қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстарынан өту немесе жұмыс бар басқа өңірге қоныс аудару мүмкіндіктері ұсынылады.

Жоба шілдеде Павлодар облысында пилоттық режимде іске қосылған. Осы уақыт ішінде тұрғындарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы 39 мың SMS-хабарлама жіберіліп, нәтижесінде 962 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Қыркүйекте Цифрлық жұмыспен қамту қызметін Маңғыстау облысында іске қосу жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін сервис еліміздің барлық 20 өңірінде қолжетімді болуы тиіс.

Оқи отырыңыз

{