20.04.2026
09:01
210
Жаңалықтар

ЖИ хит әндер шығарып жатыр: музыкада жаңа дәуір басталды ма?

Жасанды интеллект музыка индустриясына қарқынды еніп жатыр. Бүгінде оның көмегімен ән жазып қана қоймай, өңдеп, тіпті орындатуға да мүмкіндік бар. Бұрын ұзақ уақыт пен еңбекті қажет ететін дүние қазір әлдеқайда тез жүзеге асады. Мұндай мүмкіндіктер артқан сайын ЖИ музыка саласындағы мамандардың орнын басып алмай ма, әлде жанды музыканың орны бәрібір бөлек пе?

«ЖИ – идея алатын құрал, бірақ сезім бере алмайды»

Композитор, музыка әрлеуші, әнші Серғазы Нұржанұлы жасанды интеллекті шығармашылықта толық алмастырушы емес, көмекші құрал ретінде көреді. Оның айтуынша, ЖИ жұмысты жеңілдетіп, идея табуға көмектеседі, бірақ адам сезімін жеткізе алмайды.

Жасанды интеллекттің пайдасы көп, жұмысты жеңілдетеді. Кейде идея алу үшін қолданамыз. Бірақ оның зияны да бар. Себебі бір тапсырма берсеңіз, бірнеше секундта дайын ән жасап, өңдеп береді. Бұл, әрине, композитор мен музыка әрлеушінің еңбегінің құнын түсіруі мүмкін, – дейді ол.

Соған қарамастан, Серғазы ЖИ-дің мүмкіндігін толық жоққа шығармайды. Оның пікірінше, дұрыс қолданса, бұл құрал шығармашылыққа тың серпін береді.

Жақсы мақсатта қолданса, неге пайдаланбасқа? Тыңдарманға ұнап жатса, әрине қолдаймыз. Бірақ бәрібір жанды дауыс, жанды аспаптың орны бөлек. ЖИ орындауы – робот сияқты, жүрегі, жаны жоқ, – дейді ол.

Тыңдарман талғамы қандай?

Қазір ЖИ арқасында ән жасау әлдеқайда жеңіл болды. Бұрын айлап жасалатын жұмыс қазір бірнеше минутта дайын болуы мүмкін. Пайдасы бар, бірақ кері тұстары да жоқ емес.

Серғазы Нұржанұлы бұл үрдіс шығармашылықтың бағасына әсер етуі мүмкін екенін жасырмайды. Оның сөзінше, кәсіби маман мен ЖИ жасаған жұмыстың айырмашылығы әлі де анық байқалады.

ЖИ жасаған әуеннің дыбысы кейде анық шықпайды, өңдеуге қиын болады. Ал адам қолынан шыққан туындыда сапа да, жылулық та бар. Жанды орындаудың әсерін ештеңе алмастыра алмайды, – дейді ол.

Дегенмен ол тыңдарман талғамы екіге бөлінуі мүмкін екенін айтады. Бірі жылдам әрі жеңіл контентті таңдаса, енді бірі сапа мен жанды орындауды іздейді.

«Қазақстанға жаңа тренд әкелгім келді»

Ал ЖИ-мен әндерді жаңаша өңдеп, әлеуметтік желілерде кеңінен танылып жүрген Бағжан Жанабілов бұл бағытты жаңа мүмкіндік ретінде қабылдайды. Ол бұл идеяны шетелдік трендтен көріп, Қазақстанға енгізгенін айтады.

TikTok-та 50 Cent, Eminem, Snoop Dog секілді танымал әртістердің әнін 1950-1960 жылдардағы Jazz, Blues, Soul жанрларында өңдеп жатқанын көрдім. Бізде ондай ешкім жасамаған соң, «неге осыны Қазақстанға әкелмеске?» деп ойладым. Сөйтіп Suno-мен жұмыс істей бастадым, – дейді ол.

Бағжан қысқа уақыт ішінде 300-дей ән өңдеп үлгерген. Соның ішінде Ерболат Құдайбергеновтің «Ләззат алауы», Musicola-ның «Сен мұңыңды бер», Shiza-ның «Shym», Ғаділбек Жаңайдың «Жылама жаным» секілді туындылары тыңдарман арасында кеңінен танымал болды.

Чарттарға кіріп, осындай деңгейде таралады деп күтпедім. Бірақ адамдардың қабылдағаны қуантады, – дейді ол.

«ЖИ – автор емес»

Бағжан Жанабілов жасанды интеллектті шығармашылық иелеріне қауіп емес, керісінше құрал ретінде бағалайды. Оның пікірінше, басты рөл бәрібір адамда қалады.

Жасанды интеллект – автор емес. Ол өздігінен ойлап таба алмайды, оған бағыт беретін адам керек. ЖИ тек процесті жылдамдатады, идеяны жүзеге асыруға көмектеседі. Ал негізгі идея мен сезім – адамнан шығады, – дейді ол.

Сонымен қатар, ол ЖИ арқылы кез келген адамның дауысын жасауды аса қауіпті деп санамайды.

Ондай видеолар көбіне жай ермек сияқты. Бірақ орынсыз қолданса, заң мәселесі туындауы мүмкін. Ал әншілердің орнын толық басады дегенге әзірше сенбеймін, – дейді ол.

ЖИ – жаңа дәуір ме, әлде уақытша тренд пе?

Сарапшылардың пікірінше, ЖИ музыка индустриясына түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін. Бірақ бұл өзгерістің қалай болатыны – тыңдарман мен авторлардың таңдауына байланысты.

Серғазы Нұржанұлы бұл үрдісті жаңа кезеңнің бастауы деп есептейді.

Музыканың жаңа дәуіріне кіріп жатырмыз деп ойлаймын. Бірақ бұл уақытша ма, әлде ұзаққа созыла ма – оны уақыт көрсетеді. Тыңдарман таңдауы екіге бөлінуі мүмкін, әркім өзіне ұнағанын тыңдайды, – дейді ол.

Ал Бағжан Жанабілов үшін басты мәселе – технологияны дұрыс пайдалану.

Өзгерістер қазірдің өзінде басталып кетті. Ең маңыздысы – оны қалай қолданатынымыз. Себебі ЖИ – тек құрал, – дейді ол.