Желіде хит болған ата: 87 жастағы зейнеткер 30 жастағы бапкерді таңғалдырды

Желіде хит болған ата: 87 жастағы зейнеткер 30 жастағы бапкерді таңғалдырды

Көктем Қарқын
Фото: instagram.com/dias_r11sport

Астанада 87 жастағы зейнеткер Мелс Молдағалиев пен 30 жастағы фитнес-жаттықтырушы Диас Абдрахмановтың спорттық челленджі әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бірнеше күннің ішінде видео 30 мыңнан астам лайк жинап, мыңдаған пікірге ие болды.

Қандай челендж?

Челлендж барысында қатысушылар бес түрлі жаттығуды орындады. Олардың қатарында салмақпен және салмақсыз қолды бүгіп-жазу, турникке тартылу және спорттық құралдармен еңкею жаттығулары болды. Кейбір тапсырмаларда жас жаттықтырушы қарияның нәтижесін қайталай алмай, оның физикалық дайындығына тәнті болғанын жасырмады.

Диас Абдрахманов видеода:

Ескі мектептен үйренейік. Мелс атаның 87 жасы оған мықты жаттығуларды орындауға кедергі емес, – деп жазды.

Желі қолданушыларының пікірі

Видеодан кейін желі қолданушылары да Мелс Молдағалиев туралы естеліктерімен бөлісті. Көпшілігі оны тек спортшы емес, ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеген ұстаз ретінде танитынын айтты.

Құрметті Мелс – Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстанда бірегей адам деп ойлаймын. Тіпті жас спортшылардың өзі онымен бәсекелесе алмайды. Таңданысым шексіз, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір пікірде:

Мелс Молдағалиев – математика пәнінен сабақ берген. Нағыз ер азамат! Сізге күш-қуат пен зор денсаулық тілеймін, – делінген.

Өзін Мелс атаның алғашқы шәкірттерінің бірі ретінде таныстырған қолданушы оның талапшыл мінезін еске алды.

Алғашқы жаттығудан кейін аппендицитке күдікпен балалар ауруханасына түсіп қалдым. Жаттығудың ауырлығынан бұлшық етім түйіліп қалған екен. Бірақ дәл сол кісінің арқасында жүзуді үйрендім. Әкем екеуі мені қолымнан, аяғымнан ұстап, жағадан он метрдей жерге лақтырып жіберетін. Осылайша жүзуді меңгердім. Мелс аға қыстың қақаған аязында да бір костюммен мектепке келетін. Нағыз темірдей адам, – деп жазды ол.

Пікірлер арасында әзіл де аз болған жоқ. Бірі «Енді осы кісінің кесірінен зейнет жасын өсіріп жібермесе болды» десе, енді бірі «Мелс атаға 10 лайкты қалай қоюға болады?» деп жазған.

Көпшілік бұл оқиға жастың тек сан екенін, ал денсаулық пен физикалық белсенділік тұрақты еңбектің нәтижесі екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін айтып, Мелс атаның өмір салтын жастарға үлгі етті.

Оқи отырыңыз

{