30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда студенттер үшін шәкіртақы мен жатақханадан бөлек, жол жүру, әуе және теміржол билеттері, мәдени орындарға бару кезінде пайдалануға болатын бірқатар жеңілдік бар. Алайда олардың барлығы бірдей тек «студент» мәртебесіне байланысты берілмейді. Кейбірі жас мөлшеріне қарай қарастырылса, енді бірі жергілікті әкімдік немесе нақты ұйымның тарифтік саясатына байланысты. Студенттер қазір қандай мүмкіндіктерді пайдалана алады? El.kz қолданыстағы жеңілдіктерді жинақтап көрді.
Студенттердің шәкіртақысы қанша?
Студенттерге көрсетілетін негізгі мемлекеттік қолдаудың бірі – мемлекеттік шәкіртақы. Қазіргі мөлшер 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданылады. Бакалавриатта білім алатын студенттердің мемлекеттік шәкіртақысы айына 52 372 теңгені құрайды. Педагогикалық және медициналық бағыттарда білім алатын студенттерге 84 000 теңге төленеді.
Магистранттардың шәкіртақысы – 117 098 теңге, докторанттардікі – 262 500 теңге. Интернатурада білім алушылар айына 94 862 теңге, ал резидентурада оқитындар 134 664 теңге алады.
Емтихан сессиясын тек «өте жақсы» бағаға тапсырған студенттердің жоғары мөлшердегі шәкіртақы алу мүмкіндігі де сақталған. Бұдан бөлек, студенттердің жекелеген санаттары үшін шәкіртақыға үстемеақылар қарастырылған. Осылайша, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда екі есе өсті.
Пойызбен жүретін жастарға 33 пайыз жеңілдік бар
Басқа қалада оқитын студенттер үшін ең өзекті шығынның бірі – жол ақысы. Қазіргі уақытта теміржолда барлық студентке автоматты түрде берілетін бірыңғай тегін жол жүру мүмкіндігі жоқ. Алайда жастарға арналған арнайы тарифтер бар. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның KETTIK33 дисконттық картасы 15 пен 25 жас аралығындағы жолаушыларға арналған. Яғни оны пайдалану үшін міндетті түрде студент болу шарт емес.
Картаның құны – 3 000 теңге, жарамдылық мерзімі – бір жыл. Ол теміржол билетін 33 пайыз жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Бірақ жеңілдік сервистік қызметтер мен комиссиялық алымдарға қолданылмайды. Сонымен бірге KETTIK33 жыл бойы үздіксіз жұмыс істемейді. Жеңілдік:
Картаны «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларынан сатып алуға болады. Бұдан бөлек, теміржолда «Жастар» электрондық дисконттық картасы да бар. Ол 16-25 жас аралығындағы жолаушыларға белгілі бір коммерциялық Talgo пойыздарында «Турист» және «Отыратын» вагондарына билетті 25 пайыз жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Картаның құны – 3 мың теңге, жарамдылық мерзімі – бір жыл. Яғни теміржолдағы бұл мүмкіндіктер студенттік жеңілдік емес, жас мөлшеріне байланысты жастарға арналған тарифтер екенін ескерген жөн.
Ұшақ билетін де жастар тарифімен алуға болады
Ұшақпен сапарлайтын жастар үшін де арнайы мүмкіндік қарастырылған.Air Astana әуе компаниясында 12-25 жас аралығындағы жолаушыларға жастар тарифі қолданылады. Компанияның ресми ақпаратында бұл мүмкіндік студенттерге арналған жеңілдік туралы бөлімде көрсетілген.
Демек, 25 жасқа дейінгі студент билет іздеген кезде стандартты тарифтен бөлек жастар тарифінің қолжетімділігін де тексергені жөн. Бұл жағдайда да негізгі талап – студент мәртебесі емес, жолаушының жасы.
Қоғамдық көліктегі жеңілдік әр қалада әртүрлі
Қоғамдық көлік мәселесінде Қазақстандағы барлық студентке ортақ бірыңғай тариф жоқ. «Білім туралы» заңда жергілікті атқарушы органдардың мәслихатқа білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне қатысты ұсыныс енгізу құзыреті қарастырылған. Сондықтан студентке берілетін жеңілдік қалаға және жергілікті ережелерге қарай ерекшеленуі мүмкін.
Мысалы, Астанада білім беру ұйымдарында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Ол үшін мектеп көлік картасын пайдалану қажет. Ал 18 жастан асқан адамның студент болуының өзі елордадағы автобуста автоматты түрде тегін жүруге құқық бермейді. Тегін жол жүруге құқығы бар ересек азаматтардың жекелеген әлеуметтік санаттары бөлек белгіленген.
Сондықтан басқа қаладан оқуға келген студент өзінің қаласындағы қоғамдық көлік операторы немесе әкімдік белгілеген тарифтерді жеке тексергені дұрыс.
Музейлерде студенттік билет ақша үнемдеуге көмектеседі
Студенттік билеттің пайдасы мәдени орындарға барғанда да байқалады. Қазақстандағы бірқатар мемлекеттік музей студенттер үшін арнайы тариф белгілейді. Мәселен, Алматыдағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде ересектерге негізгі экспозицияны тамашалау құны 1 500 теңге болса, студенттерге билет 700 теңге тұрады. Жеңілдікті пайдалану үшін студент мәртебесін растайтын құжат қажет.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіруде де студенттер үшін бөлек баға белгіленген. 2026 жылғы 10 маусымнан бастап Қазақстан азаматтары үшін ересектер билеті 1 000 теңге, ал студенттер мен зейнеткерлер үшін 500 теңге болып белгіленді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты басқа да республикалық мемлекеттік мекемелердің тарифтерінде студенттер мен зейнеткерлерге ересектерге қарағанда төмен баға белгіленген жағдайлар бар.
Дегенмен Қазақстандағы барлық музей мен театрда бірдей көлемдегі студенттік жеңілдік бар деуге болмайды. Билет бағасын әр мекеменің ресми ресурсы арқылы нақтылаған жөн.
Жатақхана да студенттерді қолдаудың бір бағыты
Жатақхана мәселесі тікелей «жеңілдік» саналмағанымен, студенттерге көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі. Қазақстанда жаңа студенттік жатақханалар салуды ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс тетігі қолданылады. Жеке инвестор жатақхана салып немесе ғимаратты қайта жаңартып, оны студенттерге ұсынған жағдайда мемлекет белгілі талаптарға сәйкес шығынның бір бөлігін өтейді.
Бұл механизмнің мақсаты – ЖОО мен колледж студенттеріне арналған орын санын көбейту. Алайда мемлекеттік тетіктің болуы барлық студент жатақханада тегін тұрады дегенді білдірмейді. Жатақханаға орналастыру тәртібі, ай сайынғы төлем және жеңілдік санаттары оқу орнына қарай ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан студенттер университетке түскен кезде тек жатақхана бар-жоғын емес, әлеуметтік санаттарға арналған жеңілдіктер қарастырылған-қарастырылмағанын да нақтылағаны дұрыс.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды