2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайБокстан 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке жұбайына күш қолданды деген күдікпен қозғалған қылмыстық іс бойынша Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның хабарлауынша, тергеу аяқталмайынша қандай да бір қорытынды жасауға болмайды.
«Отбасылық қарым-қатынастар – азаматтардың жеке өміріне жататын мәселе. Сондықтан туындаған жанжалдарға құқықтық тұрғыдан ғана баға берілуі тиіс. Барлық қажетті тексерулер аяқталып, ресми процессуалдық шешімдер қабылданғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға, расталмаған ақпарат таратуға немесе субъективті баға беруге ерте», – делінген басқарманың мәлімдемесінде.
Сондай-ақ басқарма құзырлы органдар істі жан-жақты, объективті әрі бейтарап тергейтініне сенім білдіріп, қоғамды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
«Осы уақытқа дейін спортшы мұндай жағдайларда ешқашан байқалған емес. Оның бүкіл спорттық қызметі барысында жауапты, тәртіпті әрі сыйлы азамат ретінде танылды. Оның беделіне нұқсан келтіретін оқиғалар бұрын тіркелген жоқ», – деп атап өтті басқарма.
Ведомство Теміртас Жүсіповтің кәсіби спорттағы мансабын аяқтағанын және қазіргі уақытта жарыстарға қатыспайтынын да еске салды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жүсіповтің жұбайын соққыға жыққаны туралы ақпарат тараған болатын. Жәбірленушінің туыстары әйелдің ауыр жарақатпен ауруханаға түскенін айтып, істің әділ тергелуін талап етті.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 30 маусым күні Көкшетау қаласының тұрғыны отбасылық жанжал кезінде жұбайына дене жарақатын келтірген. Аталған факті бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік желілерде тараған әйелдің асфиксия мен ми ісінуін алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, оған жабық бас-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, бет жұмсақ тіндерінің соғылуы, сырылған жарақаттар және құрысу синдромы диагнозы қойылған. Хирургиялық көмек қажет болмаған, алайда кейін туыстарының айтуынша, жағдайының қайта нашарлауына байланысты әйел қайтадан ауруханаға жеткізілген.
Өз кезегінде Теміртас Жүсіпов Turar Media басылымына берген пікірінде жұбайына күш қолданғанын мойындады.
«Оқиға болғаны рас. Екі рет шапалақпен ұрдым. Ол мені тепкілеп жатқан кезде аяғынан бірнеше рет ұрдым. Ол мені ұрды, бұл бірінші рет емес. Кейін кілтпен көзімді ойып алмақ болды, мен шыдамай, оны тыныштандырдым. Сондай-ақ қайшымен де шабуыл жасауға тырысты», – деді спортшы.
Сонымен бірге ол отбасындағы жанжалдардың бұрыннан жалғасып келе жатқанын айтып, әйелге қол көтеруге болмайтынын түсінетінін жеткізді.
Ал жәбірленушінің әпкесі зорлық-зомбылық бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жалғасқанын, сондай-ақ спортшы ажырасқан жағдайда әйеліне қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіби боксшының әрекетіне құқықтық тұрғыдан қатаң баға берілуі тиіс.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?1 Шілде, 17:12
Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін30 Маусым, 14:11
«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат