30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыЖасанды интеллект сайлау науқандарының жаңа құрамдас бөлігіне айналып, саяси контент өндіру тәсілдерін өзгертіп қана қоймай, сайлау үдерісіне деген сенімге қатысты жаңа тәуекелдерді де туындатып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматыда ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңында қоғам қайраткері Ерлан Смайлов мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктерінің бірі – саяси партиялардың генеративті жасанды интеллект құралдарын белсенді қолдануы. Бұл әсіресе медиаконтент өндіру саласында айқын байқалады. Өйткені жаңа технологиялар контент әзірлеуге кететін уақыт пен қаржылық шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Нейрондық желілерді баяндамалар мен мәтіндер әзірлеуге, партиялардың бағдарламаларын талдауға, үгіт-насихат материалдарын, пікірлерді, кескіндерді, аудио және бейнематериалдарды жасауға пайдалануға болады. Нәтижесінде саяси контент өндіру үдерісі жылдам әрі қолжетімді бола түсуде.
Жасанды интеллект бүгінде жай ғана жаңа технология емес – ол мемлекеттік күн тәртібінің, қоғамдық пікірталастың және тікелей саяси бәсекенің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл үрдіс сайлауалды бағдарламалар деңгейінен-ақ байқалады, – деді Ерлан Смайлов.
Сарапшының айтуынша, ЖИ тақырыбы партиялардың теледебаттары барысында да көтерілуде. Мәселен, саяси партиялардың бірінің бағдарламасында кемінде 5 млн қазақстандықты жасанды интеллект құралдарын қолдануға оқыту және ЖИ негіздерін мектеп бағдарламасына енгізу міндеті қойылған. Бұл жаңа технологияларға деген көзқарастың біртіндеп саяси күн тәртібі мен партиялар арасындағы бәсекенің дербес элементіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар генеративті жасанды интеллекттің кең таралуы жаңа тәуекелдерді де туындатады. Контент өндірудің жеңілдеуі дезинформация мен дипфейктерді таратуға, сондай-ақ қоғамдық пікірді манипуляциялауға қосымша мүмкіндік береді. Смайловтың айтуынша, мұндай технологиялар жекелеген кандидаттардың, сайлау науқанының және мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіру мақсатында пайдаланылуы мүмкін.
Қазіргі сайлау науқаны жасанды интеллект бірден екі қырынан көрініс табатын алғашқы науқандардың бірі болуы мүмкін: бір жағынан, ол саяси уәделердің тақырыбына айналса, екінші жағынан, саяси күрестің технологиялық құралы ретінде қолданылуда. Сондықтан мәселе енді ЖИ-дің сайлауда қолданылу-қолданылмауында емес, технологиялық даму саяси ақпаратқа және жалпы сайлау үдерісіне деген сенімге нұқсан келтірмеуі үшін оны пайдаланудың қандай қағидалары мен ережелері қалыптасуы керектігінде, – деп атап өтті сарапшы.
Ерлан Смайлов ЖИ-дің дамуы сайлау үдерісінің алдына қойып отырған үш негізгі сын-қатерге тоқталды.
Бірінші сын-қатер сенім мәселесімен байланысты. Сайлаушы үшін саясаткердің шынайы мәлімдемесін жасанды түрде жасалған немесе өзгертілген контенттен ажырату барған сайын қиындай түсуде. Қазірдің өзінде интернет кеңістігінде партия жетекшілерінің, шоу-бизнес өкілдерінің бейнесі мен есімдері дезинформация таратуға бағытталған роликтерді жасауда пайдаланылған жағдайлар тіркелген. Олардың қатарында Баян Алагөзова, Ермұхамет Ертісбаев, Айдарбек Ходжаназаров және басқа да тұлғалар бар. Осыған байланысты тиісті теріске шығаруларды Бас прокуратура, Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы және аталған тұлғалардың өздері жариялаған.
Екінші сын-қатер жалған және дәйексіз материалдарды өндіру мен таратқаны үшін жауапкершілікке қатысты. Жасанды интеллектіні пайдалану мұндай контент үшін кімнің жауап беруі тиіс екенін анықтауды күрделендіреді: сұранысты қалыптастырған автор ма, контентті пайдаланушы ма, оны таратқан тұлға ма, технологиялық платформа ма, әлде оны әзірлеген компания ма?
Үшінші сын-қатер қоғамның жаңа ақпараттық ортаға дайындығымен байланысты. Сарапшының пікірінше, бұл мәселені тек заңнамалық реттеу арқылы шешу жеткіліксіз. Генеративті технологиялар кеңінен тараған сайын азаматтардың ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау, дереккөздерді тексеру және манипуляциялық контентті ажырата білу қабілетінің маңызы арта түседі.
ЖИ сауаттылығы мен сыни ойлауды дамыту бүгінде тек білім беру саласының ғана емес, саяси күн тәртібінің де маңызды міндетіне айналып отыр, – деп атап өтті Смайлов.
Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда жасанды интеллектіні қолданудың заңнамалық және этикалық негіздері қалыптасқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл саяси және ақпараттық кеңістікте жаңа технологияларды ықтимал деструктивті мақсатта пайдалануды шектеуге мүмкіндік береді.
Ерлан Смайловтың пікірінше, технологиялардың қоғам өміріне кеңінен енуі қазіргі сайлау науқанын бұған дейінгі науқандардан түбегейлі ерекшелендіріп отыр. Жасанды интеллект саяси коммуникация құралдарын өзгертіп қана қоймай, партиялардың бағдарламаларының мазмұнына және ақпараттық тәуекелдердің сипатына да ықпал етуде. Бұл өз кезегінде отандық саяси технологиялардың дамуының жаңа кезеңін қалыптастыруда.
«Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы 13 тамызда Алматы қаласында өтті. Іс-шараны ҚР Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Талқылауға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысты. Онлайн форматта пікірталасқа Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылар қосылды.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды