13.05.2026
09:36
116
Жаңалықтар

Жүктілігі жеңіл өтетін әйелдер азайып кетті – акушер-гинеколог

Ана мен баланың амандығы – ұлт саулығына әсер ететін фактордың бірі. Сол себепті де медицина қызметкерлері балалы болуды алдын ала жоспарлау туралы айтып-ақ келеді. Өкінішке қарай, құлақ асатындар сирек. Дәрігерлер кейінгі жылдары жүктіліктің жеңіл өтуі сирек құбылысқа айналғанына алаңдаулы.  

Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Бексұлтановамен жас аналардың денсаулығы, жүктілікке дейін және жүктіліктен кейін иектейтін депрессия салдары, балалы болуды жоспарлаудың маңызы туралы сұхбаттастық.

– Алма Кашинорқызы, «дені сау ана» деген ұғымның астарында не жатыр? Бүгінгі аналардың денсаулығы туралы не айтасыз?

– Бізге күнделікті әртүрлі жастағы әйелдер көмекке жүгінеді, олардың қатарында жүктіліктің 22 аптасына дейінгі мерзімдегі болашақ аналар да бар. Өкінішке қарай, бүгінде асқынусыз, жеңіл өтетін жүктілік сирек құбылысқа айналып барады. Түсік тастау, бедеулік мәселесімен келетіндер өте көп. Күн сайын осындай шағыммен бес, кейде он пациентке дейін қабылдаймыз. Мұндай пациенттің көбеюіне не себеп дегенде үш негізгі факторы атар едім: артық салмақ, бұған дейін аборт жасауы және темекі шегу. Осы үш себеп алдыңғы қатарда тұр. Алаңдатарлығы сол, кей әйел жүктілік кезінде де бұл әдетінен бас тартпайды. Палатаға фастфуд алдырып, газды сусындар мен кофе ішуді жалғастыра береді, салдарын біле бермейді.

Ал, шын мәнінде, дені сау ана дегеніміз – өмір сүру салтына жауапкершілікпен қарайтын әйел. Себебі ананың ағзасына түскен әрбір зат, тіпті жүктілікті сақтау үшін қабылданатын дәрілердің өзі плацентарлық тосқауыл арқылы тікелей шаранаға өтеді. Ал баланың ағзасы қалыптасып жатқан кезеңде никотин немесе артық гормон түссе, оның алдағы өмірінде болашақ аурудың негізі қалануы мүмкін.

– Бала сүюге арнайы дайындалудың маңызды екенін білеміз. Ал әйел өзінің бала көтеруге дайын екенін қалай біледі, қалай түсінеді? Балалы болуға дайындық қалай немесе неден басталады?

– Біріншіден, жүктілікке әйел моралдық тұрғыдан дайын болуы керек. Бала жоспарлау – физиологиялық процесс қана емес, бұл үлкен жауапкершілік. Отбасының толық болуы да рөл ойнайды, себебі сәби махаббатқа бөленіп, ата-анасының қалауымен дүниеге келеді. Жүктілік махаббаттан бастау алуы қажет. Егер екі жас бір-бірін сүйіп, бұл қадамға жауапкершілікпен қараса, денсаулығын алдын ала саралай бастайды.

Екіншіден, ерлі-зайыптылар қанның жалпы анализін тапсыруы қажет. Бұл, кем дегенде, жасырын анемияны (қан аздығын) анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ қан қысымын тексеріп, учаскелік терапевтке көріну арқылы «дені сау» деген статусты растауы керек. Саналы түрде бала жоспарлау осындай қарапайым дүниелерден басталады.

Сондықтан жүктілікке, кем дегенде, алты ай бұрын дайындықты бастаған жөн. Себебі жұмыртқа жасушасы шамамен алты айда жетіледі, ал сперматозоид үш ай ішінде қалыптасады. Осы аралықта зиянды әдеттерден толықтай бас тартып, дене салмағын қалыпқа келтіріп, таза ауада көбірек серуендеп, созылмалы ауруларды емдеп алу маңызды. Сонымен қатар В тобы дәрумендері мен фолий қышқылын қабылдау ұсынылады. Егер осы айтылғандардың барлығы дұрыс сақталса, жүктілік жеңіл өтеді, әйел жеңіл босанады.

– «Балалы болуды жоспарлап жатыр едік» деп кеңес алуға келетіндер бар ма?  

– Стационардағы жұмысымнан бөлек, амбулаторлық қабылдау жүргізе отырып, бір жақсы үрдісті байқадым: қазіргі таңда жас жұбайлардың көбі дәл осы жоспарлау кезеңінде келе бастады. Олар алдағы бір-екі жылда бала көтеруді жоспарламаса, контрацепцияның қауіпсіз әдістерін сұрайды, қандай дәрумендер ішу керегін және қандай тексерістен өткен жөн екенін алдын ала нақтылайды. Бұрын мұндай сирек кездесетін, ал бүгіндері бұл қалыпты жағдайға айналып келеді.

Дегенмен мәселенің екінші жағы да бар. Кейде әйелден прегравидарлық дайындықта (жүктілік алдындағы дайындық) фолаттарды қабылдағаны туралы сұрасақ, ол не сұрап тұрғанымызды мүлдем түсінбейді. «Жүктілікті қалай жоспарладыңыз?» деген сұраққа «солай боп қалды» деп жауап береді. Таңғаларлығы, бұл оның екінші немесе үшінші жүктілігі болуы мүмкін. Интернетте кез келген ақпаратқа қол жеткізуге болса да, көбі әлі күнге дейін қарапайым дайындық ережелерін ескермейді.

Сосын тағы бір мәселе – жүктілікке  қатысты мифке алданып қалатын әйел көп. Олар «екі адам үшін тамақтану» қажет деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Ағза өзіне қанша тағам, қанша дәрімен керек екенін біледі, яғни мәселе жекелей сипатқа ие. Одан гөрі әйелдің жүктілікке дейінгі салмағына мән берген дұрыс. Артық салмақ – бұл өте күрделі және қауіпті жағдай. Семіздік диабетке, қан қысымының көтерілуіне және варикозға әкелуі мүмкін. Сондықтан бала көтергенге дейін дене салмағының индексі 25-26-дан аспағаны жөн. Жүктілікке дейін де, жүктілік кезінде де ішетін тамағыңызға мұқият қараңыз.

– Жүкті әйелдің эмоционалдық және психологиялық күйіне тереңірек тоқталсақ деймін. Бұл фактор шарананың дамуына әсер ететіні рас па?

– Махаббатпен дүниеге келген баланың дамуы мүлдем басқаша болатыны сөзсіз. Медициналық тұрғыдан алсақ, жүктіліктің үзілу қаупінің ең жиі кездесетін себебінің бірі – стресс.

– Көбіне бұл жағдай жүктілік жоспарланбаған кезде немесе күтпеген жерден болады. Мысалы, жастардың жеке баспанасы немесе тұрақты жұмысы жоқ делік, яғни олар үнемі күйзелісте болады. Мұндай жағдайда әйелге дұрыс тамақтануға, уақытында есепке тұруға немесе қажетті дәрі-дәрмектерді қабылдауға көңіл бөлуі өте қиын. Ананың жан тыныштығы сәбидің жүйке жүйесінің дұрыс қалыптасуына тікелей әсер етеді.

– Акушер-гинеколог ретінде пациенттеріңіздің мұндай күйін бірден байқайтын боларсыз?

– Әлбетте, пациент стационарға түскенде оның ішкі дайындығы мен көңіл күйі бірден көрінеді. Кейде әйелдің іші аздап ауырса, туыстары бірден алаңдап, бізге алып келеді. Ол палатада жайнап отырады: жанында гүл шоғы жатады, жақындары тамағы мен дәрумендерін әкеліп берген. Ондай әйелдің жүктілікке шын қуанатыны көрінеді.

Бірақ басқа да жағдай болады. Пациент ауруханаға түссе де, ноутбугі мен телефонын қолынан тастамайды. Біз: «Сіз стационарға жаттыңыз, сізге еңбекке жарамсыз деген парақ берілді, бәрін жиып қойып, демалыңыз», – дейміз. Бірақ ол жұмысын тастай алмайды, өйткені жұмысы мен басқа да шаруалары тыным бермейді.  

Ал біз әрбір жүктіліктің жайлы да берекелі ортада өткенін, әр сәбидің қалаулы болып, махаббат салтанат құрған отбасында дүниеге келгенін қалаймыз. 

– Қазіргі күні босану кезінде жанына жұбайы немесе жақынын шақырады. Жақын адамның қолдауы мен көмегі, шынымен де, маңызды ма?

– Босанудың бұл түрін өте жақсы бастама деп білемін. Мұндай тәжірибе біздің медицинаға әлдеқайда ертерек енгізілуі керек еді. Қазіргі таңда оған барлық қажетті жағдай жасалған, біз де жұмысымызда осы тәсілді тұрақты қолданамыз.

Босанар сәтте жаныңдағы адам міндетті түрде жұбайы болуы шарт емес. Егер жолдасы психологиялық тұрғыдан дайын, сәбидің дүниеге келу сәтінде бірге болғысы келсе, бұл құптарлық жағдай. Дегенмен серіктес ретінде жанында анасы, әпкесі немесе жақын құрбысы да бола алады. Бұл – босанатын әйел үшін үлкен қолдау. Бұл тәсіл пациентке ғана емес, медицина қызметкерлеріне де оң әсерін тигізеді. Босану ауырсынумен қатар үлкен эмоциялық жүктемені талап етеді. Осындай сәтті көзімен көрген соң, серіктесі жарының қандай қиындықтан өткенін тереңірек түсінеді.

– Кесарь тілігі ана мен бала денсаулығына кері әсер етеді деген пікір бар. Бұлай қорқуға негіз бар ма?  

– Операцияның бұл түрі пациенттің қалауымен ғана жасалмайды. Кесарь тілігі – хирургиялық жолмен босандыру әдісі және оған нақты медициналық көрсеткіштердің болуы шарт. Біз оларды абсолюттік және салыстырмалы көрсеткіштер деп бөлеміз.

Абсолюттік көрсеткіштер дегеніміз – әйелдің қалауына қарамастан, адам өмірін сақтап қалу үшін операция жасауды талап ететін жағдайлар. Олар жоспарлы да, босану барысында туындаған шұғыл жағдай болуы мүмкін. Мысалы, шарана өте ірі болып, ананың жамбас сүйегі тар болса (біз мұны «клиникалық тар жамбас» деп атаймыз), ана табиғи жолмен баланы туа алмайды. Сондай-ақ бала жолдасының ажырап кетуі немесе кенеттен қан кету сияқты ана мен бала өміріне тікелей қауіп төндіретін жағдай да осы топқа жатады. Мұндайда біз ана мен баланы аман алып қалу үшін пациентті дереу операция үстеліне жатқызамыз.

Ал салыстырмалы көрсеткіштерге келсек, заманауи медицинада олардың тізімі сәл кеңейді. Бұған табиғи босану кезінде белгілі бір қауіп тудыруы мүмкін факторлар жиынтығы жатады. Мысалы, әйел ұзақ уақыт бойы бедеуліктен емделуі немесе жүктілік ЭКО әдісімен келуі мүмкін. Кейде бірнеше салыстырмалы фактор қабаттасып келгенде және табиғи босанудың қаупі жоғары болғанда, біз әйелдің жағдайын ескере отырып, жоспарлы операция жасау туралы шешім қабылдаймыз.

Кесарь тілігінен қорқудың қажеті жоқ. Әрине, баланың салмағы қалыпты болса, босану процесі табиғи жолмен өтеді, бұл босанудағы ең жақсы сценарий. Бірақ босану кезінде жанама қауіп анықталса, операция жасау қажетті әрі қауіпсіз құралға айналады. Кесарь тілігіне әрдайым салмақты медициналық негіздеме болуы керек.

– БҰҰ Балалар қорының мәліметіне сәйкес, еліміздегі әйелдердің 60%-ы босанғаннан кейін депрессияға шалдығады. Бұл жағдайдың негізгі себебі не және онымен қалай күресуге болады?

– Әйелдегі депрессияның негізі көбіне жүктілік кезінде, тіпті оған дейін қаланады. Жоғарыда айтып өткенімдей, мұның бәрі отбасының тұтастығына, жүктіліктің жоспарлы әрі қалаулы болғанына байланысты. Егер болашақ ана жайлы ортада, өзін қолдайтын және сәбидің дүниеге келуін асыға күтетін мейірімді отбасында болса, мұндай қауіп айтарлықтай төмендейді.

Сонымен қатар ана перзентханадан үйге оралғанда, оның тынығып, ұйқысын қандыруына мүмкіндік берілуі керек. Осы кезде жақындары бала қарауға көмектескені абзал. Әйел адам үйдің тірлігін ойлап немесе күні-түні баламен жалғыз қалып, қажымауға тиіс. Ананың ішкі күйі тікелей отбасындағы психологиялық климат пен материалдық тұрақтылыққа байланысты.

– Түрлі елдің қоғамында абортқа тыйым салу немесе салмау туралы мәселе көтеріліп жатады. Акушер-гинеколог ретінде сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Дәрігер ретінде заманауи медицинада жүктілікті дәрі-дәрмекпен тоқтату әдістерінің пайда болғанына қуанамын. Себебі бірде-бір әйел абортқа жайдан-жай бармайды. Ондай шешімге әрқашан белгілі бір өмірлік жағдай алып келеді. Сондықтан бұл жерде әйелді ғана кінәлау дұрыс емес.

Егер мемлекет абортқа тыйым салса, бұл әдіс жойылып кетпейді, тек «жасырын» түрге ауысады. Тәжірибесі мол гинеколог ретінде мен дәрі-дәрмекпен тоқтату әдістері әлі таралмаған кезеңді көрдім. Сол уақытта криминалдық араласудың қандай ауыр зардаптарға әкелгеніне куә болдым. Ондай әдіс қаншама әйелдің денсаулығына зақым келтіріп, өмірін қиды. Сондықтан бұл мәселеде заңды медициналық көмекке қол жеткізе алу – ұлт денсаулығы мен өмірін сақтап қалудың кепілі.

– Әңгіме соңында жеке тәжірибеңізде өзіңізге әсер еткен, ой салған қандай оқиғаны бөлісе аласыз?

– Күнделікті жұмысымызда күрделі әрі сабақ боларлық жағдайр жиі кездеседі. Соның бірі кеше ғана болды: ауруханаға 32 жастағы жас әйел өте ауыр халде түсті. Жатырынан тоқтаусыз қан кетіп, гемоглобині 56-ға дейін төмендеген! Бұған жатырдың субмукозды миомасы – өте үлкен көлемге дейін өскен қатерсіз ісік себеп болған.

Бұл – әлі тұрмыс құрмаған, болашақта ана болуды жоспарлап жүрген қыз. Бойы 172 сантиметр, салмағы 50 келіге де жетпейді, дерт әбден қажытқан. Ісік бірнеше жыл бойы өсіп, көлемі ересек адамның басындай болды. Пациенттің айтуынша, ұзақ уақыт бойы менструация кезінде тоқтаусыз қан жоғалтқан, ал кейінгі жарты жылда әлсіздіктен қабырғаны жағалап әрең жүріпті.

Мені әйелдердің денсаулығына бейжай қарап, соңына дейін шыдай беретіні таңғалдырады. Біз оған дереу екі доза қан құйып, ота жасадық. Бақытымызға орай, мүшені сақтап қалдық, болашақта ана бола алады. Бірақ сол кезде мені бір сұрақ мазалады: ол белгілер айқын біліне бастағанда, неге бірден жедел жәрдем шақырмады? Мұндай оқиға ағзаның берген белгісіне уақытылы назар аударудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салады.

Қыз бала тәрбиелеп жатқан аналарға айтарым бар. Қызыңызды шын жүректен жақсы көріңіз,  қадірлеңіз, сырласыңыз. Өмірлік тәжірибеңізді бөлісіп, болашаққа дайындаңыз. Дастарқан басында ағзаға не пайдалы, не зиян екенін түсіндіруге тырысыңыз. Жастайынан махаббатқа бөленіп өскен бала денсаулығын күтуді де, оны қорғауды да үйренеді.  

Сұхбаттасқан Гүлназ РЫСБЕК, MNU студенті