Қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда жасанды интеллектіні пайдалану әлем елдерінің күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде көптеген мемлекеттер тәртіпті бақылауды смарт-бейнебақылау жүйелері арқылы жүзеге асырады. Осындай технологияларды кеңінен қолданатын елдердің көш басында Қытай, АҚШ және Германия тұр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы, «24KZ» телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Халықаралық талдау нәтижелерін жариялаған Precise Security сайтының мәліметінше, дүниежүзіндегі ең ауқымды бейнебақылау жүйесі Қытайда орнатылған. Елдің кез келген нүктесінен бақылау камерасын көруге болады. Мұндай жүйе жол ережесін бұзушыларды, тіпті мектеп оқушыларының сабақтан қалуын анықтауға дейін қолданылады.
Қазіргі таңда Қытайда 600 миллионнан астам камера жұмыс істейді. Барлық құрылғылар жасанды интеллект, компьютерлік көру және мәліметтер базасына негізделген талдау бағдарламаларына қосылған. Егер камера қылмыскерді немесе іздеудегі адамды таныса, жүйе бірден полицияға хабар жіберіп, оның нақты орналасқан жерін картада көрсетеді.
Камералардың жалпы саны бойынша Қытай алда болғанымен, АҚШ-та бейнебақылау құрылғылары тұрғындар санына шаққанда ең көп. Елде 50 миллионнан астам камера бар.
Жасанды интеллект тіпті адамның физиологиялық белгілерін, жүрек соғысын, тері электрлік белсенділігін, тыныс алуын талдау арқылы күмәнді әрекеттерді алдын ала анықтай алады.
Қазірдің өзінде көше тәртібін күзететін ЖИ бақылау камераларына 36 ел тапсырыс берген.
Бұған дейін, елімізде мыңға жуық қылмыс дәл осы ЖИ көмегімен анықталғанын хабарлаған едік.