ЖИ еңбек нарығын қалай өзгертті? Болашақта тәжірибеден гөрі дағды маңызды бола ма?

ЖИ еңбек нарығын қалай өзгертті? Болашақта тәжірибеден гөрі дағды маңызды бола ма?

Фото: AI көмегімен жасалды

Жасанды интеллект негізіндегі сервистер еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр.

Егер бұрын жұмысқа қабылдау кезінде негізгі назар түйіндемедегі жұмыс тәжірибесіне аударылса, бүгінде жұмыс берушілер үміткердің жаңа білімді қаншалықты тез меңгеретініне, өзгерістерге бейімделу қабілетіне және нақты дағдыларына көбірек мән бере бастады.

Бұл үрдіс алдағы жылдары одан әрі күшейе түседі. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамынша, 2030 жылға қарай қазіргі кәсіби дағдылардың 44 пайызы жаңартуды қажет етеді. Сондықтан қайта даярлықтан өтіп, жаңа құзыреттерді меңгеру енді артықшылық емес, табысты мансаптың басты шартына айналып келеді.

Жұмыс іздеу тәсілі өзгеріп жатыр

Бұрын жұмыс іздеу кезінде түйіндемедегі кілт сөздердің бос жұмыс орны сипаттамасымен дәл сәйкес келуі маңызды болатын. Қазіргі жасанды интеллект жүйелері мүлде басқа қағидамен жұмыс істейді.

Енді алгоритмдер лауазым атауына емес, адамның қандай міндеттерді атқарғанына, қандай тәжірибе жинақтағанына және қандай дағдыларды қолданғанына назар аударады.

Соның арқасында жұмыс іздеушілер әрбір бос орынға арнап түйіндемесін қайта өңдеуге міндетті емес. Жүйеге қандай қызметте жұмыс істегісі келетінін немесе қандай міндеттерді орындағысы келетінін сипаттаса жеткілікті. Жасанды интеллект оған сәйкес келетін ұсыныстарды автоматты түрде іріктеп береді.

Мысалы, шетелде LinkedIn платформасы пайдаланушының профилін талдап, жұмыс берушілердің талаптарымен сәйкес келетін дағдыларды анықтайтын ЖИ-көмекшісін іске қосқан.

Мансапты да жасанды интеллект жоспарлайды

Қазіргі рекрутинг платформалары жұмыс табумен ғана шектелмейді. Олар пайдаланушының кәсіби дамуын бақылап, қай бағытта білімін жетілдіру керектігі жөнінде ұсыныстар береді.

Мұндай сервистер үміткердің қазіргі деңгейін бағалап, оған лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады, сондай-ақ қандай курстардан өтіп, қандай дағдыларды дамыту қажет екенін көрсетеді.

Сөйтіп, жұмыс іздеу бір реттік процесс емес, адамның кәсіби дамуын үздіксіз сүйемелдейтін жүйеге айналып келеді.

Жұмыс берушілер енді нақты дағдыны бағалайды

Жасанды интеллект HR саласына тереңірек енген сайын жұмыс берушілердің талаптары да өзгеріп жатыр.

Қазір көптеген компания үшін үміткердің түйіндемесінде қандай бағдарламаларды білетіні емес, сол құралдарды нақты жағдайда қалай қолданатыны маңызды.

Оқи отырыңыз:

Сондықтан сұхбат кезінде кандидаттан экранын көрсетіп, белгілі бір тапсырманы орындауды немесе жасанды интеллект көмегімен нәтижеге қалай қол жеткізгенін түсіндіруді сұрауы мүмкін.

Мұндай тәсіл технологияны үстірт меңгерген маман мен оны кәсіби деңгейде пайдалана алатын қызметкерді ажыратуға мүмкіндік береді.

Адамға тән қабілеттердің құны артып келеді

Жасанды интеллект көптеген күнделікті жұмысты автоматтандырғанымен, адамға тән қасиеттердің маңызы кеміген жоқ.

Керісінше, көшбасшылық, эмоционалдық интеллект, келіссөз жүргізу, командамен жұмыс істеу және эмпатия секілді қабілеттер бұрынғыдан да жоғары бағалана бастады.

Өйткені есеп дайындау, ақпарат іздеу немесе деректерді өңдеу сияқты жұмыстарды нейрожүйелер орындай алады. Ал адамдармен қарым-қатынас орнату мен күрделі шешім қабылдау әзірге адамның басты артықшылығы болып қала береді.

Дипломнан бұрын дағды бағаланады

Еңбек нарығында skills-based hiring деп аталатын жаңа тәсіл кең таралып келеді. Бұл модельде жұмысқа қабылдау кезінде диплом немесе атақтан бұрын адамның нақты кәсіби дағдылары бағаланады.

Сарапшылар пікірінше, академиялық білім еңбек нарығындағы өзгерістерге қарағанда баяу жаңарады. Сондықтан жұмыс берушілер үйренуге бейім, әлеуеті жоғары мамандарды таңдап, кейін қажетті білімді жұмыс барысында меңгерткенді жөн көреді.

Яғни қазіргі еңбек нарығында адамның бұрын қайда жұмыс істегенінен гөрі, нені меңгергені және жаңа білімді қаншалықты тез игере алатыны маңыздырақ бола бастады.

Жұмсақ дағдыларды да ЖИ үйретеді

Бүгінде келіссөз жүргізу, көпшілік алдында сөйлеу немесе жанжалдарды шешу сияқты жұмсақ дағдыларды дамытуға арналған жасанды интеллект негізіндегі тренажерлер көбейіп келеді.

Мұндай платформалар жұмыс барысында кездесетін түрлі жағдайларды модельдеп, пайдаланушыға қауіпсіз ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Мәселен, қызметкер тапсырыс беруші алдында жобасын қорғауды немесе команда ішіндегі келіспеушілікті шешуді жаттықтыра алады.

Бағдарлама сөйлесу мәнерін талдап, жіберілген қателіктерді көрсетеді және оларды қалай түзетуге болатыны жөнінде кеңес береді.

Болашақ – дағды экономикасының қолында

Сарапшылар пікірінше, жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығын жаңа кезеңге алып келді. Енді мансаптағы табыс тек жұмыс тәжірибесімен немесе дипломмен өлшенбейді.

Басты көрсеткіш – жаңа технологияларды тиімді пайдалану, кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіру және адамның орнын әлі баса алмайтын қабілеттерді дамыту.

Сондықтан алдағы жылдары еңбек нарығында ең сұранысқа ие мамандар – жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын әрі сонымен қатар көшбасшылық, креативтілік және адамдармен тиімді қарым-қатынас орната білетін мамандар болмақ.

Бұған дейін Қазақстанда ең жоғары жалақыны кімдер сұрайтыны туралы жазғанбыз

Оқи отырыңыз

{