ЖИ сабақтары: Павлодар мен Қызылордада пилоттық жоба іске қосылды

ЖИ сабақтары: Павлодар мен Қызылордада пилоттық жоба іске қосылды

Аян Қайырбаев
Фото: gov.kz

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ауылдық шағын жинақты мектептердің білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаның алғашқы қатысушылары Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп болды.

Жобаның іске қосылуы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылды. Мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойған болатын.

Алғашқы сабақты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. Жаслан Мәдиев ашты.

«Бүгін сіздер елімізде алғашқылар болып ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасының көмегімен оқуды бастап отырсыздар. Бұл – үлкен мүмкіндік. Алайда білім алудағы ең бастысы – сіздердің білуге деген құштарлықтарыңыз, еңбектеріңіз және жаңа нәрсені үйренуге деген ынталарыңыз. Оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тілеймін. Алда сіздерді көптеген қызықты жаңалықтар күтіп тұрғанына сенімдімін», – деді Жаслан Мәдиев.

Ауыл мектептерінің оқушыларына сабақтарды Астана қаласының жетекші педагогтері өткізеді. Ол үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының базасында арнайы студия жабдықталған. Мұғалім сабақты тікелей эфирде өткізіп, ауыл мектептерінің оқушылары оған цифрлық платформа арқылы қосылады. Мектептерде оқушыларға онлайн және офлайн оқытуды үйлестіре жүргізетін жергілікті педагогтер көмектеседі.

Платформа тікелей оқытуды, заманауи білім беру контентін және жасанды интеллект құралдарын біріктіреді. Бұл формат ауыл мектептері оқушыларының білікті педагогтердің сабақтарына қолжетімділігін арттырып, қала мектептері мен шағын жинақты ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтуға мүмкіндік береді.

Пилоттық жобаны әзірлеу барысында жасанды интеллект саласындағы әлемдегі жетекші сарапшылардың бірі, доктор Кай-Фу Лидің ұсынымдары ескерілді.

21-25 тамыз аралығында Астанада педагогтерге арналған бес күндік ALFA Kazakhstan Teacher Training Camp тренингі өткізілді. Мұғалімдер жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу және бірлескен оқыту моделі бойынша дайындықтан өтті.

Жоба Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Q.AI және 01.AI компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша платформа оқыту нәтижелері мен педагогтер мен оқушылардың кері байланысы негізінде жетілдірілетін болады. Алдағы уақытта жобаны еліміздің басқа да өңірлері мен мектептеріне кеңейту жоспарланып отыр. 

Оқи отырыңыз

{