28.04.2026
12:00
236
Жаңалықтар

ЖИ дәуірі келді: өндіріс пен құрылыс толық бақылауға алына ма?

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында жасанды интеллекті салаға бейімдеу барысы туралы айтты. Ол геология саласында  архив деректерін электронды форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Big Data жүйесінде жинақталып жатыр

Бүгінде геологиялық ақпараттың 97%-дан астамы, яғни шамамен 250 терабайт дерек цифрландырылды. Жұмысты жеделдету үшін архив материалдарын автоматты өңдеп, геологиялық модельдер қалыптастыратын жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Цифрланған деректер бірыңғай Big Data жүйесінде жинақталуда. Қазірде жүйеге 1 терабайт дерек жинақталып, олар жасанды интеллект арқылы өңделіп, іріктелуде, – деді министр Нағаспаев.

Құрылыс саласында да жасанды интеллект жүйеге түскенін, бұл тұрғыдан алғанда компаниялармен бірлесе іске кіріскенін атап өтті. 

Құрылыс саласында жасанды интеллект жобалаудан бастап, құрылыс барысын бақылауға дейінгі барлық кезеңдерде енгізілуде. Жоспарлау және құрылыс кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен нақты жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін machine vision технологиясы мен жасанды интеллектіні біріктірген пилоттық жоба іске қосылды. Сонымен қатар «Қазақтелекоммен» бірлесіп, қалалардың digital twins моделін жасау үшін дрон қолдану жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, «Қазақстан тұрғын үй компаниясында» machine vision технологиясын қолданатын видеомониторинг жүйесі енгізілген. Ол техника қозғалысын, жұмыс күшін пайдалануын және құрылыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құрылысқа толық әрі үздіксіз бақылау қамтамасыз етіледі, – деді ол.

Компаниялар білек сыбана кірісті

Өнеркәсіпте жасанды интеллект қазірдің өзінде өнім сапасын бақылау мен өндірісті тиімді етуге септігі тиіп жатқанын жеткізді.

Тау-кен саласында да жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізіліп жатыр. 

Мысалы, танымал кәсіпорындардың бірінде цифрлық оператор көмекшісі енгізілген. Ол өндірістік көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде талдап, диспетчерлер мен машинистерге ұсыныстар береді. Жүйе видеостеналар мен планшеттер арқылы іске асырылған. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, өндіріс шығындарын азайтады, – деді министр. 

Сонымен қатар Ерсайын Нағаспаев бұдан әрі жасанды интеллектіні енгізу жұмыстарын жалғастырып, осы салалардың тиімділігін арттыруға және инвестиция тартуға бағыттайтынын хабарлады.