Желі жұлдызына айналған желаяқ оператор: Ыбырай Төлемісов қалай танымал болды?

Желі жұлдызына айналған желаяқ оператор: Ыбырай Төлемісов қалай танымал болды?

Көктем Қарқын
Фото: AI көмегімен жасалды

Әлеуметтік желіде соңғы күндері ерекше видео қызу талқыланып жатыр. Онда оператор жарысқа қатысқан спортшылармен қатарласа, тіпті олардан бір қадам алда жүгіріп, түсірілім жасап барады. «Желаяқ оператор» атанған Ыбырай Төлемісов қайда жұмыс істейді? 40 жастағы мобилографтың ұстанымы қандай. El.kz интернет порталы бұл сұрақтардың жауабын өзінен сұрады.

Бір тәулікке жетпейтін уақытта бейнеролик 500 мыңнан астам қаралым жинап, мыңдаған пікірге арқау болды. Желі қолданушылары оны «желаяқ оператор» деп атап кетті.

Негізгі мамандығы – мұнайшы

Видеодағы кейіпкер – Шымкент қаласы Бұқаралық спортты дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының операторы Ыбырай Төлемісов. Оның айтуынша, жұртшылықты таңғалдырған жүгіріс – жұмысының ажырамас бөлігі.

Шымкент қаласы Бұқаралық спортты дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының операторымын. Осыдан 10-15 жыл бұрын кино, клип түсіріп жүрдім. Спортпен бұрыннан бері айналысамын. Ал негізгі мамандығым – мұнай химиясы. М.Әуезов атындағы техникалық университетті бітіргенмін, – дейді ол.

Қалалық велоқауымдастықты басқарады

Ыбырайдың айтуынша, спорттық жарысты сапалы түсіру үшін оператордың физикалық дайындығы да жоғары болуы қажет.

Фото: Ыбырай Төлемісов

Кейде спорттық шараларда ондаған шақырым жүгіріп түсірілім жасаймын. Өзім күн сайын 5-10 шақырым велосипед тебемін, 1-2 шақырым жүгіремін. Бұл – денсаулығым үшін. Ал жұмыс барысында спортшылармен бірге жүгіруге тура келеді. Себебі динамикалық видео түсіру үшін оператор бәріне дайын болуы керек. Спортты түсіретін оператор спортшының ойлау траекториясын білуі керек. Сондықтан сапалы контент үшін әр жарысты алдын ала ойланып жүріп түсіремін, – дейді ол.

Қазір Ыбырай Төлемісов Шымкент қаласының велоқауымдастығын басқарады. Веломарафондар ұйымдастырады, бұрын триатлон жарыстарына қатысқан. Аптасына екі күн тауға шығып, бос уақытында туристерге гид қызметін көрсетеді. Маршрут құрып, табиғат аясында видео түсіруге де көмектеседі.

Үнемі ізденіс үстінде

Әлеуметтік желіде тараған бейнероликтен кейін Ыбырай Төлемісов бір күннің ішінде көпшілікке танылды. Оның спортшылармен қатарласа жүгіріп түсірілім жасаған шеберлігіне жұртшылық қана емес, шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдары да қызығушылық танытты. Бірінен соң бірі сұхбат алып, кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігін жоғары бағалады.

Фото: Ыбырай Төлемісов

Алайда аяқасты келген танымалдық Ыбырайды өзгерткен жоқ. Ол мұны жай ғана өз жұмысының бір бөлігі деп қабылдап, бұрынғыдай спорттық жарыстарды түсіріп, кәсіби шеберлігін шыңдауды жалғастырып келеді.

Өз өмірімді басқалармен салыстырмаймын. Бүгінгі Ыбырай кешегіден мықты болуы керек. Операторлық пен мобилографияны үнемі оқып, үйреніп жүремін. Әсіресе шетелдік операторлардың тәжірибесін зерттеймін. Өйткені біздің өңірде спорттық іс-шараларды түсіру әлі толық дамымаған, – дейді ол.

Ыбырайдың пікірінше, сапалы кадр түсіру үшін міндетті түрде қымбат техника қажет емес.

Мобилография мен операторлық жұмыстың еш айырмасы жоқ. Қолыңызда кәсіби камера болсын немесе телефон болсын, бірдей сапалы кадр түсіруге болады. Барлығы оператордың ойлау қабілетіне, тәжірибесіне және біліктілігіне байланысты, – дейді Ыбырай Төлемісов.

Әлеуметтік желіде тараған бірнеше секундтық видео көпшілікке оның шапшаңдығын көрсеткенімен, оның артында жылдар бойы жинаған тәжірибе, спортқа деген қызығушылық және өз ісіне деген адалдық жатыр. Сондықтан жұртшылықтың оны «желаяқ оператор» деп атауы – кездейсоқ емес.

Оқи отырыңыз

{