Аяқдопта сіз бен біздің түсімізге кірмеген бірнеше жағдай болды. Статистика мен турнирді былай қойғанда, білгенінен жаңылған футболшы жетерлік. Осындайда дарынды ойыншының біз күткен шыңға шыға алмағанына налыдық, білем. Бірі жарақаттан көз ашпады, бірі дұрыс клуб таппады, ендігісі трофейсіз қалды.
Иә, кейінгі онжылдықта футбол жанкүйерлері «қап, әттеген-ай, шығатын биігі бар еді» деп бағалайтын жұлдыздар аз емес. Солардың ішіндегі ең белгілі есімдерге тоқталайық.
Неймар: футболда төңкеріс жасаған трансфер
2017 жылы «ПСЖ» талантты ойыншы Неймар үшін «Барселонаға» 222 миллион еуро төледі. Сөйтті де, футболи төңкеріс басталды. Содан бері трансферлік баға көтерілді. Клубтар ойыншысына келсін-келмесін жоғары баға сұрайтынды шығарды. Арада бір буын ауысқанымен, Неймардың рекорд қойған «бағасы» әлі бірінші орында тұр.
Қош, осы трансферден «Барселона» пайда көргенімен, Неймар өзі қалаған биікті бағындыра алған жоқ. Мессидің көлеңкесінен «қашып», Парижге кеткенімен, «Барсада» жеткен жетістігінің бірін қайталай алмады. Иә, «ПСЖ» бразилиялық ойыншы келмей тұрып-ақ, ел чемпионатын ұтып жүрген. Ол 20-ға жуық жарақат алды, 100-ден астам ойынға қатыспады. 2020 жылы Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткенімен, айқұлақ трофейге алыстан қол бұлғап қала берді.
Сөйтіп, «Неймардың дәуірі басталады» деген жанкүйерлер оған «іздеу» салатынды шығарды. Тұрақты нәтиже көрсете алмаған соң, өзі түлеп ұшқан «Сантосқа» қайта оралды. Әлем футболының аңызына айналады дегенде потенциалын толық аша алмаған феномен ретінде тарихта қалды.
Эден Азар: Мадридте жоғалған жұлдыз
Эден Азар жайлы «бір клубтың бағын жаға алмаған ойыншы басқа клубта жұлдыз бола алмайды» деуіңіз мүмкін. Расымен, жанкүйерлер оны «Челси» клубының аңызы атанып, клубты жаңа деңгейге көтеретінін болжады. Өйткені АПЛ-ді бағындырғанымен, Чемпиондар лигасы сол күйі алдырмаған. Алайда Эден бала арманын орындап, 2019 жылы «Реал Мадрид» сапына ауысты. Ресми статистика бойынша, төрт жыл ішінде 70 матч өткізіп, 7 гол соқты. Жиі жарақат алып, формасын жоғалтты, оған жанкүйерлердің қысымын қосыңыз. «Уэмблиде» ойқастаған жігіт «Бернабеуге» бейімделе алмады. Оның үстіне «Реал Мадридте» конкуренция басым екені тағы бар. Осылайша, 2023 жылы мансабын аяқтады. Бұл ойыншы да бар потенциалын аша алмай, ойлаған жетістігіне жете алмай «кетті». Сұхбаттарының бірінде ары қарай өмірден ләззат алғысы келетінін, дисциплина ұнамайтынын айтқан екен. Бұдан бұрын да футболшының фаст-фудқа құмар екені, шектеуді ұнатпайтыны жайлы жазылып жүрді. Жанкүйерлер айтқандай, «бургерге бола, Бельгия мен «Реалдағы» жарқын болашағын құрбандыққа шалды».
«Барселонадан» «Васко до Гаммаға» дейін бір-ақ сәт
«Барселона» аттай қалап алған трансфер өзін-өзі ақтаған жоқ. Клуб мұның зардабын әлі күнге тартып жатыр. Коутиньо үшін «Ливерпульге» 120 миллион еуро төлеген. Клопп маусым басында келіспей, ортан беліне келгенде футболшыны шығарып салады. Алайда Филиппе сол күйі жаңа клубтан өз орнын таба алмады. Алыс тоғыздықты дәл көздегенімен, каталондық клубқа сіңе алмады. Бірте-бірте алаңдағы уақыт азайды, әсерінен формасы жоғалды. Сөйтіп, «Баварияға» жалға берілді. Мұнда армандаған Чемпиондар лигасына қолы жеткенімен, жеке дара перфоманс көрсетпеді. Осылайша, Мюнхеннен «Астон Виллаға» аттанды. Одан «Аль-Духаильда» өзін байқап көрді. Ештеңе өнбеген соң, өзі өсіп-өнген «Васко до Гаммаға» қайта оралды. Неге талантты бразилиялықтардың жиі жолы болмайды, сіз не дейсіз?
Хамес Родригес: бір маусымға жанған от
Әлем чемпионатында керемет ойын өрнегін көрсетіп, кейін «жұлдыздай ағып түсетіндер» көп. Есіңізге, бірден Марио Гетце түскенімен, әңгіме ауаны Хамес Родригес туралы. 2014 жылы Бразилияда өткен Әлем чемпионаты жас жүйріктің жалын қомдады. Алты гол соғып, әлем назарына ілікті.
Иә, әдеттегідей «Реал Мадрид» алғашқылардың бірі болып, құрығын ұзартып, таңбасын басты. Күткендей, Мадридтегі бірінші маусымда Хамес барын салды. Бірақ ары қарай түгесіліп қалды. Корольдің клубындағы толассыз бәсеке тағы бір талантты жұтты.
Антуан Гризманн: «Анда барам жоқ-жоқ, мында барам жоқ-жоқ»
Чемпиондар лигасының соңынан қуып, басын тауға да, тасқа да соққан ойыншы кім десеңіз, ол – Антуан Гризманн. «Атлетиконың» аңызына айналады-ау дегенде «Барселонаның» сиқырына алданып, Каталонияға қоныс аударады. Қанша тырысқанымен құрғыр трофей мұнда да ұстатпайды. Бірақ Испания королінің кубогын жеңіп, қанжығасын майлайды.
Иә, оған «Барселонада» басқа рөл беріліп, басқа талап қойылды. «Ателтикодағыдай» айқын лидер бола алмады. Кейде өзін толық көрсетуге құлшынбаған да сыңайлы. Орнын таппайтынын білген соң қайта «Атлетикоға» оралды. Бастапқыда жанкүйерлер қырын қарағанымен, кейінірек қабылдай бастады. Сөйтіп, Гризманн биыл мадридттік клубпен тағы да нық қадам жасап, Чемпиондар лигасының жартылай финалына адымдады. Симеоне бастаған жігіттер арманына жете ме, әлде арманда кете ме алда белгілі болады. Егер айқұлақ трофейді құшақтап қайтса, жазда Америка асатын талантты ойыншыға тарту болмақ. Бастысы, жолы болмаған жұлдыз-ойыншылар қатарынан шығар еді.
Харри Кейн: халықаралық аренада трофей бұйыра ма?
Әрине, Харри Кейнмен салыстырғанда Гризманнда бірнеше халықаралық трофей бары рас. «Тоттенхэм» тарихындағы ең үздік бомбордир атанды. 317 ойын өткізіп, 213 гол соқты. Чемпиондар лигасының финалына шығып, «Ливерпульге» жол берді. Бірнеше командалық титулға жете алмай, жолда қалды. Сөйтті де, клубтан кету туралы шешім қабылдап, «Баварияға» билет алды. Алғашқы маусымда ел чемпионатында топ жарды. Биыл Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты. Енді тарихты қайта жазатын сәт қолында тұр. «ПСЖ-дан» айласын асырып, финалға өтсе, 2019 жылы жіберген қатенің орнын толтырса құба-құп. Алда-жалда сценарий Англия құрамасы үшін тебетін пенальтиіндей өрбісе, мың сұрақ...